• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2019

Жаңа буындағы университет

465 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған университет делегациясы М.И.Ломоносов атындағы ММУ-де (Мәскеу қ., РФ) өткен «Университеттер, қоғам және адамзат болашағы» халықаралық форумына қатысты. Жетекші жоғары оқу орны басшысының «Жаңа ұрпақ университеті: 4.0 траекториясы» тақырыбындағы баяндамасы форумға қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Форум жұмысына мыңдаған жетек­ші ресейлік және шетелдік жоға­ры оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Жапония, Франция, Германия, Ұлыбритания, Испа­ния, Италия, Грекия, Қытай, Қазақстан, Иран, Мысыр және басқа да елдердің таны­мал мемлекет қайраткерлері мен сарап­­шылар қатысты.

Олар жаһандану дәуірі мен қазіргі заманның сын-тегеу­рін­­дері жағдайында жоғары мек­теп­терді дамы­тудың және ғалам­дық ғылыми-бі­лім беру, техно­логиялық және гума­ни­­тар­­лық кеңістікті үйлестіруде жоға­ры оқу орындарының рөлін арт­­ты­рудың маңызды мәселе­ле­рін талқы­ла­ды.

Форумның пленарлық отырыстары адамзаттың ғылыми-білім беру және мәдени дамуындағы универ­ситет­тердің тарихи рөлін талқылауға, сондай-ақ қазіргі заманның жаһандық мәселелерін еңсеруге арналды.

Іс-шараны аша отырып, М.В.Ломоносов атын­да­ғы ММУ рек­то­ры, Еуразиялық универ­сит­ет­­­тер ассоциа­ция­сы­ның пре­зиден­ті, академик Виктор Садов­ни­чий университеттердің қоғам­да­ғы маңыз­ды миссиясын атап өтті. «Гумани­тар­лық білім беруді барынша дамыту керек, ол тарих, мәдениет, ана тілі және өнерге назар аудара отырып, жаһандану жағдайында сөзсіз пайда болатын моральдық және рухани ауытқуларды теңгере алады», – деді академик.

Қазақстанның жетекші жоға­ры оқу орны – Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ ректоры, Ғалым Мұтановтың жаңа буын­дағы университет үлгісін қалыптастыру тәжірибесі туралы баян­дамасы қатысушылардың қызығу­шылығын тудырды. «Төртін­ші буын университетінің моделі халықаралық тәжірибе негі­зін­де жасалған және жоғары техно­логиялық әрі рухани-адам­­гер­шілік платформалардың симбио­­зына негізделген. Ол жас ұрпақ­тың әлемнің азамат­та­ры ретінде ізгілікті және тұрақ­ты қоғам құру­да әлеуметтік жауап­кершілігін қалып­тас­тыруға бағыт­талған», – деді ректор. Бұл модель ҚазҰУ-де «Әл-Фараби – Smart City» жобасы арқылы іс жүзінде көрініс тауып жатқанын алға тартты. Форумның қатысу­шы­лары ұсынылған үлгіге қолдау көрсетіп, оның өзектілігі мен сұранысқа ие екендігін атап өтті.

Форум аясында Еуразиялық универ­­ситеттер ассоциа­ция­сы­н­ың құ­рыл­­тайы өткізіліп, онда ғылым және білім саласындағы ынтымақ­тас­тық туралы меморан­дум­дар­ға қол қойыл­ды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ