1986 жылғы дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы мен 1991 жылы еліміздің тәуелсіздігін алуы теңіз астындағы булыққан алапат күштің әсерімен бірін бірі қуалай келіп жағаға соққан алып теңіздің буырқанған толқындарындай еді. Кеше
Жерді қақ айырып жарып жіберердей шартылдаған найзағайдан кейінгі жауған жауынмен дүркіреген көк шөптей, Қостанайда қазақ рухы асқақтап аспанға көтерілді. 1989 жылы Қостанай педагогикалық институтының ректоры Зұлқарнай Алдамжаров орыс филологиясы факультетінің қазақ бөлімшесін ашты. Ал 1992 жылы осы оқу орны университетке айналғанда қазақ филологиясы факультетіне алғашқы талапкерлерді қабылдады. Сонда өздері шығарған қабырға газетінің бетінде болашақ мамандар ана тіліміз туралы ой-толғамдарын жазып тұратын. Студенттер қабырға газетінде ақ параққа түбінен кесілген діңі жуан ағашты бейнелеген. Әлгі кеспелтектің айналасынан қылтиып жас жапырақтар бүр жарып, көтеріліп келді. Сол жапырақ шыққан жерден жас шыбықтар өсіп, кейін бұтаққа айналып, емен ағашы қайтадан жайқаларына жүрегіңді имандай сендірер еді әлгі сурет. Кәнігі суретші емес, осы өнерге әуесқойлығы ғана бар студенттің шынайы ойынан туған бұл сурет өмір шындығымен астасып кеткендіктен де, тұсынан өткеннің жүрегін дір еткізіп, ұлттық қанын ойнатып жіберетін.
Расында, Қостанайдағы қазақ тілінің жағдайы тура әлгі суреттегі кесілген емен діңіндей болатын. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары тың көтергендегі табиғатқа жасалған ашкөздік айнадай жарқырап жататын сансыз көлді кептірді. Көлмен бірге қазақтың тілі жұтылғандай, орманы бұталғандай еді. Себебі тың игеруге қаптап келгендердің қасында қазақ азшылыққа айналып шыға келді де, тілдік орта жұтады. Саясат басқаны айтпағанда, жас ұрпақтың ана тілінде білім алу құқын белден бір-ақ басты, ауылдардағы қазақ мектептері жаппай жабылды. Бүгінде жасы сексенге таяған Жұмағазы Бекбосынов ақсақал сол оқиғалардың барлығының куәсі ғана емес, қазақ тілінің нағыз күрескері.
– 50-ші жылдардан басталған қазақ мектептерін жабу үдерісі 1986 жылға, Желтоқсан оқиғасына дейін тоқтаған жоқ. Тың жылдарынан бастап есептегенде тек Қостанай облысында барлығы 150-ден аса қазақ мектебі жабылды. Кеңес Одағы кезіндегі саясат қазақ тілін түбінен қырықты. Себебі, қазақша білім ошақтарын жабуды алдымен бірінші сыныптан бастап, қыркүйекте “Әліппе” ұстаған бүлдіршіндерді орыс мектебіне алғызды. Сонда бастауыш мектептер төрт жылда орыс мектебіне айналып шыға келді, ал бала саны азайғаннан кейін қазақ орта мектептері аз жылдың ішінде өзінен өзі жабылып отырды, – дейді Жұмағазы ағай.
1986 жылы қазіргі Торғай өңірін қоспағанда Қостанай облысында үш ғана орта мектеп, 11 орталау мектеп, 13 бастауыш, 23 аралас мектеп қалды. Соның барлығында небәрі 4398 бала оқыды. Әлгі үш орта мектептің бірі облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған мектеп-интернаты болатын. Оған білім ошағы жабылған қазақ ауылдарының балалары орналасты. Сонымен қатар, қазағы қалың отырған Әулиекөл ауданы орталығындағы мектеп пен Жітіқара қаласындағы мектеп-интернат әупіріммен жабылмай жұмыс істеді. Тың көтерілген жылдардан кейін еліміз тәуелсіздігін алғанша қазіргі Денисов, Қарасу, Қостанай, Таран, Федоров, Жітіқара аудандары мен Рудный, Лисаков қалаларында бірде-бір қазақ мектебі, қазақ сыныбы болмады. 1986 жылғы мәлімет бойынша облыста әрбір жүз қаракөз баланың оны ғана қазақ мектебінде, қалған тоқсаны орыс мектебінен білім алды.
Хрущевтің “орыс тілін неғұрлым меңгерген сайын коммунизмге де тезірек жетеміз” деген ділмарлығы санаға іркілмей сіңді. Қостанайдың орталығындағы Алтынсариннің қолының табы, табанының ізі қалған қазақ мектеп-интернатын алпысыншы жылдары облыс басшылары қаланың сыртына ығыстыру керектігін де ойластырғаны туралы әңгіме аға буын өкілдерінің арасында айтылып жүрді. Бірақ жыланды үш кессең де кесірткелік әлі қалады деген емес пе, әйтеуір тілдің киесі қолдады ма, ана тіліне шырылдаған патриоттардың жүгіруімен мектеп орнында қалды әрі жаңа ғимарат бой көтерді.
– Ұлттық рухымыз өшуге айналған еді. Несін жасырамыз, балаларымызды амалсыз орыс мектебіне бердік. Онсыз күн көру жоқ болды. Ана тілімізден айырылып бара жатқанымызды, мұның өзі ұлт ретінде тозып, жан-дүниенің жадауланып, рухымыздың жоғалуына әкелетінін менің көзі ашық замандастарымның барлығы да сезді. Мақтамен бауыздалғандай, буынғандай күн кешіп жүргенде, Желтоқсан найзағайы шарт ете қалды ғой, – дейді Жұмекең. – Содан 1987 жылы 3 наурызда Қазақстан Орталық Компартиясы мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің “Қазақстандағы қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы” қаулысы шықты. Халықтың толқуынан қорыққан Колбиннің “мен қазақ тілін бір жылдың ішінде үйреніп аламын” деп жүргені сонда емес пе?
Осы құжат облыста қазақ мектептері мен қазақ сыныптарын ашу жұмысының жандануына тамызық болды. Сол кезде облыстық білім беру басқармасында қызмет еткен Жұмағазы Бекбосынов, осы салада лауазымдық қызметте отырған марқұм Нұрқан Жиентаев, тағы басқа азаматтар қазақ мектептерін ашуға құлшына кірісті.
– Елуінші жылдары қазақ мектептері бірінші сыныптан бастап жабылса, енді сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдары қайтадан бірінші сыныптан бастап ашылды. Қараңызшы заңдылықты! Міне, көрмейсіз бе, түбінен қырыққан ағаш түбінен көктейді екен,–дейді тағы да Жұмағазы ағай.
Сол 1987 жылы алыстағы Қамысты ауданынының “Бестау” кеңшарына қарайтын Шөптікөл және Әулиекөл ауданындағы Қарақалпақ ауылдарындағы мектептерден қазақ сыныптары ашылды да, олар төрт жылдан кейін қазақ мектебіне айналды. Келер жылы ауылдардан үш бастауыш мектеп тағы ашылды. Содан кейін-ақ ашылған қазақ мектептерінің саны еселеп артты. 1989 жылы 12 мектеп ашылса, 1993 жылы олардың саны 34-ке жетті. Орысшаға айналған бұрынғы мектептерден қазақ сыныптары да көптеп ашылып, олардың саны 1993 жылы 166 болды. Кейін осының басым көпшілігі қазақ мектебіне айналды.
Қостанайдағы тұңғыш қалалық қазақ орта мектебінің ашылуы да бір тарих іспетті. 1990 жылы Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың бірінші сыныбына балалар қосымша алынды. Бұл мектептің ішінен ашылған мектеп сияқты болды. Орын тарлық еткеннен кейін артық алынған сыныптар орыс мектебіне көшірілді, біраз уақыттан кейін жергілікті билік оған №12 мектеп-гимназияның ғимаратын босатып берді. “Тарыдай боп кірген бүлдіршін таудай болып шыққан” он жылда қазақ мектебі де дамып, С.Мәуленов атындағы гимназия болып қалыптасты. Бұл Қостанай қалалық тұңғыш қазақ мектебі болатын.
– 90-шы жылдары бұл мектеп қаладағы зиялы қауым өкілдерінің аса ынтасымен, жаппай жұмылуымен ашылды. Бірақ қазақ тілінің өшіп бара жатқанына бойы үйренген, империялық пейілге суарылған ортаға бұл көрініс ұнай қоймады. Орыс мектебінің ғимаратына көшірілген қазақ сыныптарының терезесін сындырып кеткен оқиғалар болды. Орыс мектебін тартып алды деп даурықты біреулер. Қазақ мектебіне алғаш барған балалардың барлығы да жақсы оқыды,–дейді журналист Жайберген Болатов.
Бүгін
Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ардагер ұстаз Жұмағазы Бекбосынов айтқандай, 50-ші жылдардан бастап қырық жыл бойы қазақ мектептері жабылып келсе, 80-ші жылдардың аяғынан бастап бүгінге дейін мемлекеттік тілде оқытатын білім ошақтарының қатары артумен келеді. Бүгін Қостанай облысында 144 қазақ мектебі бар. Оларда 20 мыңнан астам бала білімге сусындауда. Былтыр облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат күрделі жөндеуден өткізіліп, оқушылар мен ұстаздар оқу жылының басында жаңа ғимаратқа кіргендей әсер алды. Ахмет Байтұрсыновтың туған ауылындағы орта мектепке (Жангелдин ауданы), Қамысты ауданындағы қазақ орта мектебіне және Қостанай ауданындағы Семенов аралас мектебіне жаңа ғимарат салынды. Ал жыл аяғында Рудный қаласында 900 орындық қазақ орта мектебі есігін айқара ашты. Тәуелсіздікке дейін Рудный қаласында бірде-бір қазақ мектебі түгіл, қазақ сыныбы болған емес еді. Бұл жаңа үлгідегі, іші заманауи жабдықтармен жабдықталған, балалар үшін бассейні де, бірнеше спорт залы, интерактивті тақтасы, компьютерлік сыныбы бар бірегей мектеп кеншілер қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін үшінші білім ошағы.
Соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Химия мен биология, математика, физика, лингафон, мультимедия кабинеттерінің жаңа үлгімен жасақталуы, интерактивті тақталар, көптеген білім ұяларының онлайн желісінде емін-еркін жұмыс істеуі осының айғағы. Қостанайлық қазақ мектептері “Қазақ мектебінде оқыған балалар уақыттан қалып қояды, орыс сыныбындағы оқушыларға қарағанда шабан” деген қаңқу сөздің күлін әлдеқашан көкке ұшырған. Білім сапасы қазақ мектептерінде 99,9 пайыз, ал бірыңғай ұлттық тестілеуден мемлекеттік тілде білім алған түлектердің көрсеткіші 77,86 пайыз, 22 түлек алтын ұяны “Алтын белгімен” тәмамдады. Қайсы жылдары осы сынақтан облыс бойынша ең жоғары балды қазақ мектебін бітірген түлек алды. Бүгінде мемлекеттік тілде білім алып жатқан қазақ балалары 55,8 пайызды құрайды. Бұл сан жыл сайын өсіп отыр. Мұның сыртында облыстағы ұлты қазақ емес 296 бала мемлекеттік тілде білім алуда. Өткен жылы бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысы бойынша Қостанай облысындағы түлектер жинаған балл ең жоғары болып, бірінші орын алды. Мұндай үздік нәтижеге қазақ мектептерінің қосқан үлесі де баршылық
– Облыста жөнделмей қалған, ауыр жағдайда тұрған қазақ мектебі жоқ. Облыс әкімі Сергей Кулагин ең алдымен мектептер мен ауруханалар жағдайына бірінші көңіл бөледі. Мысалы, Рудный қаласындағы жаңа мектеп әу баста 300 орындық болуы керек еді, Сергей Витальевич оның жобасын өзгертіп, 900 орындыққа жеткізді. Ал мұндай мектеп үйі республикамызда санаулы ғана шығар деп ойлаймын, – дейді облыстық білім басқармасы орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Данагүл Әлменова.
Өзге ұлыстар балаларының мемлекеттік тілді меңгеруі үшін мектептен тыс жұмыстар да жүргізілуде. Мысалы, облыс әкімінің бастамасымен ұлты қазақ емес мектеп оқушылары арасында тоқсан сайын өткізілетін “Тіл шамшырақтары” байқауы үшін облыс бюджетінен 6 миллион 200 мың теңге бөлінді. Байқауда қазақ тілі мен әдебиетінен үздік білімін көрсеткен бала бір тоқсан бойы 80 мың теңге, екінші орын алған бала 50 мың, үшінші орынды иеленген оқушы 30 мың теңге алып тұрды. Оның сыртында ынталандыру сыйлықтары тағы бар. Сонымен қатар Сергей Кулагиннің тапсырмасымен оқушылардың жазғы демалыс лагерьлері үшін қазақ тілін үйрену бағдарламасы жасалды. Сөйтіп облыста оқушылардың қазақ тілін үздіксіз үйрену ісіне тек мектеп емес, қоғамдық ұйымдар да тартылып отыр.
Алайда шешімін табуға уақыт керек ететін күрделі мәселелер қазақ мектептерінің дамуына көлденең тұр. Алдымен облыстағы қазақ тілінде білім беретін білім ұясының 70 пайызы шағын жиынтықты мектептер. Мұның көпшілігі орталықтан алыс елді мекендерде. Ауылдағылардың қалаға көшуіне байланысты бала саны жетіспегендіктен негізгі мектептер бастауышқа айналып, кейбір жерлерде бастауыш мектептерді осы себептен жабуға тура келіп отыр. Шағын жиынтықты мектептерге мамандардың баруы да қиын. Мұғалім жетіспейді. Сондықтан Таран, Ұзынкөл, Денисов, Қарабалық, Жітіқара аудандары орталығында ауыл балаларына арнап жатақ салынды. Ауыл балалары осы жатақта жатып, аудан орталығындағы қазақ мектебінде оқиды. Оның есесіне облыстағы қалалар мен аудан орталықтарында мемлекеттік тілде білім беретін мектептер кеңеюде. Бұрын қазақ мектебі түгіл қазақтың иісі сезілмейтін Качар кентінде бастапқыда ашылған қазақ сыныптары дами келе биыл орта мектепке айналды. Оған салып жатқан жаңа зәулім ғимараттың құрылысы да келер жылы бітіп қалады. Сондай-ақ, соңғы 5-6 жылдың ішінде Қостанай қаласында бірнеше аралас мектеп таза қазақшаға айналды, 2007 жылы 600 орындық қазақ орта мектебі ашылды. №24 бастауыш мектептің өзінде бүгінде 500-дей бала оқиды.
“Қазақша оқы, қарағым!”
– Елбасымыздың саясаты қазақ мектептерін қалай дамытса да мүмкіндік беріп отыр. Қазір жаңадан салынған, қайта жөндеуден өткен мектептерге кірсең хан сарайы сияқты, мәні де, сәні де келіскен, жарқырап тұр. Облыс әкімі Сергей Кулагинге бұл жөнінен алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді қарт ұстаз Жұмағазы Бекбосынов.
Дегенмен, білім саласының ардагері өңірдегі қазақ балаларының әлі де жартысына жуығының орыс мектептерінде оқитындығы өзін ойлантатындығын жасырған жоқ. Оның пікірінше, қазақ мектебінде балалардың көбеюіне ендігі жерде ата-аналар атсалысуы керек. Олар айта беретін бүгінгі оқулықтағы кінәраттар тек қазақ мектебіне ғана тән емес, орыс мектебінде де осы проблема өзекті. Қазақ тіліндегі мамандарды Қостанай, Арқалық педагогикалық институттары мен бірнеше колледждер дайындап отыр. Қазақ мұғалімдерінің арасында тәжірибесі мол, бәйгеден аты озып жүрген жаңашыл ұстаздар да аз емес.
– Ұстаздарымыздың басқа табыстарын айтпағанда, былтыр Алматыда өткен халықаралық семинарда өз тәжірибесін ортаға салған Әулиекөл ауданындағы Федосеев шағын жиынтықты мектептерінің директоры Гүлмира Тоқтамысова әр қиырдан келген білім саласы қызметкерлерінің алдында тамаша біліктілік көрсетті. Сол семинар шеңберінде ұйымдастырылған байқауда жұмысын қорғап, арнайы грантты ұтып алды. Оның тәжірибесі басқаларға үйретуге, таратуға тұрарлық деген баға берілді, – дейді Данагүл Әлменова. Қазіргі қазақ мектептері қатарының көбеюі ата-аналардың түсінігі мен ниетіне байланысты деген ойын Жұмағазы ағамыз жеке мысалымен жеткізді.
– Менің өз балаларымды бір жағынан мүмкіндігіме қарай, екіншіден осындай түсінікпен де орыс мектебінде оқыттым. Ал немерелерімнің барлығы да қазақ мектебіне барды. Қазір Абай деген үлкен немерем “Болашақ” бағдарламасымен Мәскеу университетінде оқып жүр. Жиен немерем Қаржы министрлігінде қызмет істейді. Екі-үш тілде сайрап тұр. Ал орысша бітірген балаларым мұндай биіктерге жете алған жоқ, – дейді қарт ұстаз. – Бұл – менің жеке басымнан алынған ғана мысал. Қазір қазақ мектептерінің түлектері өмірдің қай саласында да өте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Қостанайда қазақ мектебінің дамуына үлкен үлес қосқан Жұмағазы ағай ана тіліндегі білім ұясының артықшылығын айтудан, ата-аналарға түсіндіруден әлі шаршаған жоқ, мектептерге таяғын сүйеніп жиі барады, бүкіл шараларға қатысуға тырысады. Қазақ мектебі алдымен баланы ана тілінде оқытады, үш тілді меңгеруге ықпал жасайды, ұлттық сананың қалыптасуына негіз қалайды. Қазақ тілін дамытатын және ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін орда да қазақ мектебі. Сонымен қатар, Жұмекең мемлекеттік тіл қадамының жүруіне де ана тіліндегі қазақ мектебінің қосар үлесі ұшан-теңіз екенін айтады.
Қостанайда қазақ тілінде білім беру ісі кесілген емендей қайта көктеп, дамып келеді. Айтпақшы, Қостанай көшесінде қазақша сөйлескендерге қазір ешкім таңғалмайды...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.