• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2019

Семейде диванның тұтануынан иіс тиіп қаза тапқан балалардың оқиғасына орай брифинг өтті

532 рет
көрсетілді

Бүгін Семей қаласының әкімшілігінде ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, қала әкімі Ермак Сәлімов және Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қ. Әбділовтың қатысуымен 1-сәуір күнгі өрт шығу фактісіне орай балалардың қаза табу фактісі бойынша брифинг өткізілді.

2019 жылғы 1 сәуір күні  сағат 14: 19-да  Холодный ключ , Цветочная, 3 мекенжайы бойынша №1 пәтерден түтін шығып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. ТЖБ жедел бригадалары сағат 14:29 минутта шақырту орнына келіп, 2 қабатты тұрғын үйдің №1 пәтерінде 5 шаршы метр көлемінде жиһаз жанғанын анықтайды. Өрт сөндіру барысында  09.05.2012 жылы туған  Эдуард Темерканов пен 04. 02. 2015 жылы туған Александр Темеркановтың  денесі табылды.   Балалар жедел жәрдем келгенге дейін шала бықсыған түтіннен қайтыс болған. Қала әкімі Е. Сәлімов бірден қайғылы оқиға орнына шығып, жағдаймен жеке танысты. Қазіргі уақытта өрт себептерінің келесі нұсқалары қарастырылуда, отты абайсыз қолдану, балалардың отпен ойнауы немесе өртеу. Бұл ақпаратты растаған ТЖ басқармасының басшысы Қ.Әділов қазіргі таңда тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Семей ақпараттық орталығының мәліметі бойынша, балалардың анасы - Анастасия Анатольевна Темерканова (Лаврухина), 23.04.1990 жылы туған, қазіргі уақытта жұмыс істемейді, жүктілік бойынша есепте тұр. Өзінің айтуынша өрт болған күні ол балаларды үйде қалдырып, дәрігердің қабылдауына барған. Әкесі- Виктор Шакенович Темерканов, 04.05.1973 жылы дүниеге келген. Нұр-Сұлтан қаласында құрылысшы болып жұмыс істейді. Өрт уақытында Семей қаласында болмаған.

Полиция органдарының ақпараты бойынша соңғы жарты жыл ішінде осы мекен-жайда 17.11.2018 және 23.02.19 күндері екі мәрте тексеріс болған. Өкінішке орай, соңғы тексеру кезінде үй иелері полиция мен өрт сөндірушілерге есік ашпаған. Қала әкімдігінің хабарлауынша, аталмыш отбасы әлеуметтік төлемдер алуға өтініш бермеген. Жұмыссыз ретінде есепте тұрған жоқ. Шағын аудан №48 орта мектеп учаскісіне қарасты. Мектеп қызметкерлерімен жылына төрт рет шағын ауданды аралау жүзеге асырылады. Қыркүйек, қараша және қаңтар айларында өткен рейд кезінде отбасыға балаларды әлеуметтендіру және оларды мектепке дайындау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.  Рейдтердің бірінде үйдің үлкені Нұр-Сұлтан қаласында әкесімен, ал кіші баласы бөгде адамдардың қасында болғаны анықталды.  Балалардың өмір сүруінің күрделі тұрмыстық жағдайларын ескере отырып, үйдің кенжесі балалар үйіне жіберілген.  Алайда, анасының және полиция органдарының өтініші бойынша бала отбасына қайтарылған болатын.

Семей қаласы бойынша барлығы 2350 көп балалы отбасы бар, оның ішінде 292 отбасы аз қамтылған. Жалпы, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекпен 5040 адам қамтылған. Облыс әкімі орынбасарының ақпараты бойынша тек Семей қаласынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 635 млн.теңге көлеміндегі қаражатқа (жалпы облыс бойынша 46008 адамға 5,7 млрд. теңге) өтінім берілді. Қазіргі уақытта қайғыға ұшыраған отбасымен психологтар жұмыс істеуде. Қала әкімдігі балаларды жерлеу бойынша барлық қажетті шараларды ұйымдастырады.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,                 

«Еgemen QAZAQSTAN»

Семей