• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 11 Сәуір, 2019

Тұрғын үй мәселесінің түйінін шешетін заң жобасы мақұлданды

980 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­матулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста қала тұрғындарын көптен бері алаңдатып жүрген аса маңызды заң жобасы бірінші оқылымда қа­ралып, мақұлданды.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес алдымен «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюд­жет туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңына өзге­ріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Қазақстан Респуб­ли­касы заңының жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен то­лықтырулар жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің мү­шесі Серік Құсайынов баяндады. Депутаттар Сенат енгізген ұсыныстармен толық келісті.

Тұрғындарды көптен бері толғандырған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­на­малық актілеріне тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бірінші оқылымы бойынша негізгі баян­даманы Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Роман Скляр жасады.

Заң жобасында «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасы бойынша коммерциялық емес ұйымның жаңа формасы – «мен­шік иелері бірлестігін» құру және оның басқару органдарының қыз­метін реттеу мәселесі қарас­ты­рылған. Ұсынылған қағидат бойынша енді әр үйді басқарудың жеке тәсілі болмақ. Әрбір меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағым­дағы және жинақтаушы шоттарын ашады. Аталған шара пәтер ие­лері кооперативтері және бас­қарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұр­ғындарға басқару тәсілін таңдау құқығы беріледі, олар басқаруды жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы жүзеге асыра алады. Заң жобасында кондоминиум нысандарына күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетіктері енгізілген. Тұрғындардан тү­сетін қаражаттың мақсатты жұм­салуын бақылау арқылы күрделі жөндеуге мүмкіндік туады. Бұл жерде күрделі жөндеу жүргізуге қаражат жинақтау және жеңіл­де­тілген несие алу тетігі де қарас­ты­рылған. 

Баяндамада министр заң жобасының лифт шаруашылығы мәселелерін де қарастыратынына тоқталды. Бүгінде олардың басым бөлігі нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен, осы мәселені шешу үшін лифтілерді ауыстыру және жөндеу жұмыс­тарын қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады, деді ол.

Баяндамашыға алдымен сұрақ берген депутат М.Айсина көппәтерлі үйлерді кон­доминимум нысандары ре­тінде тіркеу өте көп уақыт алатынын, өзіне белгілі деректерге қарағанда қазір еліміздегі 78 мың көппәтерлі тұрғын үйлердің 27 пайызы ғана тіркелгенін айта келіп, осы жұмыстарды жылдамдату бойынша қандай шаралар жасайсыздар деп сұрады. Оған министр бұл жұмыстың тұрғындар есебінен емес, жер­гілікті атқару органдары арқылы жүргізілетінін, оларға тіркеу жұмыстары үшін бір жыл уақыт берілгенін, бұл уақыт жеткілікті екенін айтты. Депутат Серік Құ­сайынов күрделі жөндеу қорына қол­даныстағы заңмен әрбір пәтер иесі ай сайын 1 шаршы метр үшін АЕК-тің 0,02 пайыз көлемінде ақша аударып тұруы қарастырылған, бүгінде ол 52 теңге. Осы талаптың өзі дұрыс орындалмай келді. Заң жобасында ол өзгеріссіз қалдырылды ма деп сұрады. Оған министр көптеген тұрғындар үшін бұл мөлшер көптік еткендіктен, енді 1 шаршы метр үшін 12 теңгеден алу жөнінде норма енгізілді деп жауап берді. Осы кезде талқылауға Спикер араласып, күрделі жөндеуге арнайы жинамағандықтан, барлық ақша пәтер иелері кооперативінің есе­біне түсіп жатқанын, оны қайда, қалай жұмсау ПИК төрағасының еркінде екенін айта келіп, өзіне белгілі деректер туралы айтты. Мысалы, біздің астанада 2609 үйді біріктірген 488 ПИК бар. Әуелде бір ПИК-ке 2-3 үй ғана тіркелетін болса, қазір кей­біреулерінде 20-дан артық көп­пәтерлі үйлер бар. Солардың бә­рінің тұрғындары өздерінің не үшін төлеп жатқандарын, төлем­ақыларының қайда жұмсалып жатқанын біле бермейді. Ал бұл дегеніңіз қосыла келе өте үлкен көлемдегі қаражат. Мәселен, 2 бөлмелі пәтер иелері айына 3 мың теңгеден төлейді. Ақшасының қайда кететінін білмегендіктен, тұрғындар төлемақы төлеуге де құштар емес. Осының кесірінен қа­рыз­дар, түрлі таластар пайда бо­лады. Ал енді мына заң жобасында де­путаттардың ұсынысымен бір үй бір есепшот ашады және ондағы қаражат ашық түрде жұм­салатыны туралы норма ен­гізіліп отыр. Заң жобасы бізге келгенде осындай мәселелер үстірт қарастырылған болатын. Депутаттар оны жетілдіру жолында көп тер төкті деп қорытты өзінің сөзін Төраға.

Заң жобасы бойынша қо­сымша баяндаманы Эко­но­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сапар Ахметов жасады. Ол жұмыс тобының шеңберінде заң жобасына депутаттардың көптеген концептуалды түзетулер енгізге­нін жеткізді. Соның ішінде мен­шік иелерінің жиналысы ең жо­ғарғы мәртебеге ие болғаны, кондоминимум нысанының ортақ мүлкін басқару, тұрғын үйге қызмет көрсетуді реттеу, атқарушы органдарды сайлау және т.б. осы жиналыстың барысында шешілетіні айтылды. Сондай-ақ басқарушы органдар, оның ішінде басқарма мен төраға тұрғындарға есеп беруі үшін бір жылға сайлана­тыны енгізілген. Жалпы заң жо­басы15 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық ту­ралы кодексіне, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер ту­ралы» Кодекске (Салық ко­дексі), сон­дай-ақ «Тұрғын үй қаты­нас­тары туралы», «Заңды тұл­ға­лар­ды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есеп­тік тіркеу туралы», «Қазақ­стан Республикасындағы тұр­ғын үй құрылысы жинақ ақ­ша­сы туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы жергілікті мем­ле­кеттік басқару және өзін-өзі­ басқару туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңдарына және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынған.

Осындай ұзақ талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданды. Заң жобасы бойынша айтқан қорытынды сөзінде Мәжіліс Төрағасы Н.Нығмату­лин тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығын бас­қа­руды жетілдіру жөнінде Елбасы нақты тапсырмалар бер­ге­нін, сондықтан оның өте тия­­нақты әзірленгенін жеткіз­ді. Депутаттар оған 509 концеп­­туалды түзету енгізді. Осы­­ның бәрін біз Үкі­меттің ке­лі­­сіміне жолдап отыр­дық. Бұл заң жобасының сапасыз дайындалғанын көр­се­теді. Мұндайды басқа да ми­нистрліктер жіберіп отырады. Сондықтан Үкімет заң жобасын әзірлеуде тиянақты болуы керек. Енді мына заң жобасы екінші оқылымға айтылған ұсы­ныстар мен пікірлерді ескеріп, ыждағатты дайындалады деген үміттеміз, дей келіп, оны тү­сіндіру бойынша депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге ай­мақ­тарға сапарға шығатынын айт­ты.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң бірнеше депутат орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жолдады.