«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – еліміздің Шығыс қақпасы ғана емес, сауда сөресі екені бұл күнде ежелден көрші Қазақстан мен Қытайға ғана емес, Ресей, Украина, Грузия елдерінің кәсіпкерлеріне де әбден белгілі.
Қазіргі таңда ай сайын Қорғасқа Қытай елінің 100 мыңнан астам азаматының жолы түседі. Көршілеріміз Қазақстаннан қандай тауарлар алатынын жақсы біледі. Өйткені «Қазақстанда жасалған» деген атаудың өзі – бренд, химиясыз, қоспасыз экологиялық таза өнім дегенді білдіреді. Алайда, үлкен сұраныстың барына қарамастан, біздің тарап ұсынатын азық-түлік тауарларының түрлері әлі де аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы күндері құрылысы жаңадан аяқталған «Qaz Lumiere» сауда орталығында отандық өндірушілер үшін жарты айға созылатын үлкен жәрмеңке өтпек. Отандық кәсіпкерлеріміздің қызметіне серпін беретін бұл бастамаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұрындық болып отыр.
«Қорғас» ШЫХО қазақстандық бөлігінде орналасқан «Qaz Lumiere» гипермаркетінің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Осыдан 7 жыл бұрын басталған «Қорғас» жобасында қазір қозғалыс бар деп айтуға болады. Ал алматылық БАҚ өкілдері кезекті рет шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы өзгерістерді көруге келдік.
Бұл жерде туристік қызмет түрлерін дамытудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі бұрыннан да айтылып келеді. Өйткені визасыз аймақта екі елдің азаматтары да жеке куәлікпен-ақ емін-еркін қыдырып, сауда-саттықпен айналысып, емделіп, демала алатын мүмкіндігі бар.
Біздің азаматтардың да Қытайдан қандай тауар таситынын тізе беру артық болар, бірақ көршілеріміз Қазақстанның өнімдерін ықыласпен сатып алады. Олар азық-түлік, кәмпит, ұннан жасалған өнімдерді жоғары бағалайды.
Саясатпен де, үлкен экономиканың ұңғыл-шұңғылымен де ісі жоқ қарапайым халыққа да керегі осы. Барыс-келіс, алыс-беріс үзілмесе болғаны. Бір кезде екі елдің Президенттерінің бастамасымен қолға алынған инвестициялық әріптестіктің сауда-саттық, туристік, экономикалық кешендері көпшілікке қажетті қызметін көрсетіп отыр. Салық түрлерінен босатылған, Duty Free үлгісіндегі аймақта ұтылып отырған ешкім жоқ.
Қазақстан – Қытай жәрмеңкесі өтеді
Қазақстандық іскерлер қазірдің өзінде бүкіл Қытайды шарламай-ақ, өндіріс орындарымен тікелей байланыс орнатып, келісімшарттар жасай алады. Қорғастың арнайы экономикалық мәртебесі қазақстандық тараптың да жан-жақты дамуына қарқын бере алады.
Жалпы аумағы 6500 шаршы метрді құрайтын «Qaz Lumiere» гипермаркеті биылғы 1 мамырда ресми түрде ашылады. Осы айтулы оқиға орай, 1-15 мамыр аралығында Қазақстан – Қытай жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.
Қазір пайдалануға берілген қазақстандық орталықта Грузия (арақ-шарап өнімі), Украина (былғары өнімдері), ҚХР (косметика) кәсіпкерлері орналасып үлгерген. Өз өнімдерін Қытай нарығына шығаруды көздейтін отандық кәсіпкерлерімізге жалға алудың айрықша шарттары алдағы жәрмеңке күндері түсіндіріліп, жүзеге асырылады. Осы кезеңде кәсіпкерлер өз бренді қойылған көрме стендін алуға ғана қаржы шығындайды, дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
«Бұл көрме кәсіпкерлерге «Қорғас» ШЫХО мүмкіндіктерін көріп, байқау үшін өткізіліп жатыр. Кәсіпкерге нарықты талдауға, яғни қай нарыққа бағдарлану керектігіне және жеке тауарларға сұранысты байқауға мүмкіндік беріп отыр. Енді көрмені жарнамалау мақсатында Қытай тарапынан да жарнама агенттігін жұмылдырамыз. Көрме аясында кәсіпкерлеріміз үшін оқыту семинарлары өткізіліп, Қытайға тауар экспорттаудың жолдары көрсетіледі. Өндірушілер «Қорғас» ШЫХО-ға тауарларын жеткізіп, көрме стендін сатып алудан басқаға шығындалмайды. Жалға алушыларға келетін болсақ, олардың жағдайлары жеке қарастырылып, орын көлеміне қарай жеңілдіктер мен жеңілдік кезеңдері берілген. Барлық өндірушілермен, ұйымдармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға дайынбыз», дейді «Qaz Lumiere» сауда орталығының атқарушы директоры Нариман Закирьянов.
Көрмеге Қазақстан, ТМД елдері және жақын шетел тауар өндірушілері қатысуға шақырылып отыр. «Qaz Luimiere» гипермаркетінің арнайы экономикалық аймақта орналасуы қазақстандық бизнеске – арнайы салықтық мәмілеге сәйкес, салық төлемдерін жасамай кәсіпкерлік қызметті жүргізуге мүмкіндік береді.
Тауарларды жарнамалау қарастырылады
Халықаралық жәрмеңке Қазақстан мен Қытай елдері бірлесіп 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салған «Qaz Luimiere» сауда орталығының ресми ашылуына орайластырылған.
Халықаралық жәрмеңке күндері отандық кәсіпкерлерге шекара маңы ынтымақтастық аймағына «жасыл дәліз» ұйымдастырылып, тауарларын тасуға барынша қолайлы жағдай туғызуға күш салынады.
– Екі бірдей мемлекет жүзеге асыратын жоба қазақстандық және еуропалық тауарлардың қолжетімділігін арттыруды көздейді әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға септеседі, – дейді халықаралық жәрмеңкені ұйымдастыруға атсалысып отырған «Қуан-Шыңғыс» инвестициялық компаниясы директорының орынбасары Ұлан Әренов.
Қазір отандық тауарларды өндіретін 300-ге тарта кәсіпкердің басын біріктіретін қауымдастықпен арнайы келісімшарт жасалынған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сауда орталығы іскерлік кездесулерге, Қазақстан мен ТМД елдеріне шығарылатын өнімдермен таныстыру, сауда-саттық және бос уақытты өткізуге арналған тиімді іс-шаралардың алаңына айналады. Бұл жақын және алыс шетелдердің іскер топтары мен туристерінің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Қазақстандық кәсіпкерлерге бірінші кезекте Қытайдың көпмиллионды нарығына шығу, халықаралық сауданы дамытудың мүмкіндігі ашылады.
Көрмеде алкоголь өнімдері, сигареттер, сигаралар, темекі, киім-кешек, аяқ киім, кондитерлік өнімдер, құрғақ сүт, ұн өнімдері (ұн, макарон өнімдері және т.б.), жиһаз, ыдыс-аяқ, дастарқан, перделер, жарық құрылғылары, шағын-бұрқақтар, фитодизайн, экодизайн бұйымдарына орын бөлінген.
Алайда, жаңа ауланған балық, жұмыртқа, шұжық өнімдеріне, уылдырық, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен өсімдік тұқымдары (көкөніс, гүлдердің тұқымы және т.б.), алтын сияқты тауарларды көрме-жәрмеңкеге шығаруға тыйым салынып отыр.
Осы сапарымызда да ТМД елдерінен келген туристерді, іргеміздегі қырғыздарды, ежелден көрші орыстарды аз кездестірген жоқпыз. Бір қызығы, «Қорғаста» тілмаш табу, сауда-саттық жасау қиын емес. Оның үстіне көршілеріміздің қазақ тілін жақсы меңгере бастағаны қуантады. Долларға қарағанда, теңге өтімді.
Екі елге де ортақ, өз өмірі өзіндегі «базар-қала» тұсауын кескенде бұл аймаққа жолы түскендер содан бері айтарлықтай үлкен өзгерістердің жүргізілгенін біледі. Бірі ілгерілеп, бірі кешеуілдеп бой көтеріп жатқан әрбір ғимараттың, алып кешендердің атқаратын өз қызметі бар. 2012 жылы осы халықаралық орталық ашылған кезде 2018 жылы толық аяқталады деген мәміле болған-ды. Дегенмен, Қорғаста әлі бітпеген жобалар да жеткілікті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы, Панфилов ауданы