• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

Жетісу диқандары қант қызылшасы егістігін 14 000 гектарға жеткізбек

477 рет
көрсетілді

Алматы облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің қаржылай көлемі 700 млрд теңгеден асты. Ал өңір бойынша агроөнеркәсіпке салынған инвестиция мөлшері 82 млрд теңгеге жетті.

Түгін тартсаң майы шығатын Жетісуда егін шаруашылығы басым маңызға ие. Әсіресе қант қызылшасын өсіру бойынша Алматы облысы аймақтар арасында көшбасшы. Өткен жылы жетісулық диқандар 11,2 000  гектар алқапқа тәтті түбір тұқымын сеуіп, одан 442 000  тонна қызылша жинады. Жыл сайын танаптарды күтіп-баптаудың жаңа технологияларға негізделіп жаңғыртылуы өнімділікті арттырып отыр. Мысалға, өткен жылы қант қызылшасының әр гектардан жиналған орташа өнімділігі 400 центнерден айналды. Ал облыс аудандары арасында Ескелді ауданы рекордттық көрсеткішке қол жеткізіп, танаптан 520 центнерге дейін өнім алған.

Өңірде қант қызылшасын өсіруге берілген басымдық өндірістің де дамуына жол ашып отыр. Соңғы 2 жыл көлемінде тоқтаусыз жұмыс істеген Көксу және Ақсу ауданындағы қант зауыттары жергілікті шикізаттан өнім шығарып, ішкі нарықты ақ қантпен қамтамасыз етуге бет бұрды. Мәлімет бойынша былтыр осы 2 зауыттан алынған дайын қант өнімі 42 000 тоннаға жеткен екен. Бұл облыстың ішкі сұраныс толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті өнім. Бүгінде жетісу аграршылары «алтын шыққан жерді белден қазуға» кірісті. Диқандар қызылша егістігінің көлемін көбейтіп жатыр.

- Биыл қант қызылшасының көлемін 14 мың гектарға жеткізіп, 485 мың тонна тәтті түбір алуды  жоспарлап отырмыз. Өнім көбейгесін, оны өңдейтін зауыт керек. Қазір толық қуатында жұмыс істеп тұрған Көксу мен Ақсу қант зауыттарынан бөлек, Алакөл ауданы мен Ескелді ауданындағы тоқтап тұрған қант зауыттарын қайта іске қосуды қолға алып жатырмыз. Қазір қалпына келтіру жұмыстары басталды. Инвесторлар таптық, бұйырса биылғы қызылша жинау науқанында алғашқы өнім қабылдайды деп күтеміз. Ал Алматы маңындағы аудандардың өсірген қызылшасын алысқа тасу мәселесін шешу үшін Қапшағай қаласынан жаңа қант зауытын салу жоспарда бар. Осы жобалар жүзеге асқаннан кейін Жетісуда өндірілген қант еліміздің нарығын қамтуға үлес қосатын болады, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Жақында «Көксу» қант зауытының қант қызылшасын өсіруші шаруа қожалықтары алдындағы қарызы 600 млн теңгеден асып, диқандардың тиісті өтемақыларына қол жеткізе алмай отырғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Алаңдаушылық білдірген диқандар көктемгі егістің мерзімі жақын қалғандықтан, тиісті қаражат қолға тимесе тұқым мен тыңайтқыш сатып алудан қиналатындықтарын айтқан еді. Қазір бұл мәселе толықтай оң шешімін тапқан көрінеді.

- Алматы облысында көктемгі егіс науқаны сәуір айынан басталады. Осы мерзімге дейін «Көксу» қант зауыты шаруа қожалықтарына берешегін толық төлеп, жаңа жұмыстың басталуына жағдай жасайды. Мәселе облыс әкімінің бақылауында. Қант қызылшасын өсіру біздің аймақ үшін стратегиялық мақсат болып отыр. Сондықтан қызылша өсірушілердің алаңдауына негіз жоқ, - деді бізге жағдайды түсіндірген Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Айтпақшы, кейінгі жылдары облыстың қызылша өсірушілері жергілікті тұқымды пайдалануға көшіп жатыр екен. Қазіргі Панфилов ауданындағы «Қамқорлық» тәжірибе шаруашылығын алқаптарында өсіріліп, сынақтан өткен «Айшолпан» атты отандық қант қызылшасының тұқымы өнім бере бастапты. 2018 жылы «Қамқорлық» шаруашылығы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе өндіріске енгізген жаңа сорт сапасы жөнінен шетелден алынған тұқымнан еш кем емес екен. Есесіне, бағасы қол жетімді. Әрі Жетісу топырағын жатсынбайды.

- Біз 15 жылдан бері өзімізде өсірілген қызылша тұқымына тәжірибе жасап келеміз. Мақсатымыз қазақ диқандарының сапалы қызылша тұқымын егіп, мол өнім жинауына көмек көрсету. Отандық тұқымның сапасы шетелден миллиондаған долларға сатып алынатын тұқымнан еш кем емес, қайта өнімділігі анағұрлым жоғары екендігіне көз жеткіздік. Қазір біздің өнімді  Украина, Ресей егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары сынақтан өткізіп, жоғары баға берді, - дейді Панфилов ауданындағы «Қамқорлық» элиталық-тұқым шаруашылығының директоры Әлен Жолдасов.

Жалпы Алматы облысында көкетемгі дала жұмыстарына қызу әзірлік жасалуда. 1 сәуірден бастап аймақтың барлық егіс алқаптарына соқа мен түрен салынады. Сондай-ақ,  биыл өңірде суармалы жердің көлемі көбейеді. Бұл аудандардағы ирригациялық желілерді қалпына келтірудің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Есеп бойынша, 25 мың гектар суармалы жерді айналымға қосылмақ. Ирригациялық желілерді қалпына келтіру, түгендеу жұмыстарына осыдан 3 жыл бұрын жергілікті бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінген еді, сол жұмыс жемісін бере бастады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы