Еуропаның ең дамыған елдерінің бірі Германияның ауыл шаруашылығы отбасылық ұсақ қосалқы шаруашылықтар мен орта дәрежедегі фермерлерге негізделген. Осылардың өзімен ғана Германия ауыл шаруашылығы өндірісі жөнінен Еуропада Франциядан кейінгі екінші орынды алады. Олар өз халқын сүтпен 100, етпен 90, қантпен 85, ұнмен 80 пайыз қамтамасыз етеді. Жалпы, Германияда бір шаруа 132 адамды асырайды деп есептеледі. Ал осы жетістіктердің 47 пайызы әйелдердің үлесінде екен.
Осы елдегі ауыл шаруашылығы табыстылығының негізгі себептерінің бірі – мемлекеттің шаруаны тұрақты түрде қолдауы. Мұндағы шаруалар 50 жылға дейін 1 пайыздық өсіммен несие алуға мүмкіндігі бар және оны біздегі екінші деңгейдегі банктердегідей түрлі кедергілерге ұрындырмай, бірден береді. Ал бізде жеңілдетілген тәсілмен ауыл шаруашылығына берілетін несиелерге тек үлкен фирмалар мен корпорациялар ғана қол жеткізе алады. Өйткені олардың банкке кепілдікке қоятын жылжымайтын өтімді мүліктері бар. Ондайы жоқ ұсақ фермерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмайды. Сөйтіп, мемлекеттің көмегі сайып келгенде құмға сіңген судай болып, ұсақ шаруаға жетпей жоғалады. Әрине, «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларының шағын шаруаға да тигізген пайдасы болды, бірақ олар ұсақ фермердің нығаюына емес, етті немесе сүтті мал, түрлі техникалар сатып алуына бағытталды. Сөйтіп, бізде тек әйтеуір ұлғайту мен үлкейтуге ғана бағыт алу қалмай келеді. Осының өзі баяғы кеңестік «гигантоманиядан» қалған мұра сияқты. Ал отбасылық қосалқы шаруашылықтарға арнайы көңіл бөлініп, оларды нығайта түсу сияқты дүниелер назардан тыс қала береді. Мәселен, ауласында 100-150 тауық өсіретін, он шақты сиыр, екі-үш бие сауатын отбасыларға сауын және май былғайтын аппараттар сияқты қолма-қол қажет дүниелер сатып алуға, жылыжай салуға ұзақ мерзімдік шағын несиелер берілсе, олар өз өнімдерін үзбей шығарып тұрар еді. 10-15
сиырды қолмен сауу оңай емес, ол көп уақыт алады, сондықтан ауылдың әйелдері несие берілсе сауын аппараттарын қуана-қуана алар еді. Мұндай аппараттарды біздің базарларымызда Ресейдің іскерлері сатады. Бағасы қымбат, ал оларды өндіру өзімізде қолға алынса, бағасы да кеміп, қол жеткізу оңайға түсер еді. Қазір Германия, Норвегия сияқты дамыған елдерде қымыз да өндіреді. Олар биені қалай сауады екен деп интернеттен қарасақ, арнайы сауын аппараттары бар екен, сонымен бірнеше биені бірден сауады. Сұраныс болса, осындай аппараттар жасау біздің өнеркәсіп өкілдеріне де түк қиындығы жоқ. Сонымен қатар ұсақ шаруаның сүт, ет, жұмыртқа сияқты өнімдерін аптасына екі-үш рет жинап алып, қала орталықтарындағы базарларда сататын арнаулы орындар ұйымдастырылса, қазір жұмыртқаның өзінің жасанды болатынынан қорқып жүретін қалалықтар табиғи өнімді қуана-қуана алар еді.Біз қазір ауыл әйелдерінің белсенділігін тиімді пайдалана алмай жүрміз. Ал олар жолға қойылған оңтайлы түсімнің көзі болса, дүниені төңкерер еді. Кешегі дағдарыс жылдарында оны көзіміз көрді. Әйелдердің арқалаған ала дорбасымен бір шеті Алматыдан, бір шеті Түркия мен Қытайдан жеткізілген азық-түлік пен киімнің арқасында ғана ауыл аман қалды деп айтсақ, артық емес шығар. Мемлекет тарапынан арнайы қолдау болса, сол белсенділік қайтадан бұрқ ете қалуға тиісті. Өйткені қазір материалдық байлықтың игілігі әбден танылды.
Мемлекет кедейлік деңгейін төмендетуді маңызды міндеттердің бірі ретінде алға қойып отыр. Ал ауылда әйелдер белсенділігін арттырмай, бұл мақсатқа жету қиын. Сондықтан гендерлік аспекті де ескеріліп, ауылдық жерлердегі әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту шаралары қажет. Жоғарыда біз айтқан кәсіптер негізінен әйелдердің күшімен атқарылатын шаруалар. Әсіресе ауласында құс өсіріп, оған жылыжай салып, қысы-жазы жұмыртқа алудың мехнатын әйелдер еркін атқара алады. Әйелді кәсіпкерлікке ынталандыру оның қоғамдық белсенділігін де, білімге, бизнеске, өзінің құқын қорғай білуге деген құштарлығын да оятар еді. Сонымен қатар бұл кейбір әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауын да болдырмас еді. Көл-көсір табыс табатын әйелге қандай еркек қол жұмсасын? Ұрпақ тәрбиесі де оңалып, адам капиталының сапалы деңгейге ауысуы кедейшілікті жоюға тікелей байланысты. Сайып келгенде, бұл ұлттың денсаулығын да жақсартуға ықпал етер еді ғой. Өйткені табысы мол үйдің балалары дәрумені көп, жақсы тамақтар тұтынады, ал ауыра қалса жақсы жерге емделуге мүмкіншіліктері туады ғой.
Жуырда Нұржан Әлтаев бастаған бірнеше Мәжіліс депутаттары Үкіметке сауал жолдап, осы мәселені көтерді. Олар өз сауалдарында: «Халықаралық әрі қазақстандық тәжірибеге сүйенсек, бизнесті жүргізуде ерлерге қарағанда, әйелдер белсенді әрі жаңашыл. Тәуелсіздік алған 90-жылдардың басындағы еліміздегі жағдайды бәріміз білеміз, нарықтық экономиканы еркектер түсіне алмай жатқанда, әйелдер бүгінгі қазақстандық кәсіпкерліктің фундаментін қалады. Осы әйелдер шағын бизнестің, сауда мен «алыпсатарлықтың» көзін ашты. Іс жүзінде, шағын және орта бизнестің салмағы әйелдердің нәзік иығына түсті. Бүгінгі таңда да, егер бастапқы шарттар орындалса, еліміздің ауыл-аймағындағы шағын бизнестегі әйелдер әлеуетін ашуға мүмкіндік бар. Бұл мәселенің шешілуі тек әйелдердің ғана емес, ауыл тұрғындарының да іскерлік белсенділігін арттыруға жағдай жасайды» дей келіп, Бангладештегі Грамин банктың тәжірибесін еске алады. Осы банк клиенттерінің 97%-ы әйелдер болғаны айтылады.Депутаттар шағын несиелендіруге бөлінген 62 млрд теңге мемлекеттік қаражаттың тек 20 пайызы ғана әйелдерге берілетінін айтады. Ал ауылды жерлерде жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын 245 мыңнан артық әйел тіркелген екен. «Олардың 38 мыңы дәл бүгін шағын несие алуға әрі бизнеспен айналысуға дайын. Орта есеппен несие сомасы 3,6 млн теңге болса, қажет қаражаттың жалпы көлемі 136,8 млрд теңгені құрайды» делінген сауалда.
Осының бәрін айта келіп депутаттар шағын несие беру бағдарламасының бюджетіндегі 62 млрд теңгеден жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын әйелдерге арнайы қаражат мөлшерін белгілеп, бөлуді сұрайды. «Бұдан басқа, көп балалы отбасылар үшін шағын бизнесті дамытуға арналған гранттың санын анықтау керек және мақсатты түрде, халықтың осы санатына жататындарға жыл сайын қаражат бөлу қажет. Сондай-ақ ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың тиімді жолдары мен әдістерін іздестіру керек. Онда кәсіпкерліктің базалық дағдыларын оқыту бағдарламасы, неғұрлым өзекті бағыттар бойынша кеңес беру және т.б. қарастырылуы керек» делінген.
Жалпы айтқанда, ауыл әйелдерінің бизнестегі белсенділігі қоғам өмірінің сапалы деңгейге көтерілуіне тікелей әсер етері сөзсіз. Қалталы, бизнесмен әйелдер ауылдың төңірегіндегі санамен қалып қоймайды, дамыған елдерді, жетілген жерлерді көреді. Олардың жетістіктерін үйренуде де, елге әкелуде де әйелдер белсенділігі алда болары белгілі. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарына ену стратегиямызды іске асырамыз десек, әйел белсенділігінің тиімділігін үнемі ескеру қажет деп санаймыз.