• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

Халықаралық Түркі академиясында Наурыз мерекесі ежелгі түркі дәстүрі бойынша тойланды

810 рет
көрсетілді

Халықаралық Түркі академиясында Наурыз мерекесі аталып өтті. Жиынға Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Моңғолия елшісі Лувсан Баттулга қатысқан шарада ежелгі түркі дәстүрі бойынша балғамен төс соғу, алау жағу, темір соғу секілді ежелгі түркі дәстүрлері орындалды.

Жиында сөз алған Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады.

 «Ұлыстың ұлы күні – күн мен түн теңелетін, барша жұрт жақсылыққа кенелетін біздің ұлық мерекеміз. Қазақта «ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа» деген сөз бар. Біз үшін ескі жыл жақсылыққа толы болды. Әзербайжанда Президент сайлауы өтіп, құрметті Илхам Әлиев мырза қайта сайланып, өкілеттігі ұзарды. Түркия Президенттік жүйеге көшіп, құрметті Режеп Тайип Ердоған мырза Мемлекет басшысы ретінде қызметіне кірісті. Биылғы тағы бір ерекше оқиға – Мажарстанның Түркі академиясына мүше болуы. Бауырлас қырғыз елінде үлкен саммит өтті. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясының ЮНЕСКО-да үлкен жиыны болды. Түркі академиясы әзірлеген Түркі әлемінің интеграциясының концепциясы бекітілді. Академия әзірлеген ортақ тарих, ортақ география, әдебиет бойынша жұмыстар жалғасын тапты» деді Д.Қыдырәлі. 

«Сонымен қатар биыл еліміз үшін де берекелі болды. Наурыздың басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өз өкілеттігін тоқтатып, жаңа Президентіміз қызметіне кірісті. Елордамыздың атауы өзгерді. Жаңа жылға жоспарларымыз көп. Биылғы жыл өздеріңіз білетіндей, Түркі кеңесінің он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Кітапханамызға атын беріп отырған Иштван Қоңыр Мандоки ағамыздың 75 жылдығын тойлауды бастап кеттік. Биыл Алаш арыстарының көпшілігінің 125 жылдығы тойланады. Сондай-ақ биыл Алтын орданың, Моғолстанның 750 жылдығын атап өтеміз. Ататүрік бастаған «Самсун қозғалысына» 100 жыл толып отыр. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабының жарық көргеніне 950 жыл толды» деді Дархан Қыдырәлі. 

Мерекелік жиынға жиналған қауымға еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бата берді. Сондай-ақ еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов Наурыз мерекесі туралы пікірімен бөлісті. 

«Наурыздың тарихи тереңде жатыр. Бұл – біздің заманымызға дейін де тойланып келген үлкен мейрам. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, малдың ауызы көкке тиетін кезі. Бұл – БҰҰ-да, ЮНЕСКО-да тіркелген, халықаралық дәрежедегі мереке. «Наурыз» парсы тілінен аударғанда жаңа күн деген мағына береді. Тарихқа үңілетін болсақ, зороастризм дінімен, отпен байланысты. Бірақ әр елде өзінің сипаты, қыры бар. Кеңес Одағында Наурыз тойлауға тиым салынғанымен, бұл керемет мереке ұмыт болған емес. Жыл сайын әр үйде дастархан жайылып, наурыз көже пісіріліп, жарапазан айтылады. Жастар үлкендерге келіп сәлем беріп, жылдан аман шығуымен құттықтап, көріседі. Бұл керемет дәстүр еліміздің батысында 14 наурызда басталып кетеді. Халық арасында «Амал» мерекесі деп танылған. Ал биыл елордамызда «Нұр Отан» партиясының штаб-пәтерінде тойланды. Яғни, бұл еліміздің басқа облыстарына да таралып жатқанының белгісі» деді Ә.Ахметов. 

Наурыз мерекесінің шығу тарихы туралы деректер көп. Рашид ад-Диннің «Жәмиғат-тауарих» кітабындағы аңызға сүйінсек, әйгілі Оғыз ханнан тараған Ел ханның елі шапқыншылыққа түсіп, Алтай тауының баурайындағы Ергенеқон шатқалына тығылып, аман қалады. Тар шатқалда өсіп-өніп, көбейген халық наурызда таудың темірмен құрсалған бөлігін ерітіп, көк бөрінің жол көрсетуімен таудан етекке түседі. Сөйтіп, олар жауын жеңіп Отанын азат етеді. Осылайша, Ергенеқоннан шыққан күнін жыл сайын наурызда тойлай бастайды. Жаңғыру мен жаңарудың бұл мейрамы сол заманнан бастап Ұлыстың ұлы күні деп аталады. Түркі билеушілерінің күні балғамен төс соғып, көмір жағып, темір соғу салты осы аңызға байланысты қалыптасқан дәстүр деседі. 

Бұл ескі дәстүр бүгін Халықаралық Түркі академиясында қайта жаңғырды. Наурыз мейрамына жиналған түркі тілдес мемлекеттердің елшілері, қоғам және мемлекет қайраткерлері ежелгі түркі дәстүрі бойынша балғамен төс соғып, алау жағып, темір соғып, ежелгі түркі дәстүрін жаңғыртты.

Жиын соңы мерекелік дастарханға ұласты.