• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2019

Алматыда «Мүмкіндіктер палитрасы. Дәстүрлер және жаңашылдық» атты көрме ашылады

914 рет
көрсетілді

Алматыда белгілі қолөнер шеберлері әрі суретшілер Гүлжанат Қабижанова мен Нұрия Бикенова киіз бен құрақтан жасалған туындыларының бірлескен көрмесін өткізеді. «Мүмкіндіктер палитрасы. Дәстүрлер және жаңашылдық» деп аталған көрменің басты мақсаты– ұлттық өнердің ұмытылып бара жатқан қасиет- қалыбын жұртшылыққа насихаттау.

Экспозицияға алпыс шақты жұмыс қойылған, олар – панно-картиналар, киім, сәнді этноаксессуарлар. Авторлар өз жұмыстарында қазіргі заман өнері үшін маңызы зор ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамытуды және басқаша ойлауды интерпретациялайды. Өмірге сұлулық пен шаттық сыйлайтын сәндік өнер олардың жанына аса жақын. Суретшілер Аrt тандемде бірнеше рет жұмыстарын қойған, сонымен бірге олар өмірде де, шығармашылықта да мүдделес жандар.

Туындыгерлер Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдап, содан бері шығармашылық жолда өз болмыстарын көрсетуде. Олар ынта-ықыласын – бейнелеу өнеріне, қолданбалы өнерге және дизайн мен оқытушылық қызметке арнаған. Екеуі үшін шығармашылық – бірінші орында. Олар басты назарларын картиналар мен интерьер панносына аударғанымен, киім дизайнына да тәжірибе жасағанды ұнатады, әсіресе оларды ұлттық тақырып аса қызықтырады. Суретшілердің кәсіби және өмірлік мүдделері ортақ болса да, әрқайсысының дара келбеті мен өз шығармашылық әлемі бар. Айтулы көрме 2019 жылдың 5 сәуірінде Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында шымылдығын түреді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ