• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
10 Қазан, 2012

Демократия жөніндегі алғашқы әлемдік форум

493 рет
көрсетілді

Демократия жөніндегі алғашқы әлемдік форум

Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:22

Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов пен Президенттің кеңесшісі Е.Ертісбаев үстіміздегі жылдың 8-10 қазаны аралығында Страсбург қаласында бүгінгі демократиялық модельдердің кемшіліктері мен қалыптасқан жағдайын талқылау үшін түрлі мемлекет­тер­дің саяси және іскер басшыларын, ғалымдары мен азаматтық қоғам белсенділерін бір үстел басына қосқан Демократия жөніндегі Бірінші Страсбург әлемдік форумына қатысты. Бұл басқосу Еуропа Парламенті, Франция үкіметі, сондай-ақ Эльзас пен Страсбург қалаларының жергілікті және өңірлік биліктерінің бастамасымен өтті.

Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:22

Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов пен Президенттің кеңесшісі Е.Ертісбаев үстіміздегі жылдың 8-10 қазаны аралығында Страсбург қаласында бүгінгі демократиялық модельдердің кемшіліктері мен қалыптасқан жағдайын талқылау үшін түрлі мемлекет­тер­дің саяси және іскер басшыларын, ғалымдары мен азаматтық қоғам белсенділерін бір үстел басына қосқан Демократия жөніндегі Бірінші Страсбург әлемдік форумына қатысты. Бұл басқосу Еуропа Парламенті, Франция үкіметі, сондай-ақ Эльзас пен Страсбург қалаларының жергілікті және өңірлік биліктерінің бастамасымен өтті.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және Еуропа Ке­ңесінің Бас хатшысы Торбьорн Ягланд форум­ға қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі. Тал­қылау аясында Консти­ту­циялық Кеңестің Төр­ағасы «Демократия, жаһандану және егемендік» тақырыбында, ал Президенттің кеңесшісі экстремизм тақырыбында сөз сөйледі.

ХХІ ғасырдың басындағы әлем – бұл, бірінші кезекте, жаһандану әлемі, оның барысында экономикалық, саяси, мәдени және т.б. үдерістер жекелеген елдердің шегінен шығып отырады. Алайда, бұл, түптеп келгенде, конституциялық-құ­қық­тық және өзге де институттары, өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруда тәуел­сіздік кепілдіктері бар егемен мем­лекет­тердің ынтымақтастығы секілді мем­лекет­аралық және халықаралық қаты­настардың негізін жоққа шығармайды. Бұл демо­кра­тияландыру үдерісіне де қа­тысты.Рухани мәдениет пен имандылық са­ласындағы орасан зор қайта өзгертулер нәтижесінде қазіргі уақытта өмірге көз­қа­расты қалыптастыруда көптеген проблемалар бірінші орынға шығуда. Мәселен, кез келген мемлекеттегі демократияның жай-күйінің басты өлшемі болып табы­ла­тын адам құқықтары мен бостандықтары мәселесін алайық. Егер бастапқы кезде адам құқықтары институты мемлекеттің тек ішкі құқығында ғана дамытылып келсе, қазір жағдай мүлде өзгерген: адам құқықтары ішкі құқықпен де, халық­ара­лық құқықпен де реттеледі. Бұл орайда халықаралық құқықтың рөлі барған сайын арта түсіп, мемлекеттер тарапынан сақ­та­луға тиіс адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын реттейтін халық­ара­лық қағидалар мен нормалар барған сайын егжей-тегжей нақтылануда. 1948 жылғы Жал­пыға ортақ адам құқықтары декла­ра­циясының, Азаматтық және саяси құ­қық­тар туралы, Әлеуметтік, эконо­ми­калық және мәдени құқықтар туралы халық­ара­лық пактілердің және өзге де құжат­тар­дың рухани мәні, идеялары мен қағи­да­ла­ры әлемдегі көпшілік елдер консти­ту­ция­ларының негізін құрайды.Сонымен бірге, лаңкестік, діни экс­тре­мизм, ымырасыз сепаратизм секілді қа­зір­гі заманғы қауіп-қатерлер мен бой көр­се­тулер мемлекеттің тұрақтылығы мен қа­уіп­сіздігін шайқалтады. Заңсыз есірткі жә­не қару-жарақ саудасы, заңсыз көші-қон, адам саудасы және ұйымдасқан қыл­мыс орасан зор қауіп төндіреді.Біресе лаулап жанып, біресе кей өңір­лерде бықсып жатқан қаржы-экономика дағдарысы қазіргі заманғы көптеген конституцияларда бекітілген адамның эконо­микалық және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мәселесін көлденең тар­тып, күрт қиындатып жіберді. Оның теріс салдары тоқырауға ұшыраған елдерді құт­қару бағдарламасымен айналысып жүр­­ген халықаралық және өңірлік ын­ты­мақтастық ұйымдарына әсерін тигізуде.Таяу апталардағы, тіпті соңғы күн­дер­дегі оқиғалар біздің бүгінгі пікір­тала­сы­мызға тікелей қатысы бар басты екі аспекті төңірегінде ереуілге шығу­шылар­дың наразылығы қордаланғанын көр­се­теді. Біріншіден, халықаралық инсти­тут­тардың қысым жасауы салдарынан ұлт­тық үкі­мет­тер әлеуметтік бағдарла­ма­лар­ды қыс­қарту туралы шешімдер қабыл­дауда. Екін­шіден, ереуілшілердің пікірінше, «ж­а­һандық басқару» органдарының өз өкі­леттіктерін асыра пайдалануы, мем­ле­кеттердің конституциялық юрисдик­ция­сына араласуы және сонымен бір мезгілде халықаралық ұйымдардың «атқа­рушы тар­мағының» позициялары күшейе тү­су­де.Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен бой көрсетулер жаһандану және мем­ле­кет­тердің егемендігі ұғымдарының қатар­ла­сып өмір сүруі мен ара-қатынасы проб­ле­масын одан бетер өршітіп жіберді. Ха­лықаралық-құқықтық тұрғыдан нақты да жан-жақты реттемейінше, адамдар, ұйым­­дар, мемлекеттер арасындағы өрке­ниетті қатынастарды қамтамасыз ететін нақты заңнама болмайынша адамзаттың жа­һан­дық деңгейдегі проблемаларын шешу тұ­тас­тай алғанда мүмкін болмауда. Бұл – жа­һандық тәртіптің объективті заң­дылы­ғы.Осыған орай, ортақ проблемаларды ше­шу жолындағы интеграциялық үдеріс­тер­ді тереңдету және әлемдік қоғам­дас­тық­тың іс-әрекетін біріктіру мақсатында мемлекеттер өздеріне ерікті түрде міндеттемелер алып, өздерінің кейбір функ­циялары мен өкілеттіктерін мемлекеттерден жоғары деңгейде әрекет жасайтын халықаралық ұйымдарға береді (БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ және т.б.). Бұл өзін өзі ақтайтын қадам және өзін де­мократиялық, құқықтық мемлекет ретінде көрсететін, халықаралық қоғам­дас­тық­тың тең құқылы мүшесі санайтын мемлекет үшін берерінен алар пайдасы көп болады деп ойлаймын.Талқыланып отырған тақырыпты одан әрі тереңдету үшін мүмкіндігінше құқық аясынан шықпай, бұл проблеманы ха­лық­ара­лық құқық пен ұлттық консти­ту­ция­лық құқықтың ара-қатынасы шеңберінде талқылау қажет деп санаймын. Осы жолмен жүре отырып, бүгінде көп қол­даны­латын «жаһандану» және «егемендік» терминдері халықаралық құқықтың актілерінде жеткілікті түрде регламенттелмегенін байқауға болады. Саясаткерлер, ға­лым­дар мен журналистер, пікірталасқа қатысушы өзге де адамдар бұл терминдерге сан қилы мағына беріп, әңгіме желісін бұра тартқаны соншалықты, істің пайдасына жарар бірер ұйғарым немесе ұсыныс жасау мүмкін болмай қалды.«Егемендік» ұғымының түп-тамыры негізінен ұлттық заңнамада жатыр. Ха­лықаралық құқыққа қатысты қолдану кезінде «мемлекеттің халықаралық құқық субъектілігі» термині мағынасы жағынан соған мейлінше жақын келеді. Эле­мент­тер жиынтығында – халықаралық құқық қабілеттілік, халықаралық іс-әрекетке қа­білеттілік, сондай-ақ халықаралық деликт қабілеттілік – БҰҰ-ға мүше мемлекеттің халықаралық құқық субъектілігі шектелмейді. Тіпті, белгілі бір жағдайларда мемлекетке нақты бір шарттармен белгілі дә­режедегі қосымша міндеттемелер жүк­тел­ген кезде де шектелмейді.Осы жерде халықаралық қаты­нас­тар­дың тағы бір аспектісі туралы айта кеткенді жөн көрдім. Бұл қатынастарда транс­ұлттық корпорациялар емес, саяси, философиялық, экологиялық, спорттық және т.б. қызығушылық бойынша өзінің мүшелерін біріктіретін клубтар емес, тек мемлекет қана тиісті бір ұлттардың (халықтардың) бірден-бір ресми өкілі бола алады. Халықаралық саясаттың жаңа авторлары қаншалықты белсенділік та­ныт­қанымен, бұдан біз ешқайда да қашып құтыла алмаймыз.Сонымен, егер белгілі бір ел ха­лық­аралық ұйымға ерікті түрде кіріп, оның қағидаларын, нормалары мен ережелерін сақтаймын деп уәде бергенде ол неден айырылады?«Өз» халқының атынан сол халықтың мүддесіне орай мемлекет билігін іске асыру құқығына ие болған ұлттық мемлекет өз функциялары мен өкілеттіктерінің бір бөлігін ерікті түрде халықаралық ұйымға береді. Тек осылай болғанда бәрі де орын-орнына келеді. Халықты тол­ған­дырып отырған егемендіктің шектелуі, оның көлемі, ұлттық егемендіктің халық­аралық егемендікке қарсы қойылуы секілді әңгімелер де тыйылады.Айта кетерлігі, «Еуропалық Одақтың конституциясы – Лиссабон шарты», Еу­ро­палық Одақтың федеративтік мемлекет ретіндегі функциялары мен өкі­лет­тік­те­рі­не қатысты барлық ережелердің одан алы­нып тасталуы арқасында референдумдардан өтті. Бұл орайда біз қазір бюджеттік одақ құруға талпынған қадамдарға түсі­ністікпен қараймыз.Жалпылама айтылатын тағы бір мә­се­ле. Мемлекет өз функциялары мен өкі­лет­тіктерінің бір бөлігін қай салада халық­ара­лық-құқықтық реттеуге бере алады? Бұл рәсім демократия саласында қол­да­нылуы мүмкін бе? Түптеп келгенде, аза­мат­тардың саяси құқықтары мен бос­тан­дықтарын назарға алсақ, бұл – болып жатқан іс. Ал ұлттық демократиялық инс­титуттарды, биліктің бөлінуі қағидатын, парламенттер мен үкіметтердің, конс­ти­ту­циялық бақылау органдарының құзы­рет­терін, мемлекеттің аумақтық ұйым­дас­­ты­ры­луын қайда жатқызамыз? Әр­түр­лі ре­волюцияларды экспорттау арқылы режімдерді күштеп орнатудан сенімді әріп­те­стікті ажырататын өлшемдерді қалай әзір­леп, сақтауға болады?Бұл орайда, мейлінше қолайлы эко­но­ми­калық, экологиялық және тағы басқа жағдайларда күй кешіп, жаппай тоқшы­лық орнаған қоғамға ғана емес, «пар­тия­лық-саяси» тәсілмен басқаруды қоя тұ­рып, технократ-мамандардың қолына тізгін берілетін экстремалды жағдайларға, мәселен, «қолмен басқару» жағдайларына есептелген конституциялық механизмдерді әзірлеу жөнінде тек жалпылама ұсыныс беруге болады деп ойлаймын. Мұнда ха­лықаралық құқықтың актілері мен ұлттық конституциялар арасындағы қайшы­лық­тар­ды шешу мүмкіндігіне ие конс­ти­ту­циялық бақылау органдарының рөлі орасан зор болмақ.Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Рес­публикасының практикасы сіздерде қы­зығушылық туғызады деп ойлаймын.Тәуелсіздігін алғаннан кейін Қа­зақ­стан сыртқы саясатта көп векторлы модельді таңдады. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, АӨСШК және т.б. секілді беделді ха­лық­аралық ұйымдарға мүше болып, еліміз БҰҰ-ның Жарғысында және іргелі ха­лық­аралық актілерде бекітілген ха­лық­аралық құқықтың негізгі қағидаларына ден қоя­тынын біржақты жария етті.Кейінгі жылдары Қазақстан Аза­мат­тық және саяси құқықтар туралы, Эко­но­ми­калық, әлеуметтік және мәдени құ­қық­тар туралы халықаралық пактілерді ра­тификациялады. Адам құқықтарын қор­ғау саласындағы бірқатар көп жақты ха­лық­аралық әмбебап актілер, солардың ішін­­де геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы, нәсілдік кем­сіту­ші­ліктің барлық нысандарын жою туралы, бала құқықтары туралы, кепілге алуға қарсы күрес туралы, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жат­пай­тын және ар-намысты қорлайтын іс-әре­кеттер мен жазалау түрлеріне қарсы және т.б. конвенциялар қолданыстағы құқық жүйесіне қосылды.Осы актілерді танып-мойындаудың қи­сынды жалғасы ретінде еліміздің заң­на­масы солардың талаптарына сәйкес­тен­ді­рілді. Айта кету керек, қазіргі таңда кейбір елдер, әсіресе, егемендігіне енді ғана қол жеткізген елдер өздерінің қауіп­сіз­ді­гіне төнген қатердің күшеюіне байла­ныс­ты халықаралық актілердің ережелерін өздерінің ұлттық мүдделеріне орай­лас­ты­рып ішкі заңнамасына енгізуде. Бұл ретте олар өздерінің құқығын, бірінші кезекте, мемлекеттің конституциялық құ­ры­лысы мен сыртқы саясаттағы қыз­ме­ті­нің қағи­да­ларын бекітетін ұлттық консти­туция­лар­дың нормаларын басшылыққа алады. Қай жағдайларда және қай мақ­сат­та өз­деріне халықаралық міндеттеме алу қажет екенін мемлекет өздігінше ай­қын­дайды.Қазақстанның егемендігі республика қа­тысушысы болып табылатын халық­ара­лық қатынастарға да қолданылатынын біз әркезде ескеріп келдік. Сондықтан, ұлт­тық заңнамада болсын, халықаралық актілерде болсын Конституцияның үстемдігі қа­ғидаты конституциялық деңгейде бекітіліп, барлық бағыттарда іске асырылып келеді.Конституциялық Кеңес Негізгі Заң­ның жоғары тұруын және тікелей қол­да­нылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік ор­ган ретінде тиісті субъектілердің өті­ніш­тері бойынша халықаралық шарт­тарды олардың Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қарау өкілеттігіне ие. Конс­титуциялық Кеңес өз практикасында Конституция мен халықаралық шарт­тар­дың ара-қатынасы мәселелерін бірнеше рет түсіндірген болатын. Бұл ретте Конс­ти­туциялық Кеңес республиканың Конституция нормаларына сәйкес келетін ха­лықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелері ғана Қазақстан Респуб­лика­сын­да қолданылатын құқық болып та­ны­лады деп біржақты атап көрсетті.Мемлекеттің өзінің кейбір функция­ларын ұлттан жоғары құрылымдарға беру мүмкіндігі және халықаралық ұйымдар шешімдерінің заңдық күші туралы мә­се­лелер де Конституциялық Кеңестің қарау нысанасы болды. 2009 жылғы 5 қара­ша­да­ғы № 6 нормативтік қаулыда Консти­ту­циялық Кеңес, Қазақстан Респуб­лика­сы­ның iшкi және сыртқы саясатты қалып­тастыру мен iске асырудағы тәуелсiздiгi және дербестiгi оның негiзiн құрайтын егемен мемлекеттiң, конституциялық жә­не халықаралық деңгейде танылған мәр­те­бесi республикаға, Негiзгi Заңның ере­желерi мен нормаларын сақтай отырып, елiмiздiң мемлекеттiк органдарының жекелеген өкiлеттiктерiн халықаралық ұйым­дар мен олардың органдарына беру туралы шешiм қабылдауға мүмкiндiк бе­редi, деп атап көрсетті. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 4-бабының рес­публика бекiткен халықаралық шарт­тар­дың республика заңдарынан басым­дығы болады және мұндай шешiмдер тiкелей қолданылады деген нормалары Қазақстан Республикасының халық­ара­лық шарттарына сәйкес құрылатын ха­лық­аралық ұйымдар мен олардың ор­ган­дарының шешiмдерiне қолданылады. Бұл ретте, Негiзгi Заңның 4-бабына сай Қа­зақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын халық­ара­лық ұйымдар мен олардың органдарының шешiмдерi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге, адам­ның және азаматтың конституциялық құ­қықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуге тиiс. Халықаралық ұйым­дар мен олардың органдарының, рес­пуб­ли­ка­ның егемендiгi оның бүкiл аумағын қам­титындығы және Конституцияда белгi­ленген мемлекеттiң бiр­тұ­тастығын және аумақтық тұтас­ты­ғын, республиканы бас­қару нысанын өзгертуге болмайтындығы туралы Конституцияның 2-бабы 2-тар­мағы­ның және 91-бабы 2-тармағының ере­желерiн бұзатын шешiмдерi Қазақстан үшiн мiндеттi деп танылмайды.Бұл өтінішті қарау кезінде Еуропа Ке­ңесінің Венеция комиссиясы бізге үлкен сарапшылық көмек көрсетті, сол үшін біз оған алғысымызды білдіреміз.БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетінің, Белоруссия, Қазақстан және Ресей арасындағы Кеден одағы комис­сия­сының юрисдикциясын тану туралы Қа­зақ­станның шешімдері осы құқықтық көз­қарастарға сүйеніп қабылданған.2001 жылы Конституциялық Кеңес об­лыстық соттардың бірінің өтініші бо­йын­­ша, Қазақстан мен Ресей Феде­ра­ция­сы арасында жасалған «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы шарттың және «Бай­қоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау орган­да­ры­ның өзара іс-қимылы туралы келісім­нің жекелеген нормаларын конс­ти­­ту­ция­лық емес деп тапты. Кеңестің бұл шешімінде де Конституцияның республика ау­мағында жоғары тұруы қағидаты, халық­аралық шарттардың міндетті түрде оған сәйкес болуы атап көрсетіледі.Алайда бұдан ұлттық заңнама мен ха­лықаралық құқық арасындағы қандай да бір текетіресті байқауға болмайды. Конс­ти­туцияның кіріспесі мен 8-бабында Қа­зақ­станның халықаралық құқық қағи­да­ла­ры мен нормаларын құрметтейтіні, ынты­мақтастыққа және тату көршілікке ба­ғыт­талған саясат жүргізетіні туралы айты­ла­ды. Қазақстан Конституциясында әлемдік қоғамдастық жаппай таныған адам құ­қық­тары мен бостандықтары тү­гел көрініс тапқан. Халықаралық сарап­шылардың ба­ғасы бойынша, республика Конс­титу­ция­сы, әсіресе, тұлғаның құқық­тық мәрте­бе­сіне арналған оның «Адам жә­не азамат» деп аталатын бөлімі адам құқықтары туралы жаппай танылған ха­лық­аралық актілердің талаптарына жауап береді.2007 жылы елімізде конституциялық реформаларды жүргізер кезде Қазақстан да осы пікірлерді басшылыққа алды.Өлім жазасына қатысты толғақты мәселеге келер болсақ, Қазақстан оны кезең-кезеңімен жоюды ұстанады. 2003 жылдан бастап елімізде өлім жазасына кесу үкімдерін орындауға мерзімсіз тый­ым салынған. Конституцияға енгізілген түзетулер бұл жазалау шарасының қол­да­нылу аясын айтарлықтай тарылтты. Егер бұрындары Конституция Қылмыстық кодексте көзделген 50-ден астам бап бой­ын­ша аса ауыр қылмыстар үшін өлім жа­засын белгілеуге жол берсе, енді өлім жазасы адамдардың қаза болуымен бай­ланысты террористік қылмыстар жаса­ғаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш жасау құқығы беріледі.Халықаралық терроризм актілері жа­һан бойлап тараған бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық бұл аса қауіпті құбылысқа қарсы күресудің тиімді тәсілдерін таба қой­мағаны белгілі болып отыр. Тиісінше, халықтың басым бөлігі өлім жазасын сақ­тап қалуды терроризмге қарсы тұрудың қажетті бір тәсілі ретінде қарастырады. Нақ сондықтан, ХХІ ғасырдың қауіп-қа­терлеріне бара-бар жауап қайтару үшін Қа­зақстан адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстарды соғыс уақытында жасалатын аса ауыр қылмыстарға теңестірді, оларды жаса­ға­ны үшін қолданылатын өлім жазасы бұл жазаны жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халық­ара­лық пактіге Екінші факультативтік хат­тамаға қайшы келмейді.Демократиялық үдерістерге орасан қауіп төндіретін тағы бір құбылыс – бұл сыбайлас жемқорлық. Қазақстан Респуб­ликасы өзінің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақсатты түрде саясат жүргізіп келеді. 1998 жылдың шілдесінде Қазақстан ТМД аумағында алғашқы болып, бұл келеңсіз құбылысқа қарсы күресуде са­палы түрдегі жаңа кезеңге бастау болған «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Бүгінде рес­пуб­ли­камызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­ресу үшін қажетті құқықтық, ұйым­дас­тырушылық және өзге де алғышарттар жасалған деп айтуға болады.Тәуелсіз сот болмайынша демо­кра­тия­ны көз алдымызға елестете алмаймыз. Өткен жылдар ішінде мемлекеттік би­ліктің дербес әрі қуатты тармағы ретінде бірыңғай сот жүйесін орнықтыруға ба­ғытталған шаралар кешені іске асы­рыл­ды. Әлемдегі демократиялық елдердің көпшілігіндегі секілді, қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуде тұтқындауды санкциялау құқығы прокуратура органдарынан соттарға берілді. Қылмыстық іс жүргізуде алқабилер инс­титуты енгізілді. Жыл өткен сайын сот­тар­дың мамандануы тереңдей түсуде. Елі­мізде мамандандырылған қылмыстық, әкімшілік, экономикалық, ювеналдық жә­не қаржылық соттар қызмет етіп келеді. Соттарды материалдық-тех­никалық қам­та­масыз ету айтарлықтай жақ­сарды.Өткен жылы Қазақстан өзінің 20 жыл­дық мерейтойын атап өтті. Бұл айтулы оқиғаға еліміз өмірдің барлық сала­сын­дағы толағай табыстарымен жетті. 2010 жылы Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өзінің мәртебелі де жауапты миссиясын абыроймен ат­қа­рып шықты. Қазақстанның төрағалық етуі, республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәлімдегендей, төрт «Т» ұранымен өтті, оның мағынасы: «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (ашықтық) және «толеранс» (төзімділік). Бұл қағидалардың ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшеміне де, атап айтқанда, гуманитарлық өлшеміне де қа­ты­сы бар. Қоғамдағы келісім мен тұ­рақ­тылыққа басымдық бере келе, әсіресе, осы саладағы өзінің бірегей тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан демократиялық реформалардың алға жылжуы мен құқық­тың рөлі күшеюін белсенді түрде қолдап отырады.ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекет және үкімет басшылары 2010 жылғы 3 желтоқсанда Астанада қабылдаған Декларацияда адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтай отырып, бейбітшілікті қолдау туралы Қазақстан Рес­публикасының Конституциясымен үндес ереже бекітті.Үстіміздегі жылы Қазақстан хал­қы­ның саны 1,5 млрд. адамды құрайтын, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы Төрағасының міндетін атқаруды табыспен аяқтап келеді.2009 жылдан бастап бүкіләлемдік қоғамдастық Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтуде. Оны Қазақстанның ұсынысы бой­ын­ша БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған бо­латын. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи да батыл шешімі қабылданған бо­латын. Соның арқасында қазір бүкіл әлем Қазақстанды жаһандық ан­ти­яд­ро­лық қоз­ғалыстың көшбасшысы ретінде таниды.Бұл жерде ерекше айта кетерлігі, Қа­зақ­стан қуаты жағынан әлемдегі 4-орын­ды иеленген ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл теңдессіз қадамға Мемлекет басшысы бүкіл адамзаттың өмір сүру негіздерін айқындайтын бұл­жы­мас жалпыгуманистік қағидаларды ұс­тана отырып, бірінші кезекте, адам үшін ең маңызды, оның ең басты және туа біткен құқығы – өмір сүру құқығын қам­тамасыз ету үшін барды.Қазақстан жерінде әлемдік және дәс­түрлі діндердің төрт съезі өтіп, олардың көшбасшылары бір үстелде бас қосты. Қазақстандағы бейбітшілікті, тұрақ­ты­лық­ты және оның экономикалық дамуын қамтамасыз етуде төзімділік шешуші факторға айналды.Үстіміздегі жылғы 13 наурызда республика Президенті «Құқық арқылы демократия үшін Еуропа комиссиясындағы (Венеция комиссиясындағы) Қазақстан Республикасының мүшелігі туралы» Жа­р­лыққа қол қойды. Мемлекет бас­шы­сы­ның бұл актісі Еуропа Кеңесі Министрлер Комитетінің Қазақстанның тиісті өтінішін қанағаттандыру туралы шешімінен кейін қабылданды. Бұл Қазақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қоғамдастық танып-мойындауын айғақтай түседі.Әлемдік қаржы-экономикалық дағ­да­рыс, Жер шарының түкпір-түкпіріндегі жағдайдың ушыға түсуі халықаралық қоғамдастық тарапынан жаңа шаралар қабылдануын қажетсінеді. Бұл орайда Қазақстан басшысының дағдарыстан шы­ғудың бір құралы ретінде жаңа тұрпатты бірыңғай әлемдік валюта енгізу жөніндегі ұсынысы үлкен қызығушылық туғызуда. Қазақстан дағдарысқа қарсы жаһандық шешім іздеуге қатысушылар санын мейлінше арттыруға шақырады. Осы мақ­сат­қа жету үшін Астана экономикалық фо­ру­мы негізінде G-Global үнқатысу алаң­ын құру бастамасы ұсынылды.Демократияландыру үдерісі Қазақ­стан­да күн санап күшейіп келеді. Қоға­мымызды одан әрі демократияландыру, жеке бастаманы дамыту, әрбір қазақ­стан­дыққа қамқорлық жасау еліміздің бағ­дар­ла­малық-стратегиялық құжаттарының, рес­публика Президентінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұнын құрайды. Мемлекет басшысының таяуда жарияланған, қоғамымызда оң қабыл­да­нып, тың серпіліс туғызған «Қазақ­стан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында елдің әлеуметтік жаң­ғыртылуы қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайында өмір сүруге дайындауды, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қо­ғам­дық игіліктермен қамтамасыз ету ара­сын­дағы оңтайлы тепе-теңдікті табуды, құ­қық пен әділеттілік қағидаларына негізделген әлеуметтік қатынастар орнатуды мақсат тұтады, деп айрықша атап өтілген.Өзінің көзбояу екенін көрсеткен тұ­тынушылық қоғам тұжырым­дамасының орнына Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеясын ұсынды. Оның мы­надай маңызды конституциялық негізі бар: әркімнің еркін еңбек ету құқығы, қызмет түрін және мамандығын еркін таңдау құқығы, кәсіпкерлікпен шұғыл­дану және өзінің мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін пайдалану құқығы және т.б.Қазақстан өзін бірте-бірте адам және оның өмірі, құқықтары мен бостан­дық­та­ры ең қымбат қазынасы болып табы­ла­тын демократиялық, құ­қық­тық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнық­ты­рып келеді. Бұл үрдіс жаһанда болып жат­қан оқиғалармен тығыз бай­ла­нысты. Осы жылдар ішінде біз мем­ле­кет­тің ішкі дамуы мен жаһандану үдерістері ара­сын­дағы көкейге қонымды тепе-теңдікті та­буды үйрендік. Күмән ту­дыр­мас бір жәйт – баршаға да, әркімге де жа­расты шешімді табу үшін біріне «жақсы», ал біріне «жаман» болып көрінген шешім­ді бір-бі­рі­не күштеп таңбай, ортақ мүдде жо­лын­да мәмілеге келу керек. Яғ­ни, әуелі келісіп алып, содан соң: «Әлем­дік өрке­ниет­тер, мәдениеттер мен діндер арақа­тына­сын екі баллдық жүйемен ба­ғалауға бол­майды» деп бір рет кесіп айту керек.

Игорь РОГОВ,Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы.