Зейін Шашкин 1934 жылы Мәскеу редакциялық-баспа институтына оқуға түскен екен. Мәскеу көшесінде келе жатып бір адамға кезігіп қалса керек.
– Әй, қазақ! – деп біреу тыныштықты бұзыпты. «Эй» немесе «ей» емес, «әй» деп тұр әлгі адам.
– Сен қазақсың ба? Біздің Магқа ұқсайды екенсің? – Қандай Маг? – Не, Мағжан Жұмабаевты танымайсың ба? – Маг... Мағжан. Әрине, білемін. Бірақ кездескен емеспін. – Қызық, бәрі оның есімін ғана біледі. Солай емес пе? – Сіз өзі кім боласыз? – Мен Мандельштаммын. Байқауымша, Магтың есімін атаудан қорқады екенсің. Сау бол, қазақ! – деді де өз жолымен кете барды.
Бұл – Зейін мен Мандельштамның кездесуі. Ол кезде Осип тірі. Бұл да – қиял емес.
Амантай Сатаев Мағжан мен Мандельштамның кездескені жөнінде екінші рет 70-жылдары Қайнекей Жармағамбетовтің аузынан естіпті. Қайнекей аға әңгімесін былай бастайды:
– Мағжан Валерий Брюсов, Сергей Есенин, Осип Мандельштам, Всеволод Рождественский, Михаил Светловтармен жақсы араласқан. Мамин Серебряк, Максим Горький, Всеволод Ивановтың шығармаларын аударған. Соның ішінде мен Михаил Светловпен жақсы араластым. Ол маған Мағжан жайлы естелік айтып берді: «Мағжан Жұмабаевпен жақсы таныс болдым. Оны Брюсов мақтаған. Осип айтатын: «Ол адам емес, кентавр», – деп. Мандельштам оны «Маг», мен «Жан» деп атайтынмын. Жан трактир немесе кафенің ақшасын өзі көтеретін. Әрбір кездесуде Осиптің өлеңін жатқа оқып беретін. Осип балаша қуанып қалатын.
Осип Мандельштамның Мағжанға арналған экспромты бар.
«– Ну что, Магжан Бекенович,
На улице темно?.. – Стоп, Магжан Бекенович! Под ногами – дерьмо... – Пойдем, Магжан Бекенович, – А нам-то все равно!..».
Жоқ, болмайды. Мағжан мен Осип екеуі ғана әңгімелессінші. Кезекті сендерге бердім:
«– Осип, мен сені енді Маса, Сары маса деп атайтын боламын. Қазақтың Ахмет Байтұрсынұлы деген ақынының «Сары маса» деген өлеңі бар. Ұйқыдағы қазақты ызыңдап оятады.
– Әңгіме жақсы басталды. Әрі қарай тыңдап көрейік.
– Маса қазақты оятпақ болады. Бірақ ол оны жау көріп, өлтіріп тастайды. – Иә, көшпенділер шын досты жау, дұшпанды дос көреді. – Маг, алақаныңды берші. Сенің тағдырыңды болжап берейін... Біз екеуміз отызыншы жылдары тура бір уақытта өледі екенбіз. Сен Жаңа жерде, мен Амурдың жағасында көз жұмады екенмін.
Әзілдеді ме, әлде Алла аузына салды ма – Осиптің айтқаны тура келді. Екеуі де 1938 жылы ажал құшты.
P.S. Мені осы мәселе мазалайды. Ұлылардың жолығысуы мен кездесуі, әңгімесі. Әйтеуір, тарихшылар ұлы тұлғаларды ескерткіш қалпында көрсетеді. Ал мен Мағжанмен әңгімелескім келеді. Олардың әңгімесіне араласқым келеді. Жатырқайды. Үйренеді. Сосын дос боламыз. Ал маған керегі де – осы. Ерболат ҚУАТБЕК,
сыншы