• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2019

Халықтың әл-ауқатын арттыру – негізгі басымдық

480 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезін­де Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы, партия Төр­аға­сы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт бірдей әлеуметтік жобаны анықтады. Осыған орай Nur Otan партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары Мәулен Әшім­баев Елбасының съезде берген тап­сыр­маларының орындалу барысын бақы­лау үшін Ақтөбе облысына келді.

Бүгінде «Халыққа көмек» жобасы аясында Nur Otan пар­тия­сы­ның қоғам­дық қабылдау бөлме­лері Бірыңғай әлеу­меттік терезе жүйесі бойынша қызмет көр­сету­де. Соған сәйкес қоғам­дағы өзек­ті әлеу­меттік мәселелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жария­ланған ақпа­рат­­тарға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Осы­лай­ша қабыл­дау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағи­дасы бойынша жұмыс істеп, өзекті мәсе­лелердің оң шешілуіне ықпал етпек.

Мәулен Әшімбаев партияның Ақтөбе облыс­тық филиалының қоғамдық қабыл­дау бөлмесіне арнайы ат басын бұрып, жаңа бастаманың маңызына тоқталды. Өз сөзінде ол қазіргі таңда партия халық пен би­лікті байланыс­тырушы алтын көпір ре­тін­де қалыптасқанын айтып, Nur Otan-ның басты міндеті халықтың мәсе­ле­сін тиім­ді шешуге ықпал ету екенін жеткізді.

Жаңа бастама қолға алын­ғалы бері азаматтар өз өтініш­терін жеке қабылдау, сайт, электронды пошта, Call-center сияқты дәс­түр­лі жолдардан бөлек, әлеуметтік желі­лер­дегі парақшалар, WhatsApp мес­сенд­жері, әкімдіктердің цифр­лы қыз­меті және электронды Үкімет порталы арқылы да жол­дауға мүмкіндік алды. Бұл іске қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қыз­мет­керлерімен бірге мемлекеттік орган өкілдері, қажет жағдайда салалық мамандар да жұмылдырылады.

Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінің жұ­мысы таяуда ғана басталғанына қара­мас­тан, қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша бүгінге дейін 80-нен астам көп балалы отбасының өкілдері аталған әлеуметтік терезе арқылы өтініш білдірген. Соның 30 пайыздан астамы жедел шешімін тап­са, қалған өті­ніштер бойынша тиісті жұ­мыс­тар қолға алынды. Бұл ретте өтініш­тер­дің негізгі бөлігі бас­панамен қамту, әлеу­мет­тік қамсыздандыру, жұмыспен қам­ту және материалдық қолдау көрсету мәселелеріне қатысты екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар сапар барысында Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Оңдасын Ораза­лин­мен бірге аз қамтылған отбасы­ларға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қатыс­ты. Мұндай көңіл жадыратар игі іс «Ба­қытты отбасы» жобасы аясында жүзе­ге асыры­лып отыр. Жаңа үйлер облыс орта­лығы­ның «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданын­да орна­ласқан. Бұл күні қоныс то­йын той­ла­ған­дар қатарында көп балалы отбасы, жас отбасы, ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған­дар және мүмкіндігі шектеулі жандар болды.

Оларды қуанышты сәтпен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл Елбасы саясатының нәтижесі екеніне назар аударды.

– Халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру – Елбасы саясатының негізгі ба­сым­дығы. Соның ішінде баспанамен қамтудың маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының тікелей тапсырмасымен айтарлықтай жұмыстар атқарылып, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өңірге сапары кезінде Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Ақтөбе қаласындағы ерекше талаптарды қажет ететін жандарға арналған «Coworking space» орталығы­на да барды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында еліміз бойынша алғаш рет ашылған бұл орталық мүмкін­дігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге бағытталған.

Мұндай орталықтардың кез келген қоғам үшін маңы­зы зор екенін айтқан пар­тия Төраға­сының Бірінші орынбасары елімізде мүмкіндігі шектеу­лі жан­дар үшін «кедергісіз орта» қалып­тастыру Ел­ба­сы­ның тікелей тапсырмасы екенін жеткізді.

Әрі қарай Nur Otan партия­сы Төр­ағасы Бірінші орын­ба­сары­ның сапары Қобда ауда­нында жалғасты. Атап айт­қанда, Мәулен Әшімбаев Қобда ауылын­дағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Заман талаптарына сай салынған бұл спорт нысанында бассейн, фитнес және жаттығу залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиа­лы­ның конференциясына қатыс­ты. Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселе­лердің бірі партия облыстық филиалының төрағасын сайлау болды. Бұған дейін бұл қызметті атқарып келген Бердібек Сапарбаев­­тың таяуда басқа қызметке ауыс­­қа­ны белгілі. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Елбасы – партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес Nur Otan партия­сы Ақтөбе облыстық фи­лиа­­лы­ның төраға­лығына өңір басшысы Оңдасын Ораза­линнің кан­дидатурасын ұсынды. Оны кон­ференцияға қатысушылар бірауыз­дан қолдап, облыс әкімі партия аймақ­тық филиалының төрағасы болып сайланды.

Одан бөлек, жиында пар­тия­ның кезек­ті XVIII съезінде Елбасы айқындап берген жаңа міндеттерді орындаудың тиімді тетіктері талқыланып, жоғарыда аталған төрт әлеуметтік жобаны Ақтөбе облысында жемісті жүзеге асыру барысы пысықталды. Осы бағытта өңірдің алдында тұрған басымдықтарға назар аударған Мәулен Әшімбаев аталған жұмыстардың ұтымды тұстарына тоқталып өтті.

Сондай-ақ ол Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың пре­зи­денттік өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешіміне назар аударып, Тұңғыш Прези­денті­міздің қашанда ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабыл­дайтынын айтты.

– Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашанда мемле­кет­тілік, егемендік және Тәуел­сіздік сияқты аса маңыз­­­ды құн­дылықтармен бір қатар­да тұрады. Еліміз­дің барлық жеңістері мен жетістік­тері Тұң­ғыш Президентіміздің есімі­мен тығыз байланысты. Сон­дықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елбасы Қазақ­стан тарихында тәуелсіз мем­ле­кет­тің негізін қалаған, қазақ­тың мемлекеттілігін қайта жандан­дырған ұлы тұлға, барлық рефор­малардың авторы, әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер ретін­де мәңгі қалады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа ол Елбасының Қауіпсіз­дік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan пар­тия­сының Төраға­сы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы және Конс­титу­циялық Кеңестің мүшесі ретін­де ел да­муына одан әрі ық­пал ете беретініне назар аударып, соған байланысты алдағы уақыт­та бұрынғыдан да белсенді жұмыс іс­теу керектігін тілге тиек етті.

Сонымен бірге Мәулен Әшім­баев Ақ­төбе маңындағы Қарғалы елді ме­кенін­де орна­ласқан «Энергия тиімділігі орта­лы­ғында» болып, цифрландыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ облыс орталығындағы автоклавты газбетон блоктарын дайындайтын «ТД Фотон» зауытына арнайы барып, кәсіпорында жүргізіліп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарының жай-күйіне назар аударды.

АҚТӨБЕ