• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

«Хат қоржын» (28.03.2018)

8583 рет
көрсетілді

...ризашылық білдіреді

Мерейің үстем болсын, бас басылым!

Көпшілік оқырман үшін «Егемен Қазақстан» газетінің орны ерекше десек, ал биылғы осы басылымның 100 жылдығы айтулы мерекелердің бірі болып саналады. Газет сонау аласапыран қиын кезде құрылып, одан бергі замандарда небір кезеңдерді бастан өткерсе де өз міндетін абыроймен атқара білді. Ұжымдағы небір тарландар «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелді өз тұғырнамасы ете білді. Кеңес заманында небір өткір мақалалардың жолы болмаса, тәуелсіздіктен соң оларға даңғыл жол ашылды. Тарихи тақырыптарға тереңдеп барып, тыйым салынған тұлғалардың бағы жанды. Әсіресе батырларымыз бен билеріміз, даналарымыз туралы терең мағыналы мақалаларды қалың оқырман тұщына оқитын болды. Менің де тарих шындығына арналған мақалаларым жарық көрді. Мерекелі жылы көпшілік көкейіндегі күрделі мәселелер өз орайын таба берсін дегім келеді. 

Болатбек НӘСЕНОВ, 

тарих ғылымдарының докторы

...әсерімен бөліседі

Қылқалам шебері насихатталды

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ұйымдастырылған арнайы клуб аясында халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 115 жылдығына орай «Өмір және өнер» атты отырыс өтті. 

Шара басында кітапханашы Гүлшат Исмадилова Әбілхан Қастеевтің қиындыққа толы балалық шағы мен жастық шағы туралы әңгімелей келе, сирек берілетін көркем шығармашылық дарынымен ол жеткіншек кезінде-ақ тастар мен ағаш қабығына табиғаттың сұлулығын бейнелегені жайлы айтып берді. Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық көркемсурет мектебінің негізін қалаушы, ұлы суретшінің шығармашылық жолы мен қалыптасуы туралы ақпарат берілді. Қатысушылар Әбілхан Қастеевтің «Қазақстан байлығы», «Тың туралы», «Қазақстан жерінде» және тағы басқа еңбектері туралы тереңірек мағлұмат ала білді. Кітапханашы суретшінің әрбір туындысы – ел тарихы, қазақстандық кескіндеме тарихы екенін атап өтті. Жиын соңында «Өмір мен өнер» атты ашық кітап көрмесіне қойылған құнды дүниелерге шолу жасалды.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

Семей

...үміт артады

Мүгедек жан бизнесін кеңейтпекші

Ақмола облысының Жарқайың ауданында қайта өңдеуге жарайтын шикізаттарды қабылдайтын арнайы қойма жұмыс істеп тұр. Оны ІІ топтағы мүгедек Сергей Привалов ашып, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отыр. Денсаулығындағы кінәратына қарамастан Сергей бала күнінен алғыр болып өскен. Мектепті үйде оқып жүріп аяқтаған соң, колледжден бағдарламашы мамандығын алып шықты. Кейін ата-анасы мен достарының қолдауының арқасында Державинск қаласында кішігірім қойманы жалға алып, картон қағаздары, плас­тик бөтелкелері мен темір ыдыстарды жинайтын орын ашты. Қоймада отырып қана қоймай, қала ішін аралап шикізат іздеуге кірісті. Жиналған қаражатына велосипед сатып алып, оған арнайы жәшіктер орнатты.

«Нұр Отан» партиясының Жарқайың аудандық филиалына көмек сұрап келген Сергейге партияластар қолұшын созып, қажетті құжаттарды жинастырып, қойманы сенімгерлік басқаруға алуға көмектесті. Қоймада бүгінгі күні Сергей аллюминий ыдыстарды, пластик, шыны бөтелкелер мен қағаз қалдықтарын жинауда.

«Сергей өз ісін картон жинаудан бастаған. Партияның көмегімен құжат жинауға көмектестік. Облыс орталығына шикізат жөнелтуде қиындық көріп отыр. Бұл мәселе де шешімін табады деп сенеміз», дейді аудандық партия филиалының консультанты, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Әділ Нұрбеков.

Бүгінде Сергей «Бастау-бизнес» бағдарламасына құжаттарын тапсырып қойған. Оқып, несие алып, бизнесін кеңейтсем деген ниетте.

«Қоқыс өңдейтін цех ашсам деймін. Айналаның барлығы шашылған қоқыс. Оны қайта өңдеуден өткізіп, құрылыс заттарын шығару ойда бар», деп өз жоспарымен бөліскен Сергей қол қусырып отырған жан емес. Қатарластарынан кем қалмай жоба құрып, грант алып, бизнесін кеңейтпекші.

Аслан ОСПАНОВ

Ақмола облысы