• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2019

Қазақстан ҰОК президенті Халықаралық дзюдо федерациясының басшысымен кездесті

1056 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер екіжақты кездесу өткізді.

Бұл күндері халықаралық федерация басшысы Қазақстанда іссапармен жүр. Тараптар биыл 25-29 қыркүйек аралығында Алматыда өтетін кадеттер арасындағы әлем чемпионатына дайындық барысын талқылады.

«Спорттың болашағы жастардың қолында. Біз спортшыларымыз өсіп-жетіліп, халықаралық ареналарда шыңдалу үшін бар жағдайды жасаймыз. Сондай-ақ, Олимпизм құндылықтарын дамыту үшін күш біріктіруді жалғастырамыз. 2019 жылды Елбасы жастар жылы деп жариялады. Демек, биыл елімізде кадеттер арасындағы әлем чемпионатын өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Ірі доданы өткізуді бізге сеніп тапсырған Халықаралық дзюдо федерациясына алғысымыз зор. Қазақстанда спорттың бұл түріне деген қызығушылық жоғары әрі елімізде дзюдодан әлемдік жарыстарды өткізу тәжірибесі қалыптасқан», - деді кездесу барысында сөз алған  Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.

Кездесу барысында қос тарап Олимпиадалық комитет пен IJF арасындағы әріптестікті, оның ішінде, еліміздегі дзюдоны дамыту мәселелерін талқылады. Визер мырза спортшылардың жастайынан қолдауға зәру екенін айта келе, Қазақстанда дзюдоға арналған білім беру бағдарламасын дайындауды, орта білім беретін мекемелерде жеке пән ретінде қарастыруды ұсынды. Осы орайда, халықаралық федерация құрылғыларды алуға кететін барлық қаражатты көтеріп, балалар бапкерлерінің жалақысын төлеуге дайын екендіктерін жеткізді. Сол себепті, жақын арада Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және Қазақстан ҰОК арасында үшжақты меморандум бекітілмек.

Қазақстан спортшыларының құрлықтық және әлемдік жарыстардағы жеңісі мен елімізде ірі турнирлерді ұйымдастыру тәжірибесі дзюдоға деген қызығушылықты одан әрі арттырғаны да жиын барысында сөз болды. 

Сондай-ақ, ұйым басшылары 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындық кезеңін де ұмыт қалдырған жоқ. Қазақстан ҰОК былтырдан бері ойынды қабылдаушы елдің климатына бейімделу мақсатымен Жапония префектураларында оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы келісім жүргізуде. Қазақстан дзюдошылары биыл және 2020 жылы Жапонияда екі оқу-жаттығу жиынын өткізеді.