• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 18 Наурыз, 2019

Азаматтығынан айнымаған «Ғабит»

1309 рет
көрсетілді

Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театры жуырда белгілі драматург Рахымжан Отарбаевтың «Ғабит» атты жаңа пьесасын сахнаға шығарды. «Ғабиттің» сахналануынан көрермен бірден екі түрлі себеп іздеуі мүмкін: біріншіден, Ғабит Мүсіреповтің есімін иеленіп отырғандықтан клас­сик жазушының өмірі туралы көркем туынды көрерменге керек деген театрдың өз ішкі сұ­ранысынан туындаса, екіншіден, қалам қуаты кемеліне келген шақта драматургиямен кәсіби шұ­ғыл­дануды қолға алып, он беске жуық пьеса жазып қалдырған марқұм Р.Отарбаевтың  көзі тірі­сін­де табыстап кеткен соңғы аманатына театр әкімшілігінің құрметпен қарағаны деп қабылдауға болады.  

«Мүсірепов алаш қайрат­кер­лерімен бір кезеңде өмір сүре отырып, қалайша ұсталмай аман қалды?», «Жан-жағындағының бәрі халық жауы атанып жатқанда, қара құзғындардың тырнағына қалайша ілікпеді, неге атылмады?» деген сұрақтар қоғамда жиі қойылуымен бірге, кең тарапта талқыланатын тақырыпқа айналған. Қыжыртпа сұраққа қисынды жауап қатқан классик жазушының жанашырлары айтқан уәжге тоқтағысы келмегендер, сауалды тағы да қайталап қойғысы келетіндер табылып жатса, драматургтың нақты дерекке сүйеніп, режиссердің көркем шындығымен өрілген Ғабит бейнесін көруі керек. Режиссер Мұрат Ахмановтың сахналауындағы «Ғабит»  эклектика іспетті, бас кейіпкердің образын ашу үшін Р.Отарбаевтың пьеасысына Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесал­а­рынан үзік-үзік детальдар ен­гізіген. Режиссердің заманауи дра­матург пен классик драма­тургтің шығармаларын қамшы сияқты қатар алып өргені форма жағынан қызықты болғанымен, ол өзін қаншалықты ақтай алды? 

Қос драматургті ортақтасты­ратын темірқазық образ – Му­за бейнесі. Режиссердің Муза­ны спектакльге тектен-тек кі­рістірмегені анық. Әдебиетімізде аналар мен арулар бейнесін дәл Мүсіреповтей молынан сурет­теген қаламгер кемде-кем. Спек­такльдің өн бойында Ғ.Мүсірепов үш рет өзіне қол сал­мақшы болады. Бірінде қолы­на арқан алып асылып өлуге әрекеттенеді, бірінде тапанша ұстап атылып өлмекші болады, енді бірінде бәрінен түңіліп, қағаздарын аспанға шашып, лақтырып жатады. Себебі үш жағдайда да, ол бірінде ең жақын аяулы достарынан айрылып жатыр, бірінде халқынан айрылып жатыр, ал үшіншісінде бүкіл болмысынан айрылғандай күй кешіп отыр. Өмір мен өлім ортасында арпалысып, аласұрған шағында қиялмен сомдалған ғашық Муза­сы келіп, қолынан тапаншасын, арқанын алып, қағаздарын жинап беріп, құтқарып қалады.

Ал Муза адамға қандай жағ­дайда келеді? Тағдыры қыл үстінде қалтылдап тұрғанда, өзі ғана сүйетін, бар болмысымен сенетін белгісіз бейне көктен түс­кен періштедей қолын созып, сүлдері қалған, дәрменсіз денесін демеп жібергендей қайта қуаттанып шығады. Ол Муза қара жердің үстінде қарапайым өмір сүрген қатардағы қыздардың құр­бысы емес, қағаз бен қаламға ғана қызмет еткен Ғабиттің Баян, Жібек, Ақтоқты секілді өз қия­лынан туған лирикалық бейнелердің махаббат сіңген мөлдір шуағы. Азапқа түскенде арашалайтын, аңқасы кепкенде таңдайының тобарсығанын басқан, ажал келгенде арқасын төсеген сұлу бейненің сахнаға келіп-кетуі хор қыздарының қор­шауында пластикалық қозғалыс тәсілімен шешілген. Ғабитті Ға­бит дәрежесіне көтерген – оның шығармалары. Мүсіреповтің әде­биетке әкеліп қосқан үш ірі шы­ғармасын және ондағы бас­ты кейіпкерлерін өзі туралы қойылған туындыға арқау етуі – қойылымды құнарландырып, ауқымын арттырмаса, кеміт­пейтін тың режиссерлік ше­шім. Баянды да, Жібекті де, Ақтоқ­тыны бір ғана актрисаның (Ақбота Қаймақбаева) – ойнау себебі сол – бәрінің басын қосып,  ортақ ойға біріктіріп тұрған Мүсіре­повтің Музасы. 

Мүсірепов өмірінің ма­ңыз­­ды бөлігі Сәкен, Ілияс, Бейім­беттермен байланыс­ты өрістейді. Сахна шымылдығы ашылғаннан мұз­дай құрсанып, қару асынған солдаттар қо­лын­дағы жарығы көз қарық­ты­ратын үлкен фона­рын әлдекімге бағыттап, ке­зей­ді. Кезенген жа­­рық – қара құзғындардың күдігіне ілініп, басына қара бұлт үйі­рілген кезекті құрбан. Ол – Ілияс, ол – Бейімбет. Олардың түр­медегі өмірі Ғабит­тің көз ал­дында тұратын мәңгілік елес. Әл­де­қашан атылып кеткен аруақ­тар­мен Ғабит күнде араласып жүр.

Мызғымас Одақтың орақ пен балғадан тұратын бесжұлдызы – ортасынан бірде ашылып, бірде жабылатын сахнаның транс­формер декорация­сы көп қызметті атқарады. Ол ашыл­ғанда арғы жағынан әйнек қа­бырға жақындап келіп, көңілінің төрінен орын алып, ұмытылмас бейнеге айналған аруақтармен Ғабит кезек-кезек жолығысып, өңіндегідей өкпе-назын айтып, сырласып жүреді. Әйнек қабырға – тіршіліктің екі беті. О дүние мен бұ дүниенің сим­воликалық шешімі. Баян Қо­зысынан айрылғанда да, Ақтоқты Ақаннан ажырағанда да осы әйнек сүйгендерімен екі араны бөліп қалған. Мұнда да Гүлжамал, Фатима секілді «отанын сатқандардың» әйелдері опасыз тіршілікке өкпелі. Қазақтар «мырзажан» атаған Мирзоян жоғарыға теріс ақпар беріп отыр. «1600 адамды ұстап беруге рұқсат етіңіз» дейді Сталинге және өзі бұл жоспарын еш қиналмастан жүзеге асыра алатынына сенімді.

«Орыс ойрандап жатқан жоқ, армян келіп бүлдіріп жатқан жоқ, өздеріңді өздерің құр­тып жатырсыңдар», дейді Мирзоян Мүсіреповке миығынан кү­ліп. Сыңарезулеп, сынай сөй­лей­тін жөні бар, Мирзоян қа­зақ­тың сатқындығына ар­қа сүйеп тұр. Мирзоян мен Мү­сі­репов диалогының арасын­да Бекежанның Төлегенді ажал садағына ілгені, Қодардың Қо­­зыны өлтіргені «сахнаға шы­ғады». Жантық та, қара басының байлығын қызғыштай қорып, елін тоздырып, шөл далаға алып кеткен Қарабай да, отызын­шы жылдардағы зұлматта қазақты біріне-бірін айдап салған Мир­зояндар да – бір. Иесіне еркелеген ит секілді Мүсіреповке келіп жағымпазданып, жылмаң қағатын Сатқанның сыртқа шыға сала, Мирзоянға тікелей бағынышты кеңселерге барып басқаша сайрайтыны сол Жан­тықтардан жеткен мінез екенін түсіну еш қиын емес. Ашық айта алмай, сырын ішке бүккен заманда Мүсірепов өзінің азаматтық ойы мен ұстанымына қайшы келетін жағымсыз мі­нездің бәрін Жантықтардың бей­несіне жинақтады. Айғай­лап, артық сөз айта алмайтын Мүсірепов өмір сүрген кезең­нің шындығы, астармен ғана берілетін «подтекс» бүгінгі драматургия мен режиссураның мүмкіндігімен қабысқанда бөлек әсер қалдырды. Мүсіреповтің Мирзоянға қарсы шығатын сахнасы, «Бейімбет жау болса – мен де жаумын!» дейтіні, «Бесеудің хатын» әзірлеудегі тол­ғаныс – жазушының қайрат­кер­лік қырын ашатын, азаматтық бол­­мы­сын танытатын өткір штрих­тар. 

Ішкі дайындығы бар, Ғ.Мү­сірепов шығармашы­лығымен жақсы таныс көрерменге режиссер ұсынған форма да, сахналық шешімдері де түсінікті. Бізге түсініксіз бір жайт – Ғабит пен оны ойнаған актердің бір-бірі­нен алыс болғаны. Басты кейіпкердің образындағы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахман Омардың кейіпкерімен үйлесім таба алмау себебін әр қиырдан іздеп көрдік. Келе салып сахнадан сырбаз, маңғаз Мүсіреповті іздеп, «бірге-бір» бейнесін таба алмаған соң Рахманға ренжіген болармыз деп ойлағанбыз. Мүлде олай емес. Жүріс-тұрысы жеңіл, сөйлегені одан да жеңіл, кей тұста «ұшып» кете жаздаған, дауысының зілі, салмағы білін­бейтін Рахман кейіпкер жанының ішкі иірімдерін сезіне алмады. Психологизм жетіспеді.

Әрине, көркем туынды бол­ғаннан кейін «Мүсіреповтің манерасымен» жүруі шарт емес. Көзәйнек тағып, қобыраған қағазға көміліп отырып Мүсіре­повке ұқсауға болатын шығар, бірақ бұдан оның азаматтық ар-ождан ісін биік қойған күрес­керлік бейнесі көріне қалмайды ғой. Түсінеміз, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған бір сұмдық заман орнап тұр. Жан-жағының бәрі қаумалаған қасқыр, үрей мен үміттің арпалысы, қанды шеңгелден құтылып жатқандар жоқтың қасы. Ғабит те адам. Ол да қорқады. Ол да үрейге беріледі. Ол да қулыққа басып, айлаға салады. Ішіндегі сыры тек өзіне мәлім, қырық қатпарлы жаны бар көп адамның бірі. Режиссердің белгілеп берген мақсаты осылай болуы әб­ден мүмкін, «Ғабиттен ғұлама жасаудың қажеті жоқ, оның адами қыры, азаматтық көзқарасы маңызды» болғанның өзінде, актердің кейіпкержандылығы, кейіпкерімен бірігіп кететін бай­ланысы көрініп тұруы керек. Кө­рермен Ғабит екеніне сенуі керек еді. Өкінішке қарай, күмән жеңіп кете берді.

Жазушының өмірінің соңғы жағын, ақ костюм-шалбар киіп, алтын астаудан ас ішіп, бірақ аузы буылып, «алтын тордың» ішінде отырған алыптың бей­несін алып шыққанда ғана  аяу­шылық сезім оята алғандай болды. Самғап ұшар қанаты отызыншы жылдары-ақ қырқылып, амалсыз заманның тотықұсына айналғандай алтын тордың іші­не қамалғаны Ғабит өмірінің ғапылдығын білдіргендей. Ке­­рісінше, кішкентай бейне­лер­дің бірі болғанымен, жылпос, аяр Сатқанның образында бір­талай салмақ жатыр. Сат­қан – Жантық – Сердәлі бей­несіндегі Мерей Әжібеков сах­наға шыққанда, қойылымда қозғалыс білінеді, ырғақ пайда болады. Сатқын Сатқанды жек көріп отырғаныңмен, әрекетін, зұлым­дығының себебін түсініп отырасың.

«Ғабит» деген бір ауыз сөзбен алып туралы бәрін айтуды мақсат еткен спектакль ойнала келіп, уақытпен бірге ширап, шыңдала түседі деп сенгіміз келеді. Ғабит­тің атын арқалаған спектакль театрдың төлқұжаты сияқты біре­гей шымыр дүниеге айналуы керек. «Мүсірепов деген кім?» «Не себепті оның аты театрға берілді?» деген сұрақпен келетін көрермен классиктің кемеңгер болмысын танып, толыққанды жауапқа қанығып кетуі тиіс. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ