Тарихи бір сәт, өзінің президенттік қызметіне кірісу салтанатында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды өз дәуірінің ұлы перзентіне құрмет көрсету жайлы айтқан ұсыныстары көңілімізден шықты. Астана қаласы Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы, сол Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының монументтік ескерткішінің тұрғызылатындығы да, «Халық Қаһарманы» атағының берілуі де қазақ халқының елім деп еміренген өз ерін асқақтата білетін көшелі ел екенімізді көрсетіп, парасатты шешім қабылдадық!
Бәрі де тарих енді! Жасампаз тарих! Елбасы тарихи шешім қабылдап, өзінің президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Елбасы тағы да ел болашағын кеңінен ойлап, пішер өз кемеңгерлігін танытты.
Сол жасампаз тарих төрінен бүгінгі күні біз айтар бір ақиқат бар! Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры Қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр тұтас бір халықтың тағдыры деген ойымыз бен пікірімізді кезінде айтқан болсақ та, сол өз қағидамызға тағы да бір жүгіне отырып, бүгінгі күні көңіл түкпірінде жатқан ой көзімен сөйлеуді мақсат еттік.
Тәуелсіздік және Елбасы! Бұл қос ұғымды біз бір-бірінен бүгінгі күні де, Мәңгілік елдің мәңгілік тарихынан да ешқашан бөле-жара қарай алмасымыз анық. Өйткені Елбасы ел тәуелсіздігінің бүгінгі 27 жылында қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сыя қоймастай тарихи жолдан алып өтсе, Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен танылды. Назарбаев қазақ елі үшін әлемге, ғарышқа, болашаққа жол ашып берді! Ақиқаты осы.
Бүгінгі күні туған еліміздің мерейі өсіп, абыройы тасқанын көруден артық қуаныш та, бақыт та жоқ болар бәлкім! Және де сол мерей мен сол абырой әлемдік деңгей мен әлемдік дәрежеде болып жатса, бұл дегеніңіз күні кеше ғана отар болған Отаныңның бағы жанғандығы деу керек. Отар болған да жалғыз біз емес едік. Әлем алдында абыройлы боламыз деп ұмтылғандар да жалғыз біз емес едік. Әрине бүгінгі заманның өлшемімен жиырма жеті жыл дегеніңіз тарих үшін қас-қағымдық сәт те болар. Алайда, сол тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орны, беделі мен абыройы дүние құрлығындағы ертеден қалыптасып, ертеден қуатты мемлекет болып орныққан елдерден кем түсіп отырған жоқ. Тағы да бір ақиқат осы.
Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді. Тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және сол жайында айта да білу қажет енді. Бұл – бізге сын.
Қазақ елінің бүгінгі біз жазып жатқан және де бізден кейін жазыла берер тәуелсіздік тарихының әр бетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мен ісін әр дәуірде дүниеге келер ұрпақтарымыздың да үзбей қайталап, үнемі айтып отырарына деген сенім де бар. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев «қырғи қабақ» соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берген және ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер бола білді. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзаттың жаңа дәуірінің, яғни ХХІ ғасырдың саяси дүниесі мен келбетін түбірінен өзгеріп сала беруіне өз үлесін барынша қоса білген сарабдал саясаткерлігін әлем толығымен мойындаған-ды. Бұл – тарихтың мойындауы.
Адамзат дамуындағы даралар мен даналардың рөлін лайықты бағалай білер парасаттылар үшін де және біз үшін де Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туа бітті киелі бір қасиетімен қазақ топырағында дүниеге келген, өз дәуірі өзіне лайықтап туғызған адамзаттың ерекше бөлек бір жаратылысының перзенті болып мәңгі жасары анық.
Бұл орайда ең әуелі Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік тарихтағы адамзат баласының ядролық қарусыз дамуының жаңа кезеңін бастап берген бірден-бір саяси дара тұлға және ядросыз әлем құрудың тұңғыш архитекторы екендігін айтар едік. Және де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен 2003, 2006 және 2009, 2012, 2015, 2017 жылдары қазақ жерінде, Астана қаласында тұрақты өткізіле бастаған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесулері адамзаттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық диалог пен кеңесіп, кездесулер жүйесін құруға жол ашқандығын, бүгінгі жаһандану өркениетін қазақ жерінде тоғыстырып, табыстыруы деп бағалаған да абзал. Өйткені Елбасы қазақтың бір перзенті дүние тіршілігі үшін жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған сындарлы тұста түрлі діндердің ғасырлар бойғы ізгі де жасампаздық мол тәжірибесі мен Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануға жасаған әрекеті ендігі дүние дамуының ұстанымы мен заңдылығына айналып келеді.
Әлем көне тарихтың беттерінен мәңгі өшпейтін тағы бір тарихи оқиғаны біледі. 2010 жылдың желтоқсан айының 1-2-сі күндері Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін өткізу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы ұйымның беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде сенім мен бірлікті орнықтырудың тағы бір маңызды қадамына жол ашты. Осылайша дүбірлі де дау-дамайлы, қарулы қақтығысы да дүние тіршілігінің жүйкесін жұқартып тұрған әлемнің дамуына Назарбаев сынды адам баласының жаңаша әрі жауапты көзқарасы қажеттілігін адал ниетті, адал ойлы адамзат баласы терең түсініп те отыр. Әрине ол үшін жұдырықтай жүрегіңе тұтас әлемді, барлық адамзат мүддесін қазақ Президентіндей сыйғыза білу де қажет еді.
Адамзат мүддесі демекші, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күнгі әлемдік дау-жанжалдарды, қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы реттеу жолындағы бітімгершілік саясатын тағы да әлем жоғары бағалай білді. Бүгінгі әлемнің тынысын тарылтып, қызуын көтеріп тұрған Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу бағытындағы түрлі көзқарастағылардың Астана қаласында сан мәрте кездесулері бұл мәселедегі Таяу Шығыстың қатып қалған тоңын жібітіп, бұрын қарудың тілімен ғана сөйлесіп келгендердің енді адами парасаттылық тілімен, дипломатиялық тілмен сөйлесулерін бастап берді.
Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы мен ауқымы қазақ тарихының өткен кезеңдері мен дәуірінің ешбір өлшеміне сыймастығын және де ғасырлық мұраттардың жүзеге аса бастағандығын тағы бір ойға ала отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып Астана қаласын салып орнықтыра білгендігін айту парыз. Астананы өз басым Елбасының қазақ баласы үшін соғып берген ұлы ескерткішіндей қабылдарым бар. Енді бүгін келіп Елбасының өз перзентіндей сол Астана қаласының Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы да әбден орынды. Қазақ халқы өз елінің астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп атау арқылы елім деп еміренген өз ерін асқақтата білетін көшелі ел екенімізді көрсеттік. Және де Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының монументтік ескерткіші де бой көтеретіндігі қанағат сезімге бөлеп отыр.
Біз тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінің куәгер ұрпақтарымыз. Қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма жеті жылдан бергі бар тарихы мен тағдыры да, жүріп келе жатқан жолы мен асқан асуы да, тар жол тайғақ кешуі де, дәуірлеп өсуі мен өркендеуі де біздің көз алдымызда болып жатыр. Біздің әрқайсымызға Жаратушы иеміз Тәуелсіздік тарихын жасаушы да және соны жазушы да сыйын берді! Сол тарихи тәуелсіздіктің тағдыршешті кезеңдерінде Нұрсұлтан Назарбаевты өз халқымыздың бағы деп бағалап, айбыны деп айта білсек етті. Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы болып өз халқымен, Қазақ елімен мәңгі жасай беретін тұлға. Ол Елбасы болып қала береді!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының V-VI шақырылым депутаты
Көкшетау