Осы суретті көрген сайын, кешегі кемел кемеңгерлердің кісілік келбетіне сүйсініп қана қоймай, олардың атқарған елеулі еңбектеріне деген құрметің одан сайын арта түскенін аңғарасың.
Жарқын да жылы бейнелерге қарап отырып, өткен ғасырдың дәл ортасында, нақты айтар болсақ 1955 жылдары омырауында республика Жоғарғы Кеңесі депутатының белгісі бар ҚазКСР Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың ұлттық өнеріміздің абыройын асырып, бүкіл Одаққа танымал майталмандардың сурет көрмесін ұйымдастырғаны есімізге түседі.
Суреттен көріп отырғандарыңыздай, олардың арасында заңғар жазушы, Лениндік сыйлықтың иегері Мұхтар Әуезов, талантты ақындар Әбділдә Тәжібаев пен Диқан Әбіловті анық байқауға болады. Әлбетте, ұлы Мұқаңдардың бейнесін болашақ ұмыта қоймас, мәселе осынау тұлғалардың талантын тап басып танып, шығармашыл жандардың шындық үшін шырылдаған бозторғай үнін бірден түсінетін Ілияс аға Омаровтай билік өкілінің бейнесі мен берекелі істерін бүгінгі жастарға үлгі еткіміз келеді.
«Өмірде креслоны көркейтетін адамдар болады, кресло арқылы өзін көркейтетін адамдар болады» деп Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов бағалағандай, Ілияс аға министр креслосын көркейтіп, һас таланттарды үнемі танып, қолдап отырған. Аралдың құм басқан шөлді ауылында туып, шұрайлы шығарма жазып жүрген жас талап Зейнолла Шүкіровтің жыр жолдарын баспасөз беттерінен тамсана оқыған бойда Қызылордадағы Асқар Тоқмағамбетовке қоңырау шалып: «Осы балаға көз қырыңды сала жүргейсің!» деуінің өзі неге тұрады? Сырлы суретке зер салған сайын, Ілиястай азаматтардың алаш баласына деген ақжолтай жылы тілектерін іштей сезініп, терең ойға шомасың...
Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері