• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Сәуір, 2019

Жыр қарлығашы – Фариза

1522 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстанның халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойы. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде ақынды еске алуға арналған тағылымды шаралар үздіксіз ұйымдастырылып келеді.

Өлеңін өміріне балап, ғұ­мыр бойы аялап өткен поэзия пат­шайымының рухына тағзым етуге бағытталған сондай жарқын кеш өткен аптада елорда төріндегі жетекші оқу орны – Назарбаев Университеттің «Рухани жаңғыру» мәдени орталығында өтті. «Жыр – менің планетам» деп аталатын театрландырылған әдеби-сазды концерттік бағдарламада Назарбаев Университет студент­тері өнер көрсетті. Ақын өмірінің түрлі кезеңдеріндегі айтулы естеліктері мен ер-азаматқа бергі­сіз адамдық мінезі жан-жақты бей­неленген сахналандырылған кө­ріністер, сондай-ақ қазақтың біртуар аймаңдай ұлдары Асан­бай Асқаров, Мұқағали Мақа­таев, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлей­менов сынды замандас­тары арасындағы рухани қарым-қатынас, шығармашылық ізденіс іздері шынайы суреттелген айтулы кеш жиналған көпшілік көрерменнің көңілін бірден баурап алды. 

Жалпы, Назарбаев Университет – әлемдік стандартқа сай жаратылыстану мен медицина бағытында білім алатын студенттерді тек салалық дамытумен шектемей, жастарды рухани кемелдендіру, ұлтымыздың тарихы мен дәстүрін тел еміп өскен патриот азамат етіп тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орны. Оның айқын айғағы – бүгінгі біз куә болған «Жыр – менің планетам» атты әдеби-сазды кеш. «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Гүлтас Құрманбайдың жетекшілігімен ұйымдастырылған тағылымды шарада студенттердің шығармашылық қарымы мен мүмкіндігі көрерменін тәнті етті. 

Сондай-ақ танымдық шараның тағы бір елеулі сәті – кеш аясында «Жыр қарлығашы – Фариза» атты байқау жеңімпаздарының есімі жария етіліп, жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтар болсақ, негізгі үш бағыт бойын­ша ұйым­дастырылған әдеби конкурста «Ф.Оңғарсынованың өлеңдерін мәнерлеп оқу» аталымы бойын­ша университет студенттері: Ая­жан Сейданова, Саян Катренов, Назерке Лес, Қуандық Мақсұтов бастаған жас­тар марапатталса, «Ф.Оңғар­сыно­ваның өлеңдерін ағылшын тіліне аудару» аталы­мында Дарина Жүнісова, Айт­бек Қасымжомарт және Әсет Жұма­тай жеңімпаз атанды. Ал «Ф.Оңғарсынованың өлең­дерін орыс тіліне аудару» ата­лымындағы сыйлықты Ми­рас Қабибулла мен Мәдина Тлеу­ғабыл теңдей бөлісті. Кеш со­ңында Мырзагелді Кемел, Оңай­гүл Тұржан, Ирак Елекеев, Ал­тынай Нөгербек бастаған құр­метті қонақтар жастарға бата­сын беріп, ақ жол тіледі. Поэ­зия падишасының отты жыры оқы­лып, әсем ән мен рухты күй­ден шашу шашылған концерт осылайша өз мәресіне жетті.