«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз – ұлағатты есім. Шынайы ұстаз шәкірт жүрегіне жол таба біледі, жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды адамгершілікке, адалдыққа, білімге ұмтылуға жетелейді. Сондай асыл қасиеттерді бойына жиған ұстаздың бірі – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы №10 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, химия пәнінің мұғалімі Эльмира Досыбай. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, Эльмира ұстаздықтың қыр-сырын меңгеруге жете талаптанудың нәтижесінде жас та болса көптеген жетістікке қол жеткізді.
Жұбайы әскери қызметкер болғандықтан, Жаңаөзен қаласындағы №10 орта мектебіне жуырда ауысып келген Э.Досыбай бірқатар мәдени іс-шара мен химия пәні бойынша ашық сабақтар, қала көлемінде бірнеше семинар өткізіп, жастарға саналы тәрбие мен терең білім беруде ұжым мен ата-аналар тарапынан ілтипатқа ие болып отыр.
Жақында мектебіміздің 7 «А» сынып оқушыларымен үш тілде оқытуға байланысты жаңа форматта ағылшын тілінде өткізген қалалық семинарға қатысушылар, мұғалімдер және ментор Перизат Байтикова мұғалімнің ағылшын тілінде сабақ өткізуін, жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдануын, бейне және фото материалдарды орынды пайдалана білуін жоғары бағалады. Жуырда Э.Досыбай қалалық мұғалімдер олимпиадасында ІІ орынға ие болды. Мектеп тыныс-тіршілігіне қарап, берілген тапсырманы уақытымен атқарғаны үшін Жаңаөзен қалалық жастар ресурстары орталығының директоры Ғ.Құрманғалиевтің алғыс хаты және төсбелгісімен марапатталды.
«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерді жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп дана әл-Фараби айтқандай, Эльмира Келдебекқызының балалар алдында өзінің барлық адами болмысымен, педагогикалық мәдениетімен үлгі болуы көңілге шуақ құяды.
Айнұр ШАМОВА,
№10 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы