• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2019

«Қыз Жібек» клубы зиялы қазақ қыздарының бейнесін қалыптастыруды мұрат тұтады

1423 рет
көрсетілді

Еліміздің бірқатар жоғары оқу орын­дарындағы «Қыз Жібек» клубы­ның алғашқысы Қазақ ұлттық қыздар педа­гогикалық университетінде ашылған болатын. Осыдан кейін жоғары білім­дерін отбасылық өмірде де парасатпен үйлестіре білетін, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін арулар идея­сын кеңінен тарату мақсатында оның бөлімшелері өзге де білім ордаларында жалғасын тапты.
Қазақ қыздарының парасат мектебі – Қыздар университетінде, G-global платформа­сында «Қыз Жібек» клубының респуб­лика­лық форумы өтті. 

– Елбасының «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен тең» деген сөзін нақты іс жү­зінде қолдана отырып, еліміздегі жоғары оқу орындарындағы қыздар ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу, өзара тәжірибе алмасу басқосудың басты міндеті. Бүгінгі қыз – ертеңгі ибалы жар, сыпайы келін, қам­қор ана. Жалпы, қыз баласы – ұрпақ тәр­биесі мен сабақтастығының мызғымас ұйыт­қысы. Осынау жолда «Қыз Жібек» клу­бының атқаратын өзіндік үлесі өте зор. «Қыз Жібек» клубы – аяулы аруларымыздың тәр­биелі, парасатты, жан-жақты болып өсуіне ықпалын тигізіп жүрген бірден-бір клуб десем артық айтқаным емес. Алдағы уақытта да аталмыш клуб көптеген игілікті іс­терге ұйытқы болады, – дейді Қыздар уни­верситетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова.

Форум барысында қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Ос­ман­­қызы «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» та­қы­рыбында әңгіме өрбітті. Ал Жалпы педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева қазақ қызы­ның жаңа ғасырдағы бейнесі туралы баян­дап, университеттің оқу үрдісіне енгізілген «Қазақ аруы» пәні туралы баян­дады. Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, фило­логия ғылымдарының докторы Тыныш­тық Ермекова «Қызым саған айтам...» тақы­рыбындағы бейнедәрістер сериясын таныстырды. Сондай-ақ жиында Қыздар университетінің PHD докторанты, «Қыз Жі­бек» клубының бұрынғы төрайымы Маржан Ақтаева ұйымның тарихына шолу жасаса, клубтың белсенді мүшесі Салтанат Серікқызы оның басты бес бағытын атап өтті. 

Форумда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Аман­­­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемле­кеттік университеті және М.Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті қыздар клубтарының мүшелері онлайн байланысқа шығып, ұлттық салт-дәстүр, қыздар тәрбиесі төңірегінде атқарып жатқан жұмыстарымен, қолға алған жобаларымен таныстырды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ