• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

Қос бейіт

987 рет
көрсетілді

Жақсының ұшы-қиырына жанарың жетпейтін жусанды, жалпақ даласында бейіттер көп ұшырасады. Соңғы уақытта үзіліңкіреп қалғаны болмаса, ел ішіндегі көнекөз қариялар әр бейітке жерленген адамның тағдырын тасқа басқандай етіп айтып отырар еді. Мына бір бейіт ел ішінде «Қос бейіт» деп аталады. Кейбіреулер «шатырлы бейіт» деп те атайды. Қалай болған күнде де, аңызы ортақ, ақиқаты біреу. 

Есте жоқ ескі заманда алдына мал бітпеген кедей жігіт пен осы жалпақ далада мыңғыртып мал бағып, шашасынан асып төгілген байдың қызғалдақтай құлпырған бойжеткен қызы бірге жерленген деседі. Көнекөздердің айтуына қарағанда, малшы жігіт құрығын сүйретіп мал бағып жүрген күндердің бір күнінде ауыздығымен алысқан сәйгүлік мінген сұлуды көреді. Сыңғырлап күлгені қандай! Жанарын жарқ еткізіп, қасын серпіп тастап қарағаны қандай! Жусанды далада арман қуып жүрген өндір жігіттің жүрегіне от түскендей. Бір көргеннен ғашық болады. Даланың еңбекпен шыңдалып өскен бозбаласына бойжеткен де кет әрі демепті. Тілдесе келе, бірін-бірі ұнатқан. Кәдімгідей ғашық болған. Ел ішінде әңгіме жата ма, сыпсың сөз жыланша жорғалап аузынан жалыны шығып тұрған қыз әкесі – байға да жетеді. Жігіттің өз басын кем көрмесе де, кедей әулет. Жары­маған тұқым. Жарлыға қыз беру, қыз болғанда да желге, күнге тигізбей әлпештеп баққан перзентін ұзатуды намыс көреді. Ойланып-толғана келе, малшысынан қалайда құтылу қажет деп шешеді. Біржола құты­лудың жалғыз жолы – өлтіру. Жендеттеріне тапсырма берген. Өкініштісі, жаналғыштар байдың тапсырмасын орындаған кезде жігітпен бірге бойжеткен оқыстан қаза табады. Өзінің қателігін кеш түсінген бай бар­мағын тістеп, қызылды-жасылды бұл дүниеде бақыт бұйырмаған қыз бен жігітті жер бесікке бірге бөлейді. 

Қазір бұл жер сүйіспеншілік пен мейірім­діліктің отауы тәрізді. Ат тұяғы жететін жерден жас­тар келіп мінәжат етеді. Жақсы ауданының аумағындағы осы бір қос бейіт бағзы замандағы бір-бірімен қосыла алмай арманда кеткен екі жас­тан қалған мәңгілік белгі іспетті. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы