• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2019

Таланттар тоғысқан білім ұясы

974 рет
көрсетілді

Алматыда 17-20 наурыз аралығында жоғары сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен Абай атындағы І республикалық олимпиада өтті. Алғашқы олимпиадаға 11 облыс­тан 77 дарынды оқушы қатысты. Айтулы оқиғаға ұйытқы болған Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаты өңірлік іріктеу байқаулары арқылы ауылдағы таланттарға қолдау көрсетуде. Осы ретте аталған мектеп-интернат директоры Роза СЕКСЕНОВАМЕН әңгімелескен едік. 

– Роза Ербозымқызы, елі­міз­­дің әр түкпіріндегі жас та­лант­­тарды тоғыстырған ал­­­ғаш­қы олимпиада қалай ұйым­­­дастырылды? 

– Білім және ғылым министр­лі­гінің қолдауымен тұңғыш рет өткен олимпиаданың бас демеу­ші­сі әрі идея авторы – біздің мектеп-интернат. Бұл олимпиада кел­ер жылдан бастап Білім және ғы­лым министрлігінің жоспарына енеді. 

Мектебіміздің атауына сай, Абайдың «құлақтан кіріп, бойды алған» өшпес мұрасындағы ұлттық рух оқушылардың санасына сіңіп, жадында жатталып қалса, әлемді Абайша танып, пайымдауға бір қадам аяқ басса – олимпиада мақсатының орын­дал­ғаны.

Шалғай облыстардағы ауылдар мен аудандардағы дарынды балалардың жол алыстығы, мектеп жайлы ақпаратпен дер ке­зінде хабардар болмауы, жағ­да­йы төмен отбасылардың жол қаражатын көтере алмауы секілді қиын­дықтарға байланысты оқу ордамыздан білім алуды арман еткен дарындылардың тамыз айында өтетін 8-сыныпқа қабылдау емтиханына қатысуға мүм­кіндігі болмай жатады. Таса­да жүрген таланттарды анық­тап, алыс ауылдардағы да­рынды балалардың жақсы білім алуына мүмкіндік беру мақ­са­тын­да көшпелі қабылдау комис­сия­сын құрып, 8-сыныпқа қабыл­дау емтиханы облыстық білім басқармаларының ұйым­дас­ты­руы­мен әр облыстарда сәуір айын­да өткізіледі. Емтихан кестесі мен қосымша ақпараттарды www.abaimektep.kz немесе abairsshi@mail.ru электронды пошта­сы арқылы алуға болады.    

– Қазіргі уақытта аса қабі­лет­ті балалар көп. Бұл үде­рістің мәнін неден іздеуге бола­ды?

– ХХІ ғасырдың жас­өс­пі­рімдерін біздің кезеңмен салыс­тыруға келмейді. Бұл буын – басқа. Себебі олар – тәуел­сіз Қазақстанда туғандар. Сондық­тан ойы еркін, талабы жоғары. Қазіргі таңда тілі шық­паған ба­ла­ның өзі техника тілін өз бе­тімен меңгеріп кетуге қабі­лет­ті. Ал жаһандану заманында ақпараттың қолжетімділігі бала­ның жан-жақты дамып, ой-өрісінің кеңеюіне септігін тигізеді. Осы орайда, мектеп бағдарламасындағы міндетті пәндерден бөлек, шәкірттеріміз түстен кейінгі уақытта айтыс, домбыра, вокал, би үйірмелерінде шығармашылықтарын шыңдап, ағылшын, түрік, қытай тілдері мен латын графикасы бейіндік пәндерінде заман талабына сай халықаралық тілдерді меңгеріп, роботтехникасы пәні арқылы тех­но­крат­тық дағдыларын қа­лыптас­ты­рады. 2019-2020 оқу жылында жоғарыда аталған бейін­­­дік пәндермен қатар, сахна тілі, шахмат, қолөнер шеберлігі, дебат, тілдік қатынас негіздерін бейін­дік пән ретінде енгізуді мақсат етіп отырмыз.

– Бүгінде мектеп кітап­ха­на­­сы қайта байытылып, тамаша басылымдармен толықты. Ал бая­ғыдай құнығып кітап оқи­тын бала бар ма? 

– Кітапхана қоры жайында ауыз толтырып айта аламыз. Биыл шәкірт­теріміздің сұранысы бо­йын­­ша А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, І.Жан­сүгі­ров, М.Жұмабаев, С.Торай­ғы­ров, Ж.Аймауытов, О.Бөкей сынды классик ақын-жазушы­лар­дың шығармалар жинағымен толықтырылды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының 100 томдығы да кітапхана сөре­сі­нен орын алды. Сонымен қатар қарашаңырағымызға қонаққа келген ақын-жазушылар, ғалым­дардың сыйға тартқан төл еңбек­те­рі де кітапхана қорын ба­йытуда. Оқушылардың кітап оқуға құштарлығын арттыра түсу мақсатында қазақ тілі мен әде­биеті пәні мұғалімдерінің ұйым­дастыруымен 8-11-сынып оқушы­ларына бағдарламадан тыс оқылуы тиіс шығармалар тізімі тоқсан сайын ұсынылады. Тоқсан соңында дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылып, шығар­ма­лар­­дың тақырыптық-идеялық ерекше­­лігі, жазушы стилі мен тілі талданады. 

Сонымен қатар таңертең «Жыр – шұғылада» ақын-жазушылардың айлығын өткізеді. Мысалы, наурыз айы – жыраулар поэзиясының айлығы. Күнде таңғы сағат 7:25-7:55 аралығында сыныптар жырау­­­лар­дың толғауларын жатқа айтып, талдаудан жарысады. Бұл да оқушылардың көркем шығар­ма­ларды ізденіп оқуға деген құлшы­­нысын арттыруға септігін тигі­зеді.

– Мектеп қабырғасында кі­тап шығарған оқушы­ла­рың­ыз бар. Бұл бастама қалай жүзе­ге асып отыр?

– Кітап шығару ісі – оқушы­лар­дың шығармашылық ізденіс­те­рінің жемісі. Біздің мектеп-интернатта жазушылыққа бейім, болашақта журналист болуды армандайтын шәкірттер көп. Қабілетті балаларды қанат­тан­дыру мақсатында оқушы­лардың жеке өлеңдер, әңгіме­лер жинағын шығаруына көмек көрсе­теміз. Мысалы, Еркін Жан­тас «Сыбырлап оқы...», Әбді­ра­манхан Марат «Өзге дауыс», Базарбек Бекжан «Самғау», т.б. өлеңдер жинағы, Жеңіс Аида­ның «Арман құшағында» әңгі­ме­лер жинағы жарық көрді. Соны­мен қатар «Қақты қанат жас талап» сериясымен жыл сайын ақын шәкірттеріміздің өлеңдер топтамасын жариялаймыз. Оқушылардың жазушылық қырын қалыптастыру мақсатында «Қауырсын қалам» шығармалар жинағы, «Балбұлақ» эсселер жинағы, «Жауқазын жырлар» өлеңдер жинағы жарық көрді. Біз­дің қарашаңырақта еңбек еткен ұлағатты ұстаздарымыз, марқұм журналист, сатирик Үм­бет­бай Уайдаұлының рухын еске алып «Қалдырған ізің мәңгілік», тарихшы, жазушы Орынша Қарабалина-Қазыбаеваға арнап «Тағылым мен тағзым» атты естеліктер жинағын шығар­дық. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тәуел­сіз­дік – бабалар аманаты» атты респуб­ли­калық оқушылар айтысын жинақ етіп шығаруды жоспарлап отырмыз. Қарап отырсақ, бір оқу жылында 10 жинақ шығарыппыз.

– Бұл мектеп Алматының тө­­рінде орналасқандықтан, мектепке айтулы ақын-жазу­шы­­лар келіп, балалармен кезде­­сулер өткізіп жататын еді. Осы үрдіс қазір бар ма?

– Бұл кездесудің форматын өзгерт­тік. Кеш қонақтарымен салиқалы сұхбат жүргізілуіне баса назар аударамыз. Осы үрдіс бойынша ай сайын ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалым-профес­сор­лар оқушыларға танымдық дәріс­тер өткізеді. Мысалы, ақ­панда «Тілдік қатынас не­гіз­де­рі» пәнін енгізген профессор Фаузия Оразбаева мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева тіл білімінің даму кезеңдері, сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл дәлдігі мен көрнектілігі туралы дәріс оқыса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Мұрат Шай­ма­ран журналистикадағы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Таным­дық дәріс формасында ұйым­дас­ты­рылған мұндай кездесулерді шәкірттеріміз жақсы қабылдайды. 

Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ