• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Сәуір, 2019

Жаһанға жайылар жыр жауһар

1795 рет
көрсетілді

Ақындық қуаты құзарт Алатаудан арқырай құлайтын Жетісудың асау өзендеріндей арынды Ілияс Жансүгіров – ұлт тарихындағы ұмытылмас тұлға. Халық оған «Қазақ поэзиясының Құлагері» деп әділ бағасын баяғыда-ақ беріп қойған. Осы орайда оның ізбасар інісі Тұрсынзада Есімжановтың мына бір жыр жолдары еріксіз еске түседі: «Қазақтың маңдайына өлең бітсе, Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен!». Орынды ода. Ақынның өзі айтқандай: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?».
Бұйырса, биыл Ілекеңнің 125 жылдығы лайықты аталып өтілмек. Елорда төріндегі ерек руханият ордасы – Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылған атақты «Құлагер» поэмасының ағылшын тілінде жарық көруіне арналған тұсаукесер рәсімі сол жақсы істің жорал­ғысы болса керек.

Салтанатты шараға қатысқан санаткер қауым жағым­ды жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдады. Өйт­кені бұл төл әдебиетімізді төрткүл дүниенің төріне шығару мақсатындағы қайырлы қадам екендігі анық. Тәуел­сіздіктің арқасында тасы өрге домалаған өркениетті Қазақ­стан әлемдік қоғамдастықтан ойып отырып орын алғаны әрине, атар таңдай ақиқат. Ал енді еліміздің ежелден тамыр тартқан бай мәдениетін, тағылымды тарихын, әсіресе өрелі сөз өнерін бүкіл адамзаттық игілікке айналдыру бағытында кейбір шаруалардың әлі шеті кертілмегені бел­гілі. Ендеше сол сірескен сеңді бұзуды көздейтін кез келген талпыныс қолдау табуға тиістілігін түсінгеніміз жөн.

Алты Алаштың ардағы Ақан сері мен оның жел жетпес жүйрігі Құлагер жайындағы жауһар шығарманың халық­аралық аудиторияға жол тартуына мүмкіндік туғызған Ілияс Жансүгіров қорының президенті Жанар Жандосованың айтуынша, аударма жұмыстары әжептәуір уақыт алыпты. Тәржімашы табу оңайға түспеген. Алғаш қолқа сал­ғандары кешегі Кеңес Одағының бірқатар қаламгерлерін ағылшынша сөйлеткен Ричард Мак Кейн болыпты. Бірақ ол денсаулығы сыр беріп жүргендіктен, жауапкершілігі тым жоғары міндетті мойнына ала алмайтынын алға тартып, өзінің орнына үздік шәкірті Белинда Куктың кандидатурасын ұсыныпты. Бұған дейін Борис Пастернак, Марина Цветаева, Осип Мандельштам секілді орыс поэзиясының озық ойлы өкілдерінің өлеңдерін аударып, тәжірибе жинақтаған Белинда ханым да бірден бел шеше кіріспепті. Әуелі орысшадан қотарып көрген екен, онысы оң нәтиже бере қоймапты. Содан қабырғасымен кеңесіп, қазақшадан тікелей ағылшын тіліне жолма-жол аудармаға жүгінуді жөн көріпті. Поэмадағы оқиға ортасын, біздің ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын білмегендіктен, шығармашылық үдеріс тағы тоқырап тұйыққа тірелген. Осы екі ортады «Құлагердің» немісшеге аударылуы басталып, басты назар солай қарай ауып кеткен сыңайлы. Бұдан үш жыл бұрын беташар рәсімі жасалғанда германиялық аудармашы Герт Хайденрайхтың ағынан жарыла ақтарылып «Алапат ақындық тегеуріннің тереңіне бойлай алмадым. Сондықтан шамама қарай шаптым. Шын мәнінде «Құлагерді» қазақтардан қатты қызғандым. Себебі, ол Шекспир шедеврлері деңгейінде шебер жазылған дүние!» дегенін өз құлағымызбен естіген едік.

Сонымен қойшы, ақыр соңында Белинда Кук қордың арнайы шақыруымен Қазақстанға келіп, көңілін күпті қылған жайлардың көбісін көзімен көріп, қолымен ұстайды. Қазақтың киіз үйінде отырып, ет жеп, қымыз ішеді. «Құлақтан кіріп бойды алар» әсем әндеріміз бен күйлерімізді тыңдап, әдемі әсерге бөленеді. Көркем Көкшенің таңғажайып табиғатын тамашалайды. Ақан серінің атамекенін аралап, мән-жайға қанығады. Алматыда Ильфа Ілиясқызымен кездесіп, түпнұсқа авторының өмірі туралы деректермен танысады. Еліміздегі белгілі ғалымдармен кеңес құрып, ой-өрісін кеңейтеді. Сондағы көншіген көңіл-күйі, үйренген үрдістері туралы ол жиынға қатысушыларға алыстағы Альбионнан жолдаған видео сәлемінде тебірене әңгімеледі. Әсіресе, толғауы тоқсан қазақ тілінің сөз байлығына тәнтілігін таңдай қаға отырып жеткізді. Аударма кезінде көмек көрсеткен қазақстандық әріптестеріне алғыс айтты.

Ерен еңбектің нәтижесінде енді «Құлагер» жаһандық құндылықтар жарысына қатысуға жолдама алды. Кітаптың басылуына демеушілік еткен Ұлттық аударма бюросы екенін ескерте кеткеніміз жөн.

Мәнді мәслихатта сөйлеген сенатор Бақытжан Жұма­ғұ­лов, әйгілі ғалым Әділ Ахметов, Ұлттық аударма бюро­сының басшысы Рауан Кенжеханұлы, Назарбаев Универ­ситеттің профессоры Улай Шәмілоғлы және басқалар «Құлагер» сынды құнды туындының ағылшын тіліне ауда­рылып, өз өрісін кеңейтуі қазақ руханиятындағы орасан зор оқиға екендігін атап көрсетті.