• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Сәуір, 2019

Қазақ боксының мерейлі сәті

1114 рет
көрсетілді

Белгілі фотожурналист Асылхан Әбдірайымұлының мұрағатында сақталған мына бір сурет қазақ былғары қолғап шеберлерінің мерейлі сәтін дөп басып, жеңісті жолды тарихқа айналдырған әсерлі естелік деуге болатындай.

Төрткүл дүние түгел көз тік­кен байрақты бәсекелерде қазақ боксшыларының бәсі қа­шанда жоғары. Жиыр­масын­­шы ғасырды тарих қой­нына аттандырардан алты ай бұ­рын әлем назарын аударып, жасыл құрлықта алауы тұ­тан­ған Сидней олимпиадасы жұртшылықтың есінде. Ай­тулы додада ел спортшылары еншілеген 7 медальдың төр­теуін болат қолды боксшылар алып берген еді. Бекзат Сат­тарханов пен Ермахан Ыб­ырайымов алтыннан алқа тағынса, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков қор­жынымызға Олимпия ойын­­­­­дарының күміс медалін сал­ды. Нұржан Кәрібжанов, Данияр Мұңайтпасов, Ол­жас Оразалиев сынды оғлан­да­рымыз да жүлдеге сынық сүйем қалғанда ғана сүрініп, бесінші орынға табан тіреген еді.

Алға деп ұрандаған ел шаршы алаңды шаң­датқан жампоз ұлдарының тілеуін көгілдір экран алдын­да отырып жамырай тіледі. Көк байрағымыз көкке кө­терілгенін көргенде жан ұшы­ра қуанды. Ал оларды Алматы әуежайынан қар­­сы алуға асық­қан ақеділ ағайынның ақ­жарма көңілі тіпті бөлек. Осы қуаныштың ортасында бол­ған фотожурналист көңіл төрінде қалған сол бір мерейлі сәтті былайша баяндады.

– Сидней біздің егемен ел ретінде қатысқан екінші олимпиадамыз. Түн жарымына қарамастан даңқты спорт­­шыларды әуежайдан кү­тіп алуға халық көп жинал­ды. Көптің ішінде біз де бол­дық. Фототілші ретін­де осынау тарихи сәтті тү­сіру­дің орайы келген еді. Қол­да­рына бокс­шылардың есі­мі жазылған плакаттар ұс­таған жанкүйерлер қуа­ныш иелерінің құшағын гүлге толтырып жатты. Жиыл­ған­дардың небәрі жиырма­ жасында Олимп шыңын ба­­ғын­­дырған түркістандық Бек­зат Саттархановқа деген ықы­­ласы ерекше байқалып тұр­ды, – дейді Асылхан Әб­дірайым­ұлы.

Одан бері де жиырма­ жыл­ға жуық уақыт өтті. Қазақ бокс­­шылары жеңіспен өрілген даңқ­ты жолға дақ түсірген жоқ. Бүгінгі таңда Сиднейде айбарымызды аспандатқан саңлақтар болашақ чемпион­дарды баулыса, олардың кей­бірі қазақ спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Өзе­гімізді өрттейтіні арамызда Бекзат Саттарханов жоқ. Алдағы жоспарыңыз қандай деп сұрақ қойған тілшілер қауымына: «Арманым – үш дүркін Олимпиада чемпионы болу» деп үн қатқан өрімдей ұл қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кете барды. Бүгін жасындай жарқ еткен жарық жұлдызымыздың есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылып, халқының мәңгілік сағынышына айналған Бекза­тымыздың туған күні.

АЛМАТЫ