Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысында болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы қойған міндеттер үдесінен шығу үшін атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Кездесуге көп балалы отбасылардың, мемлекеттік қолдауға мұқтаж, әлеуметтік жағынан осал топтардың өкілдері көптеп жиналды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов кездесу барысында Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге кеңінен тоқталып, түсіндіріп берді.
– Еліміздің батысындағы бірқатар облыстарды аралап, әлеуметтік қамқорлық шаралары жайында ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ол өңірлердегі көкейкесті мәселелерді саралаудамыз. Бүгінгі күні елімізде жаңа серпінді даму кезеңі басталды, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова. Барлық жерде ең басты мәселе тұрғын үйге тіреліп отырғандығын көріп отырмыз.
Г.Әбдіқалықова атап көрсеткендей, негізгі жұмыс үш бағытта өрбиді. Оның ішінде ең аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсету, сондай-ақ медицина және білім саласына қатысты мәселелер бар. Бұл орайда, медицинаның алғашқы қолжетімділігі, дәрі-дәрмектің сапасы және бағасына көңіл бөлінеді. Ауылдың еңсесін көтеру де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл орайда мынадай жақсы жаңалықты екпін түсіре айта кеткен орынды болмақ. Мәселен, көп балалы ауыл тұрғындарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін көлемі 500 мың теңгеден 20 миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар мен шағын несиелер беріледі.
– Біз мүгедектерге өз кәсіптерін ашу үшін көмек көрсетуіміз қажет, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев. – Көп балалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін үйде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу ұйымдастырылады. Бұл орайда жергілікті әкімдіктермен жұмыс жүргізудеміз. Үйде отырып-ақ қаржы табуға болады. Ол үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ашумен бірге, сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімде оқытып үйрететін курстар ұйымдастырылуы керек.
Халықтың әл-ауқатын арттыратын басты жайт – жалақы мөлшері. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап білім беру саласындағы қызметкерлердің табысын 30 пайызға дейін көбейту көзделіп отыр. Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, интернат мекемелерінің тәрбиешілері, әдіскерлер, балабақшалар мен колледждердің әлеуметтік педагогтары, психологтар, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, техникалық персоналдың жалақылары жоғарыдағы айтылған мөлшерде өсетін болады. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы да 30 пайызға көтеріледі деп межеленіп отыр.
Өңірлерді дамыту мәселесі де басты назарда. «Құтты мекен» жобасына мемлекеттен 920 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаржының біраз бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалалары маңындағы инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады. Атап айтатын болсақ, осы мақсатқа 90 миллиард теңге жұмсалмақ. Моноқалаларды дамытуға 30 миллиард теңге бағытталмақ.
Әлі күнге дейін шешімін таппай отырған ауыз су мәселесі де бар. Бұл мәселе Ақмола облысына да қатысты. Өйткені өңірдің бірнеше елді мекені әлі күнге ауыз суды ашық су көздерінен алып пайдалануда. Тасымалдап ішіп отырғандар да аз емес. Міне, осындай қиын түйінді шешу үшін жалпы еліміз бойынша 140 миллиард теңге жұмсалмақ. Газ және электрмен қамтамасыз ету бағытына 190 миллиард теңге көзделген. Ел ішіндегі түйінді мәселенің бірі – жол. Жол мәселесін шешуге, жергілікті жолдардың желісін кеңейтуге 350 миллиард теңге қарастырылса, денсаулық сақтау саласын дамытуға 120 миллиард теңге бөлініп отыр.
– Медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сапасын жақсарту барысында ең алдымен кадр мәселесін шешуіміз керек, – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. – Қазіргі күні кейбір дәрігерлер маман кадрлар жетіспегендіктен, бір жарым жүктемемен жұмыс істеп жүр. Сондықтан алдағы уақытта жоғары оқу орнында грант бойынша білім алған түлектің жергілікті жерде үш жыл қызмет етуін міндеттеуіміз қажет.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов көп балалы отбасыларға тұрғын үй салу мәселесі және ол пәтерлердің кімдерге берілетіндігі туралы түсінікті етіп айтып берді. Сондай-ақ елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Алдағы жеті жыл ішінде осы мақсатқа мемлекеттен 140 миллиард теңге қаражат бөлінбек. Бағдарлама жүзеге асқан кезде барлық елді мекен таза сумен қамтамасыз етілетін болады. Астана төңірегіндегі елді мекендерде де бірқатар түйінді жайлардың бар екендігі белгілі. Мәселен, Қосшы, Қоянды, Талапкер ауылдары. Ол жерлердегі қиын түйін шешімін тапқан соң облыс орталығына іргелес қоныстанған елді мекендердің мәселелері де мұндай жанашырлықтан қалыс қалмайды.
Мұнан соң көпшілік тарапынан өздерін толғандырып жүрген сұрақтар қойылды. Алдымен сөз алған «Асыл аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсел Базарбаева алимент мәселесін көтерді. Бұл бір қоғамдық дертке айналып кеткен жай. Сұрақ қоюшының айтуына қарағанда, нақты бір адамның алиментке қарызы 11 миллион теңгеге дейін жеткен. Көп балалы аналар да алименттерін өндіре алмай жүр. Бұл сұраққа Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жауап берді.
– Өңірлерді аралаған кезде жалпыға ортақ осындай сауалдар қойылуда. Мен таяуда Жоғарғы сот төрағасымен кездестім. Арнайы комиссияда мәселені қалай шешуге болатындығын ойластыратын боламыз. Шынын айту керек, бұл жерде табысын жасырып отырған адамдардың да бар екендігі белгілі болып отыр. Сондықтан таяу арада тиімді шара түрін ойластырамыз.
«Nur Otan» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бүгінгі кездесуде сөз болып отырған барлық мәселелердің партия тарапынан қатаң бақылауға алынғандығын, ел игілігін молайтатын жайлардың жүзеге асуына көмек берілетіндігін тілге тиек етті.
Екі күндік жұмыс сапарының алғашқы күні Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамында, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұжымдарда, кәсіпорындарда болып, халыққа әлеуметтік қолдаудың мәнін түсіндірді. Кездесу барысында еңбекақы, еңбек қауіпсіздігін сақтау, өндіріс көлемін арттыру, денсаулық саласының жұмысын жақсарту туралы мәселелер көтерілді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы