• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Сәуір, 2019

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына 4 жылда 210 млрд теңге қаражат бөлінген

973 рет
көрсетілді

Бүгінгі үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жағдайы туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады.

Министрдің айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты:

- өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету;

- бар жұмыс орындарын қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады.

Бағдарлама іске асырылған 4 жылда республикалық бюджеттен 210 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражат:

- 13 мың ШОБ субъектілерін қаржыландыруға;

- орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға,

- 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік берген.

Ал төленген салық сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрайды екен. Бөлінген қаражаттың көп бөлігі кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталған.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, 53 млрд теңге немесе бөлінген қаражаттың 25%-і фабрикалар, зауыттар мен шағын және орта бизнестің өндірістік объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуге бағытталған.

Қаражаттың қалған бөлігі кредиттерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетуге жұмсалған.

Осы жылдар бойы бөлінген қаражаттың 100% игерілуі қамтамасыз етілген. Бағдарлама құралдарына сұраныс өте жоғары.

«Бұл ретте 2019 жылы қаржыландыруға бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ке артық қаражат көзделген. Бағдарлама іске асырылған 4 жылда 246,5 млрд теңге сомасына 13 231 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

2019 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша 715 жобаға қолдау көрсетілді, олар бойынша 11,5 млрд теңге сомасына субсидиялар мен кепілдіктер төленді.

Бағдарламаның іске асырылуының 4 жылында 135 млрд теңге сомасына 7 466 жоба субсидияланды, 56 млрд. теңге сомасына 4 148 жобаға кепілдік берілді» деді Р.Дәленов.

«Республика бойынша субсидияланған жобалардың жылдық орташа саны 466 жобаны құраған кезде, аталған көрсеткіштің  төменгі мәні Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар  облыстарында екенін атап өту қажет.

Республика бөлінісінде бір жылда кепілдік берілген жобалардың орташа саны 259 жобаны құраған кезде, кепілдік берілген жобалардың ең төмен саны Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында байқалды» деді Ұлттық экономика министрі.

Ортақ шаралардың нәтижесінде экономикада шағын және орта бизнестің маңызы артқан

2015 жылы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 24,9%-ды құраса, 2018 жылғы 9 айдың деректері бойынша - 28,9%.  Осылайша, 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлердің ел экономикасына қатысуы 4 пайыздық тармаққа өскен.