• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

Арал теңізі күні аталып өтті

945 рет
көрсетілді

Арал теңізі күні А.Тоқмағамбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйінде «Тұран тұнығы – Арал» тақырыбымен аталып өтті.

2017 жылы облыс әкімдігі мен халықаралық Аралды құтқару қоры ұйымдастырған халықаралық тұрақты даму форумында қордың құрылған күніне орай 26-шы наурыз - Арал күні болып қабылданған болатын. Жиында халықаралық қордың Қызылорда филиалының өкілі Ибрагим Әлиев әлемдік проблеманың салдарын жою жөніндегі Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін үйлестірудегі ұйымның роліне ерекше тоқталды. Қор жұмысын бастағалы бері экологиялық тұрғыдан сауықтыру және әлеуметтік-экономикалық түйткілді тарқату бағытында көптеген бағдарлама жүзеге асырылды. Қазақстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен теңіздің солтүстік бөлігін қалпына келтірді.

– Үкіметтің, халықаралық ұйымдардың, қаржы ұйымдарының Арал өңірінің экологиялық, әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған түрлі жобалары мен бағдарламаларын түгел тізіп шығу мүмкін емес. Жағдайды жақсарту мақсатында қолға алған шараларды әлі де жалғастыра береміз, – деді И.Әлиев.

Салтанатты жиында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Тұран» триосы және өзге де жергілікті өнерпаздар Арал тақырыбындағы ән-жырымен көпшілікке шашу шашты.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы