• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2019

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын қазақстандықтардың саны өсіп келеді

579 рет
көрсетілді

Бұл туралы  Ranking.kz сараптама агенттігінің сарапшылары айтты.  

Мамандардың зерттеуіне қарағанда, 2019 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз есептескендердің саны 35,7 пайызға жеткен.

Ал былтыр ол көрсеткіш 28,3 пайыз болған. Он жыл бұрын тіпті 11,1 пайыз болған екен. «Банктен шешілген қолма-қол ақша бір жылда тек 39,2 пайызға өссе, ақшасыз төлем екі есеге дейін өскен. Нәтижесінде карта айналымынан түскен қаражат бірден 55,3 пайызға артқан. Осы жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша, банк карталарынан айналымға түскен қаражат 23,66 миллионға жетті. Қолданылған 17,88 миллион картанының дебеттік карта екені анықталды», - дейді сарапшылар.

Бүгінде нарықта банк карталары зор сұранысқа ие болып жатыр. ҚР Қаржы министрлігі  өткен жылы банк карточкалары арқылы сауда жасағанда бөлінетін комиссияны алып тастауды ұсынды.  Себебі комиссиялық сыйақыны мемлекеттік реттеу туралы ұсыныстар жиі айтылыпты.  «Қолма-қол ақшасыз төлем жасау кезінде алынатын комиссияның көлемін банктің экономикалық шығынының орнын толтыру үшін банк шоттарынан қолма-қол ақшаны шешіп алу кезінде көрсетілетін қызметтің құнын арттыру арқылы жүзеге асыруға болады. Сол себепті төлем карточкалары бар адамдарға карточкамен төлем жасату үшін оны қолдануға байланысты алынатын қандай да бір ақыны алып тастауды қарастыратын кез келді» дейді Қаржы министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде.  

Осыған дейін Gold санатындағы карталар жоғары бағаланса, енді платин сегментіндегі карталар жоғары бағаланып жатыр. Бірақ осыған қарамастан  Қазақстанда төлемдердің небәрі 18 пайызы ғана несие картасы арқылы жасалады.  Үкіметтің экономикалық бөлігі «толықтай қолма-қол ақшасыз төлем жүйесіне өтуге не кедергі?» деген сауалдың түйінін тарқата алмай келе жатқанына талай уақыт болды. Ұлттық банк сайтында жарияланған соңғы деректер  соңғы 15 жылда  25 миллион Visa картасы шығарылғанын айтады.

Әрбір қаржы операциясының онлайн режимде жасалғаны кез келген ел үшін де тиімді. Себебі онлайн төлем туралы мәлімет ақпараттар қорында сақталады. Бұл қаржы айналымының көлемін анықтауға және ел азаматтарының салық төлеуін қадағалауға мүмкіндік береді.

GFK сараптамалық агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстандағы компаниялардың 88 пайызы тауар алмасу үдерісін қолма-қол ақша алу арқылы жүзеге асырып жүр. Ал олардың 19 пайызы электронды төлем жүйесімен мүлде жұмыс істемейді.  Қазақстандықтардың 37 пайызы картадағы ақшасын банкоматтан шешіп  алып, сосын тұтынатындығын көрсетті. Ал 13 пайызы картамен төлем жасайды. Кәсіп­кер­лерге көмек орта­лығының директоры Дми­т­рий Казанцев бізге берген сұхбатында біздің қаржылық сауаттылығымыз  Ресей не Украина тұрғындарына қарағанда төме екенін айтты. Қаржылық сауаттылық алдымен өзімізге керек.   Себебі жасалатын электронды төлемдер туралы мәлімет үнемі ақпараттар қорында сақталады. Ал қолма-қол қабылданған төлемде қателік кетеді не ақша жымқыру жағдайлары болуы мүмкін.

«Қазіргі Қазақстан қоғамында 18 жастан жоғары азаматтардың небәрі 15 пайызы төлемнің тез әрі қауіпсіз орындалғанын басты құндылық деп біледі. Демек, электронды төлем жүйесін қолдағанмен,  мұндай өзгеріске бейімделгісі келмейді», –дейді кәсіп­кер­лерге көмек орта­лығының директоры Дми­т­рий Казанцев.

Кәсіпкер осы ретте ашық экономикалық саясаттың онлайн төлем жүйесінің кейбір кәсіпкерлерге ұнамайтынын тілге тиек етіп өтті. Шағын және орта бизнес өкілдері тауарды қолма-қол ақшаға сатуды жөн санайды.

«Бұл  кәсіпкерлер салық төлеу кезінде қолма-қол түскен табыстың көлемін азайтып, салық мөлшерін кішірейтеді. Осылай табысы артса да, салықты аз төлеуге үйренген азаматтар дүкендеріне терминалды енгізуден бас тартып жүр», -дейді Дми­т­рий Казанцев .

Халықты жаппай сауаттандыру үдерісіне тек үкімет қызметтерінің жұмылдырылғаны жеткіліксіз. Оған қаржы технологиясындағы (финтех) компаниялар мен қаржы институттары да атсалысуы тиіс. Мысалы, АҚШ үкіметі алып қаржы институттарымен бірігіп, мектеп оқушыларының қаржылық сауатын ашуға бағытталған жобаларды қолға алса,  Қытай үкіметі жеке сектордағы қаржы мамандарын ауыл-аймақтарға семинар жүргізуге бағыттап отыр.

Сарапшылар мұндай сауаттандыру жұмыстарын біздің қолға алу қажетігімізді айтып отыр. 

Гүлбаршын САБАЕВА,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ