Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:04
Төрт жылдан бері төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны, дағдарыстың созылмалы салдарлары деген сияқты болжамдар жасауда. Әлемдік экономиканың бұрынғы қозғаушы күші болып саналатын АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің мүмкіндіктері сарқылып, енді жаһандық экономиканы дамытудың орнына, оны барған сайын тежейтін тегершікке айнала бастады.
Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:04
Төрт жылдан бері төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны, дағдарыстың созылмалы салдарлары деген сияқты болжамдар жасауда. Әлемдік экономиканың бұрынғы қозғаушы күші болып саналатын АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің мүмкіндіктері сарқылып, енді жаһандық экономиканы дамытудың орнына, оны барған сайын тежейтін тегершікке айнала бастады. Дағдарыс жылдарында экономикалық дамудың біршама жаңа қарқынын көрсеткен Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресейдің жаһандық экономиканы соны соқпаққа салуға шамалары келмейді. Сөйтіп, әлемдік дағдарыстың созылмалы сырқатының биыл да сауығатын түрі көрінбейді. Сарапшылардың пікірінше, әлі нақты дауасы табылмай тұрған жаһандық экономикалық дағдарыс салдарлары жыл соңында асқынып, келесі жылы бұдан да ушыға түсетін сыңайлы.
Дағдарыс дауылы қатты соғып тұрған кәрі құрлық мемлекеттері қарыз тұңғиығына бата түсуде. Еуропаның Грекия, Испания, Италия, Португалия сияқты дамыған мемлекеттері соңғы дағдарыс салдарынан қатты күйзеліске ұшырап, экономикалық рецессияға ұрынды. Еуропаны тұралатқан дағдарыс қырсығы барлық құрлықтарға салқынын тигізуде. Мәселен, қазірдің өзінде Қытай экспорт мәселесінде зор қиындықтарға тап болды. Бүгінде әлемдік ірі өндірушіге айналған ҚХР компанияларының негізгі тұтынушылары еуроаймақ елдері мен АҚШ екендігі белгілі. Қазір Қытайдың экспортқа бағытталған компаниялары терең тығырыққа тап болып, өндірісті тоқтатудың алдында тұр. Бүкіл әлемді тұтыну тауарларымен қамтамасыз етіп тұрған Қытай өндірісі тұралайтын болса, оның зардабы тереңге кететіні белгілі. Сонымен, әлемдік ірі экономикалардың соңғы тынысы туралы нақты статистикалық дерек көздеріне жүгініп көрейік.
Еуроаймақ елдері
Eurostat еуропалық статистикалық бюросының мәлімдеуінше, еуроаймақтың ІЖӨ-сі 2012 жылдың ІІ тоқсанында І тоқсанмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеген. Бұл деректер сарапшылардың айтқан пікірлеріне толық сәйкес келеді. Олардың айтуынша, аймақтың экономикасы терең рецессия жағдайында, сондықтан ІІІ тоқсанда да еуроаймақтың ІЖӨ-сі одан әрі құлдырайтын болады.
2012 жылдың ІІ тоқсанында, әсіресе, Грекия экономикасының төмендеуі айтарлықтай болды. ІІ тоқсанда бұл елдегі ІЖӨ бірден 6,2 пайызға құлдырады. Сондай-ақ, бұл тоқсанда Португалияда ІЖӨ 1,2 пайызға, Финляндияда – 1, Кипрде – 0,8, Италия мен Ұлыбританияда 0,7 пайызға төмендеген. Жалпы алғанда, Еуроодаққа мүше 27 мемлекетте ІЖӨ 2012 жылдың ІІ тоқсанында 0,1 пайызға, ал жылдық есеп бойынша 0,3 пайызға төмендеген.
Еуроаймақ елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі 2012 жылдың маусым айында 11,2 пайызды құрады. Еуроодаққа қарасты мемлекеттердің ішінде жұмыссыздық деңгейі төмен елдер қатарына Австрия (4,5 пайыз), Нидерланд (5,1), Люксембург (5,4) және Германия (5,4) жататын болса, аймақтағы жұмыссыздық ең жоғарғы деңгейге жеткен елдер Испания (24,8 пайыз), Грекия (22,5), Португалия (15,4) болып табылады.
Moody`s халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеулері бойынша, Италия, Испания, Грекия және Португалия мемлекеттері 2012-2013 жылдары экономикалық рецессиядан шыға алмайды. Агенттік болжамы бойынша, Грекияның ІЖӨ-сі 2012 жылы 7,0- ден 8,0 пайызға дейін, 2013 жылы 2,0-ден 3,0 пайызға дейін төмендейтін болады. Бұл көрсеткіш Португалияда (2012 жылы 3,0-ден 4,0-ге дейін, 2013 жылы 0,5-тен 1,5-ке дейін), Италияда (2012 жылы 1,5-тен 2,5-ке дейін, 2013 жылы 0,5-тен 0,1-ге дейін), Испанияда (2012 жылы 1,0-ден 2,0-ге дейін, 2013 жылы 0,5-тен 1,5-ке дейін) төмендемек.
АҚШ
АҚШ федералдық резерв қызметінің (ФҚЗ) мәліметі бойынша, елдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2012 жылдың тамыз айында бұрынғы шілде айымен салыстырғанда 1,2 пайызға азайған. Сарапшылар өндіріс көлемі тамыз айында 0,1 пайызға өседі деп болжаған болатын. Сонымен бірге тамыз айында АҚШ өндіріс көлемінің құлдырауы соңғы үш жыл ішіндегі ең үлкен көрсеткіш болып отыр. АҚШ сауда министрлігінің деректері бойынша, 2012 жылдың шілде айында сыртқы сауда балансының тапшылығы 0,2 пайызға артып, 42 млрд. долларды құрады. Бұл соңғы 4 айдағы алғашқы жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Сауда балансы тапшылығының өсуіне экспорт көлемінің төмендеуі бірден-бір себеп болғандығы анық. Ал экспорт көлемінің азаюына еуроаймақтағы қарыз дағдарысының салқыны тиіп отыр. Министрліктің дерегіне сәйкес, шілде айының қорытындысы бойынша, америкалық экспорт көлемінің төмендеуі үстіміздегі жылдың ең жоғарғы деңгейіне жеткен. Яғни, шілде айында бұл көрсеткіш 1,0 пайызға азайып, 183,3 млрд. долларға дейін төмендеген. Америкалық компаниялар шетелдерге экспортқа шығарылатын машина және көп тұтынатын тауарлар көлемін азайтқан. Сонымен бірге, шілде айында бұл елдегі импорт көлемі де азайған. Дегенмен, оның мөлшері аса үлкен емес. Импорт көлемі шілде айында 227,1 млрд. доллардан 225,3 млрд. долларға дейін төмендеп, 0,8 пайызға азайған.
Сонымен бірге тамыз айында АҚШ-та тұтыну бағасы 0,6 пайызға өскен. ФҚЗ деректері бойынша, инфляция деңгейі де айтарлықтай көтеріліп, 1,8 пайызды құраған. Таяу болашаққа арналған болжамдарға сүйенсек, АҚШ-та инфляция жыл сайын орта есеппен 2 пайызға өсіп отырады деп күтілуде. ФҚЗ-ның мәлімдеуінше, АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі биылғы жылы 8,2 пайыз деңгейінде қалмақ.
ФРЗ мамандарының пікірінше, 2012 жылы АҚШ экономикасында күрделі кемшіліктер сақталғанымен, 2013 жылдан бастап экономикада біршама даму үрдістері орын алатын болады. Олардың айтуынша, алдағы екі жылда АҚШ экономикасы дамудың оң көрсеткіштеріне қол жеткізбек. Мәселен, 2013 және 2014 жылдары ІЖӨ-нің өсу деңгейі тиісінше 3,0 және 3,8 пайызды құрамақ. Мамандар елдегі жұмыссыздық деңгейі де 7,3 пайызға дейін азаяды деген сенімді болжамдар айтуда.
Қытай
ҚХР мемлекеттік статистика бюросының хабарлауынша, 2012 жылдың ІІ тоқсанында Қытайдың ІЖӨ-сі 7,6 пайызға өскен. Аспан асты елінің 2012 жылғы сәуір-маусым айларындағы экономикалық өсімінің нақты көрсеткіштері сарапшылардың алдын ала болжаған көрсеткіштерімен сәйкес келеді. Қытай экономикасының бұл тоқсандағы өсу деңгейі де «тұрақты» және «салыстырмалы жоғары» деңгейде деп бағалануда. Алайда, Қытайдағы ІЖӨ-нің 2012 жылдың ІІ тоқсанындағы өсу деңгейі 2009 жылдың І тоқсанынан бергі ІЖӨ-нің өсу дәрежесінің ең төменгі нүктесі болып саналады. Ақиқатын айтсақ, ҚХР экономикасы соңғы алты тоқсан қорытындысы бойынша үнемі төмендеумен келеді. 2012 жылдың І тоқсанындағы жылдық есеп бойынша ІЖӨ өсімі 8,1 пайызды құрайды деп белгіленген. Ал 2011 жылы ел экономикасы 9,2 пайызға өссе, 2010 жылы Қытайдың ІЖӨ-сі 10,4 пайыз өсімге қол жеткізген.
Экономикадағы биылғы қиындықтарды ескере келіп, Қытай басшылығы 2012 жылғы ІЖӨ өсімінің болжамды мөлшерін 7,5 пайыз деңгейінде белгілеген болатын. Мұндай шешім экспортқа тәуелді Қытай экономикасына демеу беріп, «ішкі тұтыну сұранысын арттыруға» жағдай жасаудан туындаған қадам еді. 2012 жылдың сәуір айында Бүкіләлемдік банк Қытай экономикасының биылғы өсімінің болжамын 8,4 пайыздан 8,2 пайызға дейін төмендеткен болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) биылғы жылға жасаған өзінің болжамында Қытай экономикасының өсімі тіпті 8 пайыздан да төмен болады деген деректерін жарыққа шығарды. Қытай экономикасының алдағы уақытта күтіліп отырған «жұмсақ қону» болжамы Еуропадағы қарыз проблемалары мен рецессияларға тікелей байланысты болып отыр. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Еуропа ҚХР-дың ең негізгі сауда серіктесі және барынша көлемді тұтыну базары. Еуропаның тұтыну сұранысы тұрақты болатын болса, Қытай экономикасының өсу деңгейі де жоғары болмақ. Өкінішке орай, кәрі құрлықты құрсаулаған дағдарыс қасіреті үлкен тұтыну базарының сұранысын барған сайын шөміштен қысып, Қытай экономикасының тынысын тарылта бастады.
Соңғы тоқсандардағы ҚХР экономикасындағы тежелу үдерістері әлемнің көптеген инвесторларын да ерекше алаңдатып отыр. Егер Қытай экономикасының өсімі 8 пайыздан төмендейтін болса, аспан асты еліндегі көптеген өндіріс ошақтары тоқтап, миллиондаған адамдар күнкөріс көзінен айрылады. Әлемнің ең ірі экономикасы тығырыққа тіреліп, жаһандық дағдарыстың қасіреті одан әрі қалыңдай түседі. Міне, осындай көңілсіз көріністерге қарамастан, ҚХР басшылығы ел экономикасы жақын арада қайтадан күш алып, даму деңгейінің жоғары баспалдақтарына шығады деген сенімде.
Бүгінде Қытай әлемдегі №1 экспорттаушы ел болып саналады. КХР-дағы ІЖӨ-нің төрттен бірін, ел экономикасы жылдық өсу қарқынының үштен бірін экспорттың өсу динамикасы айқындайды. Қытай банкіндегі қауіпсіздік қорында 3,5 трлн. доллар қаржы жинақталған. Қазір бірқатар әлемдік сарапшылар алдағы уақытта Қытай экономикасы зор дағдарысқа тап болады деген пікірлер айтуда. Сондықтан да Қытай үшін Еуроодақтың қарыз дағдарысының тығырығынан шығып, кәрі құрлық елдерінің экономикасының тез оңалып кетуі ауадай қажет құбылыс болып отыр.
Автоөнеркәсіп – әлемдік дағдарыс барометрі
Бүгінде бірқатар сарапшылар жылдар бойы қалыптасқан капиталистік қаржы жүйесін біржолата күйреуден аман сақтап қалу мақсатымен соңғы дағдарыс кезеңінде әлемдік банктерге мемлекеттер тарапынан құйылған миллиардтаған қаржының тиімділігі тоқырай бастады деген пікірді жиі айта бастады. 2008 жылдың күзінде Lehman Brothers банкінің банкротқа ұшырап, қор рыноктарының құлдырауынан бастау алған осы соңғы дағдарыс жылдарында көптеген мемлекеттердің үкіметтері жеке меншік банктерге бұрын-соңды болып көрмеген көлемде – 24 триллион доллар мөлшерінде қаржы құйған болатын. Дағдарыстың алғашқы толқыны кезінде банктер мен корпорацияларға берілген қарыз бастапқыда өндірісті, әсіресе автомобиль өнеркәсібін қалпына келтіруде елеулі ықпал етті. Өкінішке орай, бұл мол қаржының тиімділігі күткендей нәтиже бермеді. Қиюы қашқан капиталистік өнеркәсіп біршама жанданғандай болғанымен төрт аяғын тең басып, тұрып кете алмады. Кейбір сарапшылардың айтуынша, енді 4-5 ай, әрі кетсе жарты жылдың көлемінде жаһандық экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны басталмақ. Тағы да әлемдік қаржы жүйесі күйзеліске ұшырып, экономикалық дағдарыстың бастауы тағы да әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі тоқырау болмақ.
Автомобиль өнеркәсібі ақиқатында да әлемдік дағдарыстың айнасына айналуда. Deutsche Welle агенттігінің деректері бойынша, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуроодақтың автомобиль рыногындағы сату көлемі 8 пайызға дейін құлдыраған. Еуроодақ елдерінде жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуына байланысты сату көлемінің төмендеуі барлық мемлекеттерде бірдей орын алған. Әсіресе, бұл келеңсіз жағдай Испания, Италия, Франция сияқты ірі рыноктарға барынша мол кесірін тигізуде. Мәселен, ағымдағы жылдың маусым айында Италияда автокөлік сату мөлшері 2011 жылдың маусым айымен салыстырғанда 24,4 пайызға дейін құлдыраған. Бұл – 1979 жылдан бері бұрын-сонды болып көрмеген ең төменгі көрсеткіш. Ал Франциядағы құлдырау деңгейі 13,4 пайызды құраса, Испанияда бұл көрсеткіш 8,2 пайызды құраған. «Renault» компаниясының есебі бойынша, соңғы бес жыл ішінде еуропалық автомобиль рыногы 23 пайызға төмендеген.
Осындай көлік рыногындағы тоқырау еуропалық жетекші автомобиль концерндерінің бірқатар өндіріс ошақтарын жауып, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүрлеуде. Мәселен, «Peugeot» компаниясы 2012 жылдың І тоқсанында көлік сату көлемін 14 пайызға дейін жоғалтып алды. Сөйтіп, Париждегі тарихи автокөлік зауытын жауып, 8 мың жұмысшыны қысқартатынын мәлімдеді. Бұл Франциядағы соңғы 20 жыл ішіндегі жабылған алғашқы зауыт болып табылады. «Fiat» өзінің инвестицияларын тоқтатып, Турин қаласындағы ұжымының 5 мың жұмысшысын мәжбүрлі демалысқа жіберетін болды. Негізінен сыртқы рынокқа сенім артатын «Renault» еуропалық рынокта сату көлемінің 3 пайызын жоғалтып, өндіріс көлемін 18 пайызға дейін қысқартты. Соның салдарынан тағы да мыңдаған адам тұрақты жұмыс орнынан айрылды.
Жаһандану үрдісінің арқасында қалыптасқан әлемдік зор сұраныстың нәтижесінде еуропалық мемлекеттер жылдар бойы табыс тасқынының астында қалды. Автокөлік, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар және басқа да жоғары сұранысқа ие тұтыну тауарларын шығарудың нәтижесінде еуропалықтар мол табысқа кенелді, жоғары жалақыға негізделген жұмыс орындарын ашты. Алайда, экономиканың басқа салалары жаһандық бәсекелестік салдарынан әлсіреп қалды. Ал еуропалықтар экономиканы уақыт сұранысына сай барынша тиімді етіп құру мүмкіндігін қолдан шығарып алды. Оның орнына сырттан қарыз алу арқылы экономиканы дамытудың жеңіл жолына түсті. Ақыры «қарыз көбігінің» жарылатын шегі де келіп жетті.
Грекияның ертеңі қандай болмақ?
Кәрі құрлықтағы дағдарысты тілге тиек еткен кезде біз біршама үстірт қателіктерге жол береміз. Біз құрлықтағы жалпы проблемаларды тізбелей келіп, еуроаймаққа кіретін мемлекеттердің жеке ерекшеліктеріне жете мән бермейміз. Осындай өзгелерге ұқсамайтын өркениетімен де, өндірісімен де оқшауланатын елдердің бірі – Грекия мемлекеті. Біраздан бері бүкіл әлем сарапшыларын толғандырып келе жатқан толғақты мәселелердің бірі де бірегейі – Грекия еуроаймақта қала ма, жоқ па деген түйінді сұраққа әлі де толық нүкте қойылмай отыр.
Үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде негізгі несие беруші «үштіктің» (Еурокомиссияның, ЕОБ-ның және ХВҚ-ның) басшылары Грекияның премьер-министрі Антонис Самараспен кездесті. Отырыс барысында Грекияның кезекті бюджеттік үнемдеу немесе елдің әлеуметтік саласының шығындарын «шөміштен қысу» жоспары талқыланды. Несие берушілер Грекия үкіметінің алдына бюджетті одан әрі қысқарту жөніндегі өз талаптарын қойды. Грекия үкіметі үшін бюджетті қысқартудың соңғы мүмкіндіктері жасалды. Енді бұл елдің бюджеті бүйірден қысудың ешқандай шарасын көтере алмай «тұншығып» қалатындығы да алға тартылды. Қалай болған жағдайда да, қазан айының басында «үштік» бұл елге кезекті қарыз траншын беру немесе бермеуді шешуге тиіс. Ал несие берілмейтін болса, Грекия мемлекеті дефолтқа ұшырайды.
Алайда кезекті несие траншы бұл елдің қордаланған проблемаларын толық шеше алмайды. Грекия үшін тығырықтан шығудың бір ғана жолы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру болып табылады. Бұл ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне Еуроодаққа кірер алдындағы 1981 жылы-ақ орасан зор нұқсан келтірілген болатын. Еуроодаққа кірген кезде Грекия Брюссельдің бұйрығымен өзінің жылдар бойы қалыптасқан ауыл шаруашылығы, металлургия және кеме жасау жүйелерін қирата бастады. Одаққа кіргеннен кейін экономиканың тұйыққа тірелген бұл салаларының орнын толтыру мақсатында да «шыбық басы» сындырылмады. Есесіне Грекия мемлекеті еуропалық құрылымдық қорлардан қажетінше дотация алып тұрды. Одан әрі еуроаймақ елдері үшін несие алу жүйесі арзандатылып, мүлде оңайлатылды. Бара-бара гректер жан қинамай-ақ қарызға өмір сүрудің оңай жолына толығымен көшіп алды. Енді «қарызға өмір сүру» тәсілінің орнына гректерге тағы да ештеңе ұсынбастан бюджетіңді қысқарт, қарыз алуды тоқтат деген талаптар қойылуда. Бюджетінің бүйірі әбден суалған Грекия енді халықтың әлеуметтік жағдайының қауіпті шекке жеткенін, Еуроодақтан шығудан басқа жол қалмағандығын ашық күн тәртібіне шығарды.
S&P агенттігінің бағасы бойынша, Грекияның валюталық одақтан шығу мүмкіндігі 33 пайызды құрайды, ал Citibank сарапшыларының пікірінше, бұл көрсеткіш 50-75 пайыз шамасында. Олардың пікірінше, мұндай оқиғаның алдағы бір жарым жыл уақыт ішінде болып қалуы әбден мүмкін. Ал Еуропа қаржылық тұрақтандыру қорының басшысы Клаус Реглингтің айтуынша, Еуроодақ басын торлаған қара бұлт екі жылдан кейін мүлде сейілетін көрінеді. «Егер Еуроодақтың барлық мемлекеттері ортақ валютаны сақтап қалу жолында бірлескен қимыл танытып, өздерінің әлемдік рыноктағы бәсекеге қабілеттілігін тұрақты түрде арттыратын болса, жақын арадағы екі жыл ішінде дағдарыстың бетін қайтаруға болады», деп атап көрсетті ол өз сөзінде.
Өз кезегінде ФРГ канцлері Ангела Меркель Грекияның Еуропа валюта одағынан шығуын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындығын атап көрсетті. Канцлердің және оның жақтастарының ойынша, Грекия еуроаймақтан шығатын болса, оның жұқпалы аурудай жалғасып кететіндігі айдай анық. Мұндай оқиға 2008 жылы америкалық Lehman Brothers инвестициялық банкі банкротқа ұшырағанда орын алған болатын. Сол жағдай қайталанатын болса, Германияның бір өзі 62 млрд. еуро шығынға ұшырайтын көрінеді. Меркельдің пікірінше, Грекияның еуроаймақтан шығуының салдарынан туындайтын саяси оқиғалар салмағы да ауыр болмақ.
Осы орайда еске сала кететін бір мәселе, Грекия премьер-министрі Антонис Самарас еуропалық мемлекеттер басшыларымен кездесуінде Еуропалық одақ тарапынан Грекияның бюджет тапшылығын қысқартуға берген мерзімін ұзартуды сұрады. Қазірге дейін қолданылып отырған келісім бойынша Грекия 2015 жылға дейін бюджеттік шығындарды 11,5 млрд. еуроға қысқартуы тиіс. Сонымен бірге Грекия қыркүйек айында халықаралық несие ұйымдарынан кезекті қарыз алуы керек. Егер Афина бұл қарызды ала алмайтын болса, онда Грекия дефолтқа ұшырап, еуроаймақтан шығуға мәжбүр болады. Бүгінде Грекия мемлекетінің қазынасын толықтыру мақсатындағы тиімді табыс көзі ретінде осы елге тиесілі Эгей және Жерорта теңіздеріндегі игерілмеген аралдарды сату мәселесі қарастырылуда.
Соңғы кезде Грекияның еуроаймақта қалуын жақтап пікір айтушылар қатары да көбейе бастады. Бұл ретте Грекияның қарыз дағдарысының құрсауында қалып отырғандығына қарамастан, соңғы уақытта жағдайды түзеу мақсатында ел үкіметінің біршама оң қадамдар жасағандығы атап көрсетілуде. Мәселен, Германияның қаржы министрі Вольфганг Шойбле: «Тығырықтан шығу жолында Грекия үлкен прогреске қол жеткізді. Грекия бюджет тапшылығын қысқарту мақсатында күрделі де қиын қадамдар жасады. Сондықтан несие беретін «үштік» құрылымдық шаралардың қаншалықты қиындықпен жүргізіліп жатқандығын ескеруі қажет», деп атап көрсетті. Грекияға қолдау көрсету үрдісінде ФРГ-нің бұрынғы канцлері Герхард Шредер де белсенділік танытты. Ол Германияның қазіргі үкіметінен Грекияның міндеттемелерін орындауға белгіленген уақыт мерзімін ұзартуды талап етті. «Біз құрылымдық реформалар экономикалық өсіммен жалғасқан кезде ғана тиімділік беретінін жақсы білеміз. Соңғы уақытта дағдарыс салқынын бәсеңдету мақсатында Грекия, Ирландия, Португалия, Италия және Испания мемлекеттері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл елдер қазір нақты көріп отырғанымыздай, қатаң үнем қағидасының дағдарысқа ғана әкеліп соқпайтынын экономикалық және саяси тұрғыдан да дәлелдеп берді. Соңғы екі жыл ішінде Грекия салық салуды арттырып, бюджет шығынын төмендетудің тиімді көрсеткіштеріне қол жеткізді. Қазір бұл көрсеткіштер көлемі ІЖӨ-нің 20 пайызын құраса, 2014 жылы 30 пайызын құрамақ. Осындай қиын уақытта бірде-бір қоғам, бірде-бір мемлекет мұндай қысқартуға қол жеткізіп көрген емес. Міне, сондықтан да еуропалық серіктестер Грекияға өз міндеттерін орындау үшін бөлінген уақыт мерзімін созуға тиіс», дейді Герхард Шредер.
2012 жылдың өткен мерзіміндегі Грекияның бюджеттік көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқаны үшін несие берушілер де бұл елге деген көзқарастарын жұмсарта бастаған сияқты. Грекия банкінің мәліметі бойынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында елдің орталық үкіметінің кассалық тапшылығы өткен жылдың нақ осы кезеңіндегі 18,6 млрд. еуродан 6,3 млрд. еуроға дейін қысқарған. 8 ай ішінде қаржылық басқару өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі 4,2 млрд. еуродан 328 млн. еуроға дейін қысқарған. Герхард Шредердің айтуынша, бұл өзгерістер бюджеттің шығынын 23 пайызға немесе өткен жылғы 47,7 млрд. еуродан биылғы жылы 36,8 млрд. еуроға дейін қысқартуға мүмкіндік берген көрінеді. Сонымен бірге, бюджет әлеуметтік шығындарды қысқарту салдарынан да айтарлықтай жеңілдеген.
Еуроодақ федерацияға айнала ма?
Әлем сарапшылары Еуроодақтың ыдырайтын кезеңін болжап, қара тер болып жатқанда, Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу өткен аптада айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ол әріптестерін Еуроодақты «ұлттық мемлекеттер федерациясына» айналдыруға шақырып, тым батыл бастама көтерді. Бұл ұсынысын ол соңғы жылдары жиі қайталана бастаған экономикалық және саяси дағдарыстарға қарсы қойылатын ұзақ мерзімді ықпалды шара ретінде күн тәртібіне шығаруды көздейді.
Страсбургте өткен Еуропалық парламенттің сессиясында сөйлеген сөзінде Жозе Мануэл Баррозу: « Мен біздің одақ негізінде әлдебір супермемлекет құруға емес, ұлттық мемлекеттердің демократиялық федерациясын құруға шақырамын. Федерация тәуелсіздікті тең бөліске сала отырып, әрбір мемлекеттің және оның азаматтарының өз тағдырларын бақылауына барынша жағдай жасайтын болады. Жаһандану дәуірінде біріккен тәуелсіздік мықты биліктің берік баламасы болып табылады», деп атап көрсетті. Одан әрі Баррозу келісім негізінде жүргізілетін түбегейлі өзгерістер (мәселен, ЕО-ның барлық мемлекеттері қарыз жауапкершілігін бірдей көтеретін еуробондылар мен ортақ облигациялар шығару мәселесі) 2014 жылға дейін қарастырылмайтындығын да ескерте кетті. Ол 2013 жылдың күзінде өтетін Германиядағы сайлауға байланысты екенін де жасырған жоқ. Ал әзірге кешіктірмей жүзеге асыратын маңызды мәселе ретінде «Банктер одағын» құруды күн тәртібіне қойды. «Банктер одағын» құру да 1999 жылы еуроны айналымға шығарған оқиғамен бірдей, еуроаймақ мемлекеттерінің ұлттық тәуелсіздігін шектеуге бағытталған жаңа қадам екендігінде талас жоқ. Ал оның екінші тиімді жағы да бар. Еуро аймағындағы бүкіл қаржы дағдарысының бел ортасында барлық мемлекеттер аймағында тарыдай шашырап, «өз беттерінше қой айдаған» мыңдаған банктердің тұрғаны да анық.
Еурокомиссия «банктер одағын» құрудың алғашқы қадамы ретінде ЕОБ-ге еуроаймақ мемлекеттеріндегі 6 мыңнан астам банктерге бақылау жасау құзырын бермек. Яғни, ЕОБ барлық банктердің лицензияларын тоқтатуға, ірі қаржылық қозғалыстарға бақылау жасауға, банктердің бірігуіне, проблемалық банктердің үстінен іс қозғауға құқылы болмақ. Іс жүзінде ЕОБ-ге ұлттық банктердің реттеушісі жауапкершілігін жүктемек. Қазір ЕОБ тек пайыздық мөлшерлемелерді белгілеп, ақша басып шығару құқығын ғана атқарып отыр. Еуропалық орталық банкке жаңа жауапкершіліктер мен құқықтар беретін бұл жаңа заңдарды алдағы жылдың 1 қаңтарында күшіне енгізу көзделініп отыр. Жоба бойынша 1 қаңтардан бастап жаңа тәртіп еуроаймақтың барлық ірі банктері үшін міндетті болса, тағы бір жыл өткеннен кейін барлық банктер үшін міндетті болмақ. Ол үшін биылғы жылдың соңына дейін «банк одағы» туралы келісім одаққа мүше мемлекеттердің барлығында ратификациядан өтуі керек.
Бұл жаңа бастаманың биылғы жылдың соңына дейін іс жүзіне асырыла қоюы күмәнді болып тұр. Германияның солқылдақ көзқарасы одақтың қаржы жүйесі үшін аса қажет бұл бастаманы «бесігінде» тұншықтыруы мүмкін. Себебі, еуроаймақтағы барлық банктердің үштен бірі, яғни 1885 банк Германияда орналасқан. Неміс елінің қаржы министрі Вольфганг Шойбле Еурокомиссияның бастамасын қолдаған бола отырып, бұл шара еуроаймақтың барлық банктері үшін емес, мемлекеттен көмек алатын банк жүйелері үшін ғана міндетті болуға тиіс деген екіжақты пікірін білдірді. Ал ФРГ канцлері Ангела Меркель болса, бұл маңызды шешімді жүзеге асыру үшін әлі де асығыстық жасамау қажеттігін алға тартты. Кәрі құрлық мемлекеттеріндегі барлық қаржы дағдарысының кінәратты бастауы болып отырған банктер жүйесін тәртіпке келтіріп, реттеу мақсатында күн тәртібіне шығарылған «банктер одағын» құру бастамасы осындай кедергілерге тап болып отырғанда, мүйізі қарағайдай мемлекеттерді тәуелсіздіктерінен өз еріктерімен бас тартып, «ұлттық мемлекеттер федерациясына» кіруге шақырған Жозе Мануэл Баррозудың идеясы ертегідегі орындалмас арманға ұқсайды. Бірақ кезінде сәуегейлердің көпшілігі жүзеге аспайтын сандырақ деп бағалаған «еуроаймақ» идеясын іс жүзіне асырған еуропалық өркениеттен бәрін де күтуге болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».