Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл бесжылдық стратегиялық жоспары – Он үшінші жалпы жұмыс бағдарламасын жүзеге асыруға кіріседі. Бұл жоспар денсаулық сақтау саласындағы қызметпен қосымша үш миллиард адамды қамтуды көздейді.
ДДСҰ деректеріне қарағанда, жер бетіндегі әрбір он адамның тоғызы күн сайын ластанған ауамен тыныстауға мәжбүр екен. Сарапшылардың бағамдауынша, ауаның ластануынан бастау алатын қатерлі ісік, инсульт, жүрек және өкпе ауруларынан шамамен 7 миллиондай адам өмірімен ерте қоштасады. Бұл үдерістің 90 пайызы халқының табысы төмен немесе орташа, яғни өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қарапайым пештен ауаға таралатын зиянды қалдықтары көп мемлекеттерге тән болып отыр.
Өз кезегінде ауаның ластануы климаттың өзгеруіне де ықпалын тигізіп, адам денсаулығына кері әсер етуде. Ұйымның болжамына қарағанда, 2030-2050 жылдары климаттың өзгеруі жылына қосымша 250 мың адамның өліміне себеп болуы мүмкін. Климаттың өзгерісі аштық, тырысқақ, диарея және ыстыққа байланысты күйзелістерді ушықтырып жібермек.
Әлемде диабет, обыр және жүрек ауруларынан болатын адам өлімдерін қоса есептегенде, олардың көрсеткіші жалпы өлім-жітімнің 70 пайызын құрайды. Бұл шамамен 41 миллиондық көрсеткіш. Оның ішінде 15 миллионы 30 бен 69 жас аралығындағы мезгілінен бұрын көз жұмған адамдарды қамтиды. Ал осы өмірден ерте кеткендердің 85 пайызы табысы аз немесе орташа мемлекеттің тұрғындары. Денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, бұл көрсеткіштің өсуіне адамның темекі тартып, алкоголь өнімдерін мөлшерден артық пайдалануы, қозғалыстың аздығы және ауаның ластығы әсер етуде. Адам бойындағы осы жаман әдеттер жүйке жүйесіне әсер етіп, емі жоқ дертке шалдықтыруда.
Қазіргі уақытта тұмаудың көптеген түрі де адамзатты жағадан алып тұр. Мамандардың өзі тұмаудың қандай түрі, қай бүйірден соққы жасайтындығын болжай алмайды. Бірақ ДДСҰ тарапынан жыл сайын мониторинг жасалып, тұмаудың өршуі ықтимал түрлерінің алдын алуға байланысты ұсыныстар беріліп келеді.
Сондай-ақ жер шарындағы халықтың 22 пайызы немесе 1,6 млрд адам құрғақшылық пен аштық жайлаған, үздіксіз кикілжіңдер мен тұрғындары үдере көшіп жүрген аудандарда тұрады. Тиісінше, мұндай аймақтардағы медициналық қызмет сапасы өте төмен. Сол себепті ДДСҰ сол аудандардағы ана мен бала денсаулығын сақтауға маңыз беріп отыр. Сонымен қатар сол елдердің денсаулық сақтау саласын нығайтуға, жұқпалы аурулардың алдын алуға күш сала бермек.
Түрлі антибиотиктер мен вирусқа және тырысқаққа қарсы дәрілердің пайда болуын заманауи медицинаның жетістігі деп бағаласақ та, бұл препараттардың дәуірі өтіп барады. Қазіргі дәрі-дәрмекке үйреніп алған зиянкестер болашақта препарат атаулыға бой бермей кетуі мүмкін. Індеттің алдын алу мүмкін болмай қалып жатса, туберкулезге қатысты кең қолданыстағы химиотерапияның өзі іске алғысыз болып қалады. Айталық, осы өкпе ауруына әлемде жылына 10 млн адам шалдығып, олардың 1,6 млн-ы көз жұмады. Ал осы ауруға қарсы тиімді құрал болып саналатын рифампицин дәрісінің 2017 жылдың өзінде 600 мыңдай адамға әсер етпейтіндігі анықталған. Сондықтан да, бұл мәселе ДДСҰ мамандарының ерекше бақылауында тұр.
Алғашқы санитарлық-медициналық көмек жүйесі әдетте халық пен денсаулық сақтау жүйесі арасындағы байланыстың бастапқы нүктесі болып саналатындықтан, оның жұмысы кешенді және адамға өмір бойы қолжетімді болуы тиіс. Алайда, көптеген мемлекеттерде бұл жүйе қалыпты жұмыс жасап тұрған жоқ. Оның үстіне, соңғы жылдары денсаулық сақшылары тек белгілі бір ауруларға қарсы күреске маңыз беріп келді.
Жалпы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін дамыту жөнінде Қазақстан Президенті ұдайы айтып келеді.
Ал ДДСҰ есебінде 2018 жылдың қазан айында Астанада өткен бүкіләлемдік ауқымды конференцияда 1978 жылы Алматы декларациясында қарастырылған алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін дамытуға байланысты міндеттемелерді пысықтау мәселесі қайта қаралғандығы көрсетілген.
Сол үшін ДДСҰ 2019 жылы өз әріптестерімен бірге осы жүйені дамыту мен жаңғыртулар талабы бекітілген Астана декларациясының сақталуына маңыз бермекші.
Бүкіләлемдік ұйымның деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта экономикалық жағынан тиімді саналып отырған вакциналар арқылы жыл сайын 2-3 млн адамды ажалдан арашалап қалуға болады екен. Алайда әлем елдерінде үгіт-насихат жұмыстарының кемшіндігінен вакцинаға сенімсіздік белең алған. Осыған орай, ДДСҰ биыл денсаулық сақтау мекемелерін сенімді әрі тексерілген ақпараттармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар бүгінде әлем бойынша 37 млн адам ЖИТС (ВИЧ) қармағына іліккен. Бұл індеттен жыл сайын миллиондаған адам көз жұмып жатса да, халық арасында оған немқұрайлы қарайтындар азаймай келеді. Осы ауру пайда болғалы бері дүние жүзінде 37 млн адам иммунитет тапшылығынан бақилық болған. Іс жүзінде денсаулық сақтау саласының өзі ВИЧ вирусының алдын алуға әлі де дәрменсіз. Сондықтан да ДДСҰ 15 пен 24 жас аралығындағы қыз-келіншектердің денсаулықтарына алаңдаушылық білдіруде.
Жалпы осы деректерге қарап-ақ, біздің ғасырымыздағы қауіп-қатерлердің ауқымын бағамдай беруге болады. Демек, өзгелердің қиындығынан сабақ алып, өз-өзімізді сақтау, аурудың алдын алу – басты міндеттердің бірі болып қала бермек.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»