– Қазіргі француз кинематографы бұл өзіндік құндылықтары, өзіндік атмосферасы бар кино, – дейді өнертану докторы, Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнәр Әбікеева. Қазір біз зорлық-зомбылық, кісі өлтіру көп қылмыстық кино дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ал француз киносы бұрынғыша жанға жылу сыйлайтын күйінде. Және бұл тек комедияларға немесе мелодрамаларға ғана қатысты емес. Биылғы бағдарламада «Аманданың жаңа өмірі» деген драма бар. Онда 24 жастағы жігіт өз әпкесінің өлімінен кейін 7 жасар немере қарындасына бас-көз болып қалады. Бұл осыған дейін тек мансабымен және қыз-қырқынмен қарым-қатынасымен бас қатырған жас жігіттің өмірін баяндаудағы жаңа тәсіл. Күтпеген жерден жас жігіт кішкентай қызға әке де, ана да болуы керек. Маған француз киносының жылулық сыйлайтыны ұнайды. Ең басты ерекшелігі, француз киносында тамаша актерлер ойнайды. Айтпақшы, биыл көрсетілетін фильмдерде жаңа актерлердің есімдері көп болады.
Фестивальдің ашылуы мен жабылуы, сонымен қатар негізгі көрсетілімдері UniFrance агенттігі мен оның серіктестері – Францияның Қазақстандағы елшілігі және Алматыдағы Француз альянсы ұйымдастырған фестивальдің басты алаңына айналған «Арман» киноорталығында өтеді.
АЛМАТЫ