• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Президент 01 Сәуір, 2019

Елбасының еңбегі ерекше аталды

1099 рет
көрсетілді

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатуына байланысты іс басындағы және бұрынғы мемлекет және үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың басшыларынан келіп түскен жеделхаттар мен хаттар легі жалғасуда, деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі.

Испания Королі Фелипе VI Қа­зақ­станның қалыптасуы мен да­муындағы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қызмет нәтижелерін айрықша атап өтеді.

«Мен сіздің бүгінде заман­ауи, әлеуметтік және көпконфессиялы болып отырған мемлекет құрудағы бар күш-жігеріңізді бағалаймын, сондай-ақ Сіздің Ұлы еліңіз бен Испания арасындағы қарым-қатынастарға қосқан ерекше үле­сіңіз үшін алғыс айтқым келеді», делінген жеделхатта.

Монако князі II Альбер Нұр­сұлтан Назарбаевқа оның Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясының төрағасы және Елдің Конституциялық кеңе­сінің мүшесі ретіндегі қыз­метіне табыс тілейді.

«Осы сәтті пайдалана отырып, мен біздің ынтымақтастығымызды жоғары бағалайтынымды айт­қым келеді және Монако княз­дігі мемлекеттеріміздің ара­сын­дағы қарым-қатынасты толық қол­дайтынына, оның одан әрі терең­деуіне мүдделі екеніне сенді­ре­мін», –  деп жазады Монако Князі.

 Армения Республикасының Пре­зи­денті Армен Сарксян Елбасының Қа­зақ­стан мен Арменияның арасындағы одақ­тастық байланыстарды дамыту мен ны­ғайтуға қосқан елеулі үлесіне тоқталады.

«Сіз бүгінгі қарқынды дамып келе жатқан, қуатты экономикасы, қалыпты әлеу­меттік қарым-қатынастары, көп ұлтты елі­нің тату әрі ынтымақты хал­­қы бар, озық білім мен тәр­бие алып жатқан жастары ту­ған елінің болашағына сенім­мен қа­райтын, оны әлемге ла­йық­ты әрі мақтанышпен танысты­ра­­тын Қазақ­стан­ның жыл­нама­сын өзіңіздің дана ше­ші­міңіз арқылы бастаушы әрі авторы құқығымен жазуды жал­ғас­тырудасыз», делінген хатта.

Финляндия Республика­сы­ның Прези­денті Саули Нии­нистё өзінің жедел­хат­ында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстан Республикасының Пре­­зи­денті лауазымында бол­ған кезеңде екіжақты мемле­кет­­аралық қарым-қатынас­тар тең­­дессіз жоғары деңгейге жет­кеніне айрықша мән берген.

«Сіздің белсенді әрі көп қыр­лы қыз­метіңіз қазіргі Қазақ­станның қалыптасуы мен дамуында шешуші мәнге ие болды. Осы бағыттағы ғажап табыстарыңызға байланысты менің құттықтауымды қабыл алыңыз», деп атап өтеді С.Ниинистё.

Өз жеделхатында Ресей Фе­дера­циясы Үкіметінің төр­аға­сы Дмитрий Медведев Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президентінің тарихи еңбегін атай отырып, Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымында бол­ған кезеңдегі өзара жемісті іс-қимыл үшін ризашылығын білдірген.

«Сіздің Қазақстан мен Ресейді байланыстыра­тын достық, серіктестік және одақ­тастық қарым-қатынас­тар­ды ны­ғай­туға ұдайы көңіл бөліп отырғаныңызды ай­рықша атап өткім келеді. Барлық мүше мемлекеттердің игілігі үшін табыс­ты дамып келе жат­қан Еуразиялық эко­но­мика­лық одақ­ты құрудағы көшбас­шы­лық рөліңізді жоғары бағалай­мыз», делінген жеделхатта.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасуы мен гүл­денуіндегі шешуші рөлін атап өткен.

«Америка Құрама Штат­тары Қазақ­станмен жақын ын­ты­мақтастыққа әр­дайым мән береді, сондай-ақ Сіздің ел басшысы лауазымындағы және әр­тараптандырылған, ашық, нарықтық экономикалы Қазақстанды құру жолын­дағы табыстарыңызды жоғары бағалайды», делінген хатта.

Дүниежүзілік сауда ұйы­мының Бас хатшысы Робер­то Азеведо Нұрсұл­тан Назар­баев­тың елдің өсуі мен эко­но­­микалық дамуындағы, соның ішінде ха­лықаралық сау­даға белсене қатысу ар­қылы елеулі ілгерілеушілікті қамта­масыз етудегі рөлін жоғары бағалаған.

«ENI» компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци өзінің жеделхатында Қазақстанның Тәуелсіздік алған сәтінен және оның егемен ел ретін­де қалыптасуынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев шынайы көшбасшылық пен стратегиялық көрегенділік танытқанын, осы қасиеттер бүкіл әлемнен шетелдік инвес­тицияларды тартқан қолайлы әрі тұрақ­ты ахуал құруға мүм­кіндік бергенін айтқан.

Италияның бұрынғы сырт­қы істер министрі, Еура­­зия­лық зерттеулер инс­ти­­ту­ты­ның президенті Фран­ко Фраттини өз хатында Нұрсұлтан Назар­баевқа елдің және тұтас халық­аралық қоғам­дастықтың игілі­гі жолындағы қызметінің нәти­желері үшін шынайы құрметін білдірген.

«Дәл Сіздің күш-жігері­ңіздің ар­қа­­сында Орталық Азия­дағы және еура­зиялық өңірдегі геосаяси үдерістер жал­пы алғанда бейбіт әрі табысты өрбіді. Қазақстанның және Сіздің басшы­лы­ғыңыз­дың маңызы өңірлік және халықаралық ұйымдар аясында да мойындалды», деп жазады Ф.Фраттини.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баевтың Қазақстанды өркендетудегі айрықша рөлі мен халықаралық аренадағы көр­некті еңбегі ЕҚЫҰ Бас хатшысы Т.Гре­мингердің, Ресей Федерациясы Феде­ралдық Жиналысының Феде­рация Кеңе­сінің төраға­сы В.Матвиенконың, Еуро­па Қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакра­барти­дің, «Сбербанк» ЖАҚ прези­денті Г.Грефтің, Татар­станның Тұңғыш Президенті, мемлекеттік кеңесші М.Шай­миевтің, Ингушетия Рес­пуб­ликасының басшысы Ю.Евкуровтың, Ресейдің Омбы об­лысының губерна­торы А.Бур­ковтың, Мемлекетаралық авиа­ция комитетінің төрағасы Т.Анодинаның және Ресейдің ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары А.Дзасоховтың хаттарында да атап айтылған.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өз атына келіп түскен барлық хатпен мұқият танысып шықты және хат авторларына жылы лебіздері мен шынайы тілек­тері үшін алғыс білдірді.