Тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздегі экономикалық қиындықтар барша жұрттың есінде болар. Халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы күрт нашарлады. Барлық салаға дендеген дағдарысты спортшылар қауымы да анық сезінді.
Сол тұста «Ел-жұрттың жағдайы мынау. Тәй-тәй басқан тәуелсіз мемлекетіміз әлі де еңсе тіктей алмай жатыр. Келешегіміз қалай болады?» деген сансыз ой санамызды шарлады. Сол кездері біз жалындап өсіп келе жатқан жастар едік. Халықаралық додаларда елеулі табыстарға қол жеткізіп, болашаққа үлкен жоспар құрып та үлгергенбіз.
Десек те іште «Спорттық карьерамыз енді не болады?» деген уайым да болады. Бірақ мұнымыз бекер екен. Мемлекет басшысы өзінің сындарлы әрі салиқалы саясатының арқасында елімізді тығырықтан алып шықты. Дағдарысты жеңе білдік. Тіптен, ең бір қиын кезеңдердің өзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың спортшылар қауымына деген қамқорлығы ерекше болды. Елбасы бізге үнемі қолдау көрсетіп, өз қамқорлығын еш аяған жоқ. Соның арқасында Қазақстанның спорттық даңқы асқақтап, атағы шартарапқа жайылды.
Жеке өзіме келер болсам, Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет жүздесудің сәті түсті. Мемлекет басшысы мені 1996 жылы Атланта Олимпиадасынан кейін «Құрмет» ордені, 1999 жылы Хьюстондағы әлем чемпионатынан кейін «Парасат» ордені және 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарынан кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Иә, марапат алған адамның әркез марқайып жүретіні рас қой. Сонымен қатар айтулы кездесулердің барлығынан керемет әсер алып, Елбасының көрегендігіне тамсандық.
Сөз соңында қосарым, елордамыздың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі де көңілімнен шықты.
Болат ЖҰМАДІЛОВ,
Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы