Ерен тұлғалардың қатарынан көрінген Ақжүрек еркін күреспен 1996 жылдан бастап айналысқан. Өзі де жас күнінен бастап еркін күреспен айналысқан әкесі Достық ұлының осы жетістікке жетуі жолында барлық мүмкіндікті жасайды. Сол кездегі он жасар баланың арманы да, мақсаты да қазақ спортын әлемге әйгілеп, көк байрағын әлем төрінде асқақтату болыпты. Ақжүрек бала күнінен танымал жаттықтырушы Шоқан Нәдірбековтің тәрбиесінде болады. Ол Ислам Байрамуков сияқты атақты спортшыны да баптап, аламанға қосқан азамат. Ал 2008 жылы Шоқан Нәдірбеков өмірден өткен соң, ол ақтөбелік жаттықтырушы Бауыржан Нұрмахановтың Алматы қаласындағы үйінде жатып, 2010 жылдан 2012 жылға дейін Лондон Олимпиадасына дайындалды. Осы жолда кездескен қиындықтарға қарамай, алдына мақсат қойған батыр ұл жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтады. «Бұл Олимпиадаға жолдама алу оңай болған жоқ. Еліміздің атынан қатысатын ұлы бәсеке болған соң, оған үлкен дайындық керек. Лондон Олимпиадасына жолдама алу үшін еліміздің атынан қатысатын якут ұлтының өкілі Леонид Спиридоновпен бақ сынастым. Нәтижесінде басымдық менің пайдама шешіліп, Лондон Олимпиадасына бардым. Еліміздің атынан осындай жарысқа қатысып, жүлде алғанымды мақтаныш санаймын», дейді Ақжүректің өзі.
Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаровтың да спорт жолында қиындықтар көп болыпты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, Лондон Олимпиадасының алдында Бейжіңге бармақ болған оның жолы бола қоймайды. «Әуел баста лицензияны кім алса да, өзара айқаста жеңгендерің Олимпиадаға барасың делінген. Шешуші айқас Ресейде өтетін болды. Онда салмақ өлшеу рәсімі өтетін күні Леонид келіп тұрып, «қазір келем» деп жоқ болды да, ақыры жарысқа қатыспады. Ол жарыста жеңіске жетіп, Бейжіңге мен баратын болдым. Сол кезде өзіміздің облыстық әкімдіктен құттықтау алып, қуанышым қойныма сыймай, шаттанған едім. Олимпиадаға тыңғылықты дайындық жасап жүргенде ұлттық құрама басшылары Бейжіңге Леонид Спиридоновтың баратынын айтты. Ал мен 66 кило салмақта ел қоржынына медаль саламын деп алдыма мақсат қойған едім. Шоқан Нәдірбековтей нар ағамның жүйкесіне осы кезде салмақ түсті. Осы жылы Шоқан аға бақилық болды», дейді Ақжүрек. Кейін Лондон Олимпиадасында да ол әділетсіздікке жолығады. Белдесу кезінде дара спортшыға тән емес қулықпен үндіс Сушил Кумардың Ақжүректің құлағын қыршып алғанын дүйім жұрт біледі. Тіпті оған орынның әділ берілмегені де айтылған. Сонда да ол нағыз ер-азаматқа тән сабырлылықпен айқасты.
Лондон Олимпиадасынан қола жүлде еншілеп келген Ақжүрек еркін күрестен қол үзген жоқ. Қайта өзінің нағыз бабында екенін көрсетіп, 2017 жылы Үндістан мемлекетінде өткен Азия чемпионатында чемпион болды. Сол жылы Парижде өткен Әлем чемпионатында қола жүлде алды. Мұның бәрі де талай жылғы еткен еңбектің, төккен тердің өтеуі екені анық.
Бүгінгі таңда Ақжүрек Таңатаров басқаратын №5 Жамбыл облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 850 бала жаттықса, оларды жаттықтыратын 35 жаттықтырушы бар. «Мен бала күнімнен Бауыржан Момышұлы атамызды өзіме үлгі тұтып келемін. Ол кісінің әрбір аталы сөзі мен үшін өмірлік темірқазық. Біз жауынгер халықтың ұрпағымыз. Қан майданда неміспен алысқан, өмір мен өлім арасында шайқасқан Бауыржан атамыз сияқты талай ерлер өткен. Өзім ылғи да түрлі ұлт өкілдерімен белдесу алдында бабаларымыздың батырлығын есіме аламын. Содан бойыма рух қонып, көп жағдайда жеңіске жетемін. Бүгінде өзім басшылық жасап отырған мектептің жаттығушыларына бабаларымыздың батырлығы мен ерлігі туралы көп айтамын», дейді Ақжүрек бізбен сұхбатында.
Ақжүрек алған асулардың бүгінде алты Алашқа аян болғаны белгілі. Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында дүниеге келіп, бала күнінен қазақ спортын әлемге әйгілеуді мақсат еткен қайсар ұл мақсатына жетті. Талай мықтыны тізе бүктіріп, ұлт рухын мойындатты. Еркін күрес десе ішкен асын жерге қоятын Ақжүректің ұлттық спортқа деген қолдауы бір төбе. 2012 жылы Будапештте өткен Әлем чемпионатында үшінші орын алған Мейіржан Аширов пен Түркияда жастар арасында өткен Әлем чемпионатында тағы да үшінші орын алған Нұрсұлтан Найзабеков сияқты әулиеаталық жас спортшыларға қолдау көрсетіп, екеуіне өз есебінен екі автокөлік сыйлағаны да ел есінде. Сонымен қатар спортты дамыту мақсатында арнайы қор ашып, жастарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Бұл да халқымыздың бойындағы батырлықпен, ерлікпен, жомарттықпен ұштасып жатқан көрініс. Сөз соңында Ақжүрек Таңатаров қолынан келгенше жас спортшыларға қолдау көрсете беретінін, келешек Олимпиада жеңімпаздарын дайындау үшін аянбайтынын жеткізді.
Жамбыл облысы