Өндірістік жарақаттану - жүрек ауруы мен онкологиядан кейінгі үшінші орында тұр. Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Елімізде қарыздық еңбекті қолдану тәжірибесі жұмысшылардың еңбек құқығының бұзылуына және еңбеккерлердің наразылығының туындауына әкеп соқтырады.
Таяуда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қарыздық еңбекті реттеу жөнінде заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл жоба еңбеккерлерді толғандырып отырған нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Соған орай, Үкіметтен бастаманы қолдауды, сонымен қатар жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығын шектейтін заңнама актілеріне мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруға сұраймыз», деді Б.Әбдірайым.
Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамтуда осы аталған нысанға заңнамалық реттеу нормаларының жоқтығы кедергі жасап отыр. Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының төрағасы халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, әлемде өндірістік жарақаттану - жүрек ауруы мен онкологиядан кейінгі үшінші орында тұрғанын жеткізді.
«Біздің елде өндірістік жарақаттану деңгейі біршама төмендегеніне қарамастан, еңбек қауіпсіздігі бойынша жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Ресми дерек бойынша 2018 жылы ғана 1568 адам өндірісте жарақат алған. Оның 300-ге жуығы – әйелдер. Жыл сайын 200-ден астам адам мерт болады», деді Б.Әбдірайым.
Осыған байланысты Б.Әбдірайым Еңбек министрлігі ұсынған шараларды қолдауды және еңбек қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз еткен кәсіпорындарды ынталандыру жолдарын әзірлеуді ұсынды.
«Осы бағытта Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ОЭСР) мүше - дамыған мемлекеттер қолданып отырған «Vision Zero» – «нөлдік жарақаттанушылық» тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізу қажет», деді ол.