Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен» атты республикалық аламан айтыс Алаштың ардақты азаматы, ақын, драматург, аудармашы Ерік Асқаровтың 60 жылдық мерейтойына арналды.
Төрт буын өкілдері бас қосқар жыр додасына Айтақын Бұлғақов, Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Аманжол Әлтай, Айбек Қалиев, Қуаныш Мақсұтов, Серік Қалиев, Әбілқайыр Сыздықов, Маржан Есжанова, Бекарыс Шойбеков, Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов, тағы басқа жыр майталмандары қатысты.
«Ерік ешкімнен сескенбейтін, ықпайтын жүректі, батыл ақын еді. Қылышынан қаны тамған кеңестік кезеңде «сыбырлап» қана айтылатын әңгімелерді ұлттық сахнаға шығарып, дүйім жұртшылық алдына жайып салды. Оның патриоттық рухқа толы жырлары жұртшылық жүрегінде жатталып қалды. Тілімізден, ділімізден қол үзіп, мәңгүрттеніп бара жатқан кезде Ерік сынды азаматтар ұлттық көштің алдыңғы қатарында жүріп, ашынып айтты, ашығын айтты. Небір проблемаларға қозғау салды», деді мәдени шараның беташарында сөйлеген сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскерлер мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман.
Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет көне өнерді кие тұтқан ақындарға сәттілік тіледі. Марқұмның жан жары Нәсіпжанға құрмет көрсетіп, сый-сияпат көрсетті.
Қазылар алқасының құрамына Қазақстанның халық ақындары Әсия Беркенова /төрайымы/, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбіл, сондай-ақ Баянғали Әлімжан, Дәулеткерей Кәпұлы еніп, төрелік етті.
Не керек, 10 жұпты құраған 22 ақынның 10 сағатқа созылған жыр додасын көрермендер аяғына дейін қыбыр етпей тыңдады. Айтыс шымылдығын Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов ашып, Ринат Заитов пен Жарқын Жұпархан түйіндеді. Олардың арасынан іріктеліп шыққан 4 жұп ақтық сынға жолдама алды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге (2 миллион теңге) Шығыс Қазақстан облысының өкілі Серік Құсанбаев лайық деп танылды. Бірінші орынды (1 миллион теңге) шымкенттік Маржан Есжанова жеңіп алды. Екінші орынды /700 мың теңге/ қарағандылық Аманжол Әлтаев, үшінші орынды орынды /500 мың теңге/ қызылордалық Мұхтар Ниязов пен түркістандық Бекарыс Шойбеков иеленді. М. Жұмабаев және Игібай Әлібаев атындағы арнаулы сыйлықтар /300 мың теңге/ Серік Қалиев пен Құдайберлі Мырзабековке тапсырылды. Қалған ақындардың әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде шабыттандыру сыйақысы берілді.
Сөз арасында осы жолы марұмның ұлы Бекзаттың айтыс өнеріндегі тұсауы сәтті кесілгенін айта кеткен жөн.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы