• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2019

Су добы: Аргентинаны ойсырата ұттық

718 рет
көрсетілді

Су добынан Австралияның Перт қаласында өтіп жатқан Әлем лигасының іріктеу турнирінің екінші кездесуінде Қазақстанның ерлер құрамасы Аргентинамен шеберлік байқасты.

Алғашқы кезеңде қос команданың қақпасына бір-бір ғана доптан енген болса, одан кейінгі уақытта жерлестеріміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Қалған үш кезеңде еркін ойқастап, басымдық танытқан жігіттеріміз айқын жеңіске қол жеткізді. Есеп – 11:5.

Естеріңізге сала кетейік, осы турнирдің тұсаукесер бәсекесінде де біздің жігіттер өз жанкүйерлерін қуантқан еді. Жаңа Зеландияға қарсы өткен сол кездесу 11:10 есебімен аяқталды.

Айтулы екі бірдей жеңістен кейін алты ұпайды қоржынға салған Қазақстанның ватерполшылары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Қытай (4 ұпай), Аргентина (2 ұпай) және Жаңа Зеландия (0 ұпай) құрамалары жайғасты.     

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»