• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Сәуір, 2019

Текеметті тепкені тегін тепкені емес пе?!.

1373 рет
көрсетілді

Жиен ағам жақсы хабар жеткізген. Әлпештеп баққан жал­ғыз қызын ұзатпақ. Осы қазақ­тың «отырған қызын орнын табар» деген сөзі ып-рас. Қарындасымыз жоға­ры оқу орнын бітіріп, облыс орталығындағы дөкей бір мекемеде жұмыс істеп жүрген. Жиен ағамның айтуына қарағанда, жұмысы баланың көңілінен шы­ғады, жалақысы толымды. Тек уақыттың өтіп бара жатқа­ны жанына батып жүрген. Жат жұрттық перзенттің орнын тап­қаны кез келген ата-ана үшін арман емес пе? 

Ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа біз де қуандық. Орнын тапқанда қандай, от жағатын жері күллі Көкшетауға белгілі отбасы. Әрине, байлығымен. Қайын енесі кешегі кеңес зама­нында сауда саласында істе­ген. Төрт ұлы қазіргі күні кәсіп­керліктің көрігін қыздырып-ақ тұр. Кәдімгі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, итінің басына іркіт төгілген әулет. Біздің қыз үлде мен бүлдеге оранып шыға келмек, тек екі жас жарасып кетсе болғаны. Жаратқан иеден одан артық не тілерсің. 

Белгіленген күні барымызды киіп, байлауышымызды байлап бардық. Ептеп кеуде көтеріңкі. Тереземіз тең келіп жатпаса да құдамыз ғой. Шығар алдында жиен жеңгеміз қызының жасауын көрсеткен. Еркек кіндіктілер темекі тартып, жаяу әңгімені желдіріп тұрғанымен, көздерінің қиығы қыз жасауында. Жалғыз қыздан несін аясын, жанын салыпты. Жиһаз атаулының бәрі бір деңгейде ғой, жалғыз ерекшелігі текемет екен. Қошқармүйіз ою салған, жиектері қызғылтым түспен бояған, бұл күнде қала­лық­тардың көзінен таса болған текемет. Жиен жеңгем түсіндіріп айтып жатыр, әжесі марқұм осы бала өмірге келгенде, осыдан отыз жыл бұрын әдейілеп бастырып еді. Аманат еткен. 

– Аманатқа қиянат жасамайын деп апара жатырмын, – деп қояды қуаныштан өңі бал-бұл жанған жеңгем, – әйтпесе, қазіргі жастар текеметтің қадірін қайдан білсін?! Арабтың, парсының, бері қойғанда қытайдың жібек кілемдері текеметті төрден ығыс­тырып, босағаға шығарып тастады ғой. Әжесінің көзіндей көріп ұстаса екен қарағым. 

Тосырқап қалған ба, тойшыл қауым текеметке елең еткен жоқ. Сүт пісірім уақытта болашақ құдалардың босағасын аттадық. Амандық-саулықтан соң көлікке тиеп әкелген жүк түсірілді. Әйелдер жағы жаңа ғана үйден алып шыққан қыз жасауын көрсетіп, көрімдіктерін алып жатыр. Кезек текеметке келген. Отыз жылдан бері бүктетіліп жатқан соң бояуы өңіп кетпесе де, сәніне селкеу түскен екен. Өзі де ауылдан шықса да, те­кеметті тұңғыш көріп тұр­ған­дай таңданған бай құдағи жыл­тыраған әдемі туфлиінің ұшымен теуіп көріп, «бұл не?!» деп сұра­ды. Жиен жеңгем түсіндіріп жатыр. Әжесінің аманаты.  – Қораға апарып тастаңдар!–деді бай құдағи, – осы текеметке үйде орын жоқ шығар. 

Біздің көңіл су сепкендей басылды. Алаулаған әдемі сезім, аманат деген қастерлі ұғым текеметпен бірге қораның ішінде елеусіз қалып бара жатқандай...