Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазан айындағы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырып, еліміздегі ірі компанияларды бұл бастамаға үн қосуға шақырған еді. Тұңғыш Президенттің бастамасын Шығыс Қазақстан жұртшылығы да қызу қолдап, бірқатар ұйымдардағы қызметкерлердің жалақысы көтерілген-ді. Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті де бұл істен сырт қалмай, 1 қаңтардан бастап профессорлық-оқытушы құрам мен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға өсірген-ді. Осы оқу орнында ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан оқытушылардың айтуынша, университетте соңғы 10 жыл көлемінде жалақы көтерілмеген екен. «Өзім осында 1999 жылдан бері еңбек етіп келемін. Жаңа жылдан бастап рейтингтерімізді сақтай отырып жалақымызға 30 пайыз қосылғанына оқу орнының барша қызметкерлері, еден жуушылар мен күзетшілерге дейін қуанып, алғыстарын айтып жатыр. Басшылыққа жаңадан келген ректорымыз Мұхтар Әділбекұлы оқу орнынан зейнеткерлікке шыққан аға буын - ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Оқытушылардың мерейтойларын да назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Мереке сайын сыйақы беріп, еңбегімізді елеп-ескеріп жатыр. Былтыр Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өттік», - дейді оқу орнының Қаржы және есеп кафедрасының доценті, экономика ғылымының кандидаты Қаншайым Шолпанбаева.