Сол-ақ екен, үлкен-кіші әкім-қаралардың да есіктері ашылып, көп балалы аналар өтініштерін айтуға мүмкіндік алды. Қазір жергілікті билік өкілдері аналармен арнайы жүздесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, біртіндеп көмек көрсете бастады. Облыстық мәслихаттағы 28 депутаттың қатарындағы кәсіпкерлерге бірнеше отбасын қамқорлыққа алу жүктелді. Өңірде бюджеттік қаржы мен демеушілер есебінен өтетін аста-төк тойлар мен мерекелік шаралардың саны қысқарды. Депутаттар облыстық мәслихаттың 25 жылдығын атап өтуге, кітап шығарудан бас тартыпты.
Облыс әкімі Болат Бақауов та көп балалы аналармен кездесіп, оларды алаңдатқан мәселелерді тыңдады. Өңірдегі аудан-қала әкімдеріне тиісті тапсырма берілді. Соның бірі, ұзақ жыл бойы қалада пәтер жалдап, тұрғын үй кезегінде тұрған бірқатар отбасы ауылдарға қоныс аударатын болды. Яғни, ауылдардағы коммуналдық меншіктегі үйлер тізімге алынып, күрделі жөндеуден өткізілген соң, көп балалы отбасыларға беріледі. Мысалы, Екібастұз қаласы мен қалаға қарасты ауылдарды қосқанда көп балалы 1728 отбасы тұрады. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов көп балалы аналар жанайқайы естіле бастағанда қалада біреудің ауласындағы кішігірім шағын үйлерде тұрып жатқан 16 отбасымен кездесті. Сөйтіп қалада иесіз қалған 13 пәтерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аталған отбасыларға беру туралы шешімге келді.
Ал жуырда облыс орталығында жылдар бойы пәтер жалдап тұрған көп балалы Қапжасаровтардың отбасы Успен ауданы Ковалевка ауылына көшіп барды. Әнуар мен Елена қалада тұрған 10 жыл аралығында 15 рет жалдамалы пәтер ауыстырыпты. Кенже ұлы қаңтар айында дүниеге келген екен. Елена облыс әкімінің көп балалы аналармен кездесуіне үй жағдайы мәселесі шешілер деген үмітпен барғанын айтады. Әкімдік Қапжасаровтар отбасына Ковалевка ауылындағы үйге көшуді ұсынды. Қазір отбасы барлық жағдайы жасалған, орталықтандырылған су жүйесі тартылған жайлы үйге қоныстанды. Отағасы Әнуар ауылдағы шаруа қожалығына жұмысқа тұрыпты. Отбасы алдағы уақытта құс, мал өсірмекші. – Әрине мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке қуаныштымыз. Үмітім ақталды. Қиын күндер енді артта қалсын, дейді Елена. Көп балалы отбасылардың көбі, тіпті өздеріне тиесілі қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенінен хабарсыз.Қалада жылдар бойы пәтерде жүрген Жанаргүл Исабаеваның жолдасы қайтыс болған. Жалғыз өзі төрт баласын өсіріп, тәрбиелеп отыр. Алға жылжи қоймайтын үй кезегіне 15 жыл бұрын тұрған екен.
– Облыс басшысы бізбен кездескенде «Ауылдан үй беріп, жағдайларыңызды жасасақ, көшер ме едіңіздер?» деп сұрады. Мен бұл ұсынысқа қуана келістім, дейді Жанаргүл.
Қазір Жанаргүл балаларымен бірге аудан орталығы Шарбақты ауылындағы үш бөлмелі үйге келіп қоныстанды. Қызы Назым биыл педагогикалық колледжді бітіреді. Аудан әкімдігі Назымға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 0,01 пайызбен 15 жылға 3,7 миллион теңге несие бермекші. Ал Жанаргүл Исабаева болса «Бизнес бастау» жобасы аясында арнайы оқудан өтіп, грант алғысы келеді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қамалованың айтуынша, қазір ауылға көшетін тағы 7 отбасы үшін үй қарастырылуда. Бұл үрдіс әрі қарай жалғаса береді.Бүгінде өңірде төрт және одан да көп баласы бар 3839 отбасы тұрады. Олардың 300-ден астамына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. 691 көп балалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Жалпы, көп балалы отбасылардың дені облыс орталығында пәтер жалдап тұрады. Облыстық әкімдіктің бастамасымен отбасыларды ауылға қайта көшірудің тиімділігі біріншіден, аудандық әкімдіктер үймен қамтуға көмектеседі, екіншіден, жұмыс тауып береді, үшіншіден, жұрты көшіп бос қалған ауыл ортасы толады, мектепте бала көбейеді.
Қапжасаровтар көшіп барған Успен ауданында көп балалы 109 отбасы тұрып жатыр. Шарбақты ауданының Шалдай ауылында екі пәтерлік тұрғын үйлер бос тұр. Бұдан басқа, барлық аудандарда коммуналдық меншіктегі үйлер де бар. Баянауыл ауданында үйсіз 11 көп балалы отбасы көшіп-қонуға мәжбүр. Аудан орталығында тіпті жалдап тұруға да үй табу қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Бірлік ауылындағы екі қабатты ескі үйді жөндемек. Аққулы ауданында көп балалы 124 отбасы тұрады. Олардың қатарында 25-інің жағдайы төмен болса, 13 отағасы жұмыссыз.
Ал облыс орталығына келсек, қазір қалада 1435 көп балалы отбасы тұрады. Қала әкімдігінің мәліметінше, пәтер жалдап тұратындар саны аз емес. Әкімдіктің жанынан құрылған жұмыс тобы да аналар жанайқайынан соң, көп балалы отбасылар тұратын 400-ден астам үйді аралап шығыпты. Қала бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте тұрғандардың саны – 1500 отбасы. Қазір облыс орталығындағы коммуналдық тұрғын үйлер мен жатақханаларда тексеру жұмыстары жүргізілудеСондай-ақ қаладағы Кривенко көшесі 25 мекенжайында қоғамдық кеңес құрылып, отбасылардың арыз-шағымдарын қабылдауда. Алдағы уақытта халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау жүргізу үшін мобильдік орталықтың жұмысы басталады. Nur Otan партиясының өңірлік филиалының мәліметінше, биыл көп балалы отбасыларға арендалық үй беруге 1 млрд 883 миллион теңге бөлінеді. Қаржының 1 млрд 523 миллион теңгесі республикалық, 359 миллион теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған.
– Қазір 1285 пәтерлі 21 тұрғын үйдің жобалық-сметасы дайын. Тоғыз қабатты 2 үй облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданында, 10 үй Екібастұзда, 4 үй Ақсуда және 5 ауданда 2 және 24 пәтерлі үйлер салынады, – дейді партия филиалы басшысының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева.
Сонымен қатар облыс орталығында, Екібастұзда, Ақсуда тұратын көп балалы отбасылардың балалары енді қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Тасымалдаушы автопарк иелерімен бұл жұмыс реттелуде. Екіншіден, елімізде қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенінен хабарсыз отбасылар үшін арнайы кітапшалар жасалып, ауылда, қалада тұратын отбасыларға жолданды.Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, мектептерде үш ай сайын ата-аналардан мекенжай, жұмыс орны туралы анықтама талап етіледі. Тұрғындар қандай да бір көмекке жүгініп, өзіне тиесілі жәрдемақы, басқа да қолдауға ие болайын десе, әр есікке бір жүгіреді. Жүгірістен шаршаған отбасылар көмектен, жеңілдік алудан қағылып отыр.
Облыс әкімі Болат Бақауов көп балалы отбасыларға көмектің бір реттік болмауын, яғни көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларының балабақшаға тегін баруы, мектепте тегін тамақпен қамтылуы, қоғамдық көлікте тегін қатынауы, мемлекеттік гранттарға ие болып, жатақханада тұруы, отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасып, үйлі болуы жергілікті әкімдіктердің атқаратын шаруасы болатынын тапсырды.
Облыстық мәслихаттың шешімімен өңірдегі көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдауға 2 млрд теңге жұмсалмақ. Ақсу қаласының Астана көшесі, 58 мекенжайындағы 102 пәтерлік тұрғын үйді сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Көп балалы отбасылардың 3,5 мың баласы балалар бақшасына тегін баруда, сондай-ақ 12,5 мың оқушының мектепте тегін тамақтануы, жазғы демалысы мен киім-кешекпен қамтылуы қолға алынады. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашқысы келетін көп балалы отбасылар үшін 200 АЕК-ке дейін қайтарымсыз грант берілмек. Көп балалы отбасыларға арналған игі жұмыстардың жүзеге асуына тек бюджет қаражаты жетпейді. Яғни, ел назарын аударып отырған бұл мәселеге қоғамның, кәсіпкерлік саласының барлық өкілдері жұмылуы қажет. Қала және аудан әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары бизнес өкілдерімен бірлесе іске кіріссе, игілікпен орта толады. Павлодар облысы