• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

Алматыдағы Ә.Қастеев музейінде «Сәлем, Көктем!» атты музыкалық вернисаж өтеді

579 рет
көрсетілді

Алматылықтар мен қала қонақтары үшін  көңілдерді шуаққа бөлейтін әсем музыка кешін тамашалаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Сәлем, Көктем!» атты музыкалық вернисаж өтеді. Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Талғат Полатов (аккордеон) Пьяццолла, Галяьно, Брамс, Құрманғазының және француз, бразилия, испан композиторларының әйгілі шығармаларын орындайды.

Талғат Полатов Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын профессор А.М. Гайсиннің класы бойынша бітірген. Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты. Көп жылдар бойы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінде «Сырнай» тобының концертмейстрі болып еңбек етті. Осы оркестр құрамында Қазақстан, Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Қытай және т.б. елдердің қалаларындағы Kennedy Center (Вашингтон, США),    «Карнеги холл» (Нью-Йорк, США), «Концертхаус» ( Вена, Австрия), «Staats Oper unter den Linden» (Берлин, Германия) сынды әлемге әйгілі басқа да көптеген концерт залдарында гастрольдік турларда концерт қойған дарын иесі. Осы ұжымдағы көп жылдық және жемісті еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Аккордеон – көптеген елдерде халық аспабы болып есептеледі. Оны Германия, Франция, Сербия және Балқан түбегі елдерінде төл аспабымыз деп қарайды. Ал Ресейліктер бұл аспапты жақсы көретіні сонша, оған аты аңызға айналған орыстың Баян жыршысының атын берген. Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та  да аккордеон кеңінен тараған. Және бұл елде тұтастай тек аккордеонға ғана арналған бірнеше музей бар. Аргентинада аккордеонмен ұқсастығы көп бандеон аспабынсыз бірде-бір халықтық концерт өтпейді, Латын Америкасында пайда болып, әлемдік құрметке ие болған танго жанры осынау назды да жылы әрі қоңыр әуезді тембрмен байланыстырылады.

«Ә. Қастеев атындағы музейдегі концертте аккордеон жаңаша, тосын әуезде үн қатады – еліктіріп, елітіп, сезім толқынын тудырады.  Бағдарлама репертуары кең – Франция мен Латын Америкасының әйгілі әуендері де, Испанияның джаз стандарттары мен қызба әуендері де, Пьяццолланың терең ойлы шығармаларымен бірге оның танго стиліндегі шығармалары да орындалады. Әсем кеш 2019 жылдың 4 сәуір күні 19.00-де өтеді», –  дейді музейдің баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ