Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, еліміздегі 18 миллионнан астам тұрғынның 9,4 миллионы – нәзік жанды, 8,8 миллионы – ер адам. Яғни, айырмашылық – 600 мың адам. Алайда, оған тереңірек үңіліп қарасаңыз, шынайы жағдайдың тіпті басқаша екеніне көз жеткізуге болады.
Сондықтан да жігіт жетпегендіктен аруларымыз өзге жұрттың түтінін түтетуге мәжбүр деген жалған ақпараттар көп әйел алуды заңдастыруды көксейтіндердің айла-амалы, болмаса дәстүрлі отбасылардың шырқын бұзудың жолы екені көрініп қалды.
Сәйкессіздік синдромы
Осы мақаланы жазу барысында кезінде талай қазақ зиялысының өзге ұлттың қыздарымен отау құруға әуес болғаны еске түсе бергенін де жасырмаймыз. Оқығандардың біразы замана көшінен қалмау үшін де тілі өктем ұлттың қыздарын алуға мәжбүр болды. Ақиқатын айтқанда, бұйығы, сауатсыз, тым қарапайым қарагөздерді менсінбеді. Сол сәйкессіздік синдромы уақыт өте келе, тіпті ғасырға да толмаған аралықта қайта алдымыздан шығып отыр.
Қазір керісінше ұлтымызда оқыған, жоғары білімді, тіпті бір емес бірнеше тілді білетін қыздар көп. Енді, міне, олар қара базарда жүрген ауылдың қара баласын қайтсін?! Өзімен өресі деңгейлес азаматын іздесе, оған кімді жазғыруға болады?
Айтқандай, қазақтың оқыған азаматтары арасындағы өзге ұлттың қыздарына үйлену үрдісі 1930 жылдардан басталыпты. Жағдай ушығып бара жатқан соң ел ағалары 1944 жылы қазақ қыздары үшін Алматыдан Қыздар педагогикалық институтын ашып, жігіттеріміздің бетін бері бұрыпты. 1950 жылдардан бергі кезеңде қазақтың оқыған қыздарының саны күрт артты.
Ендігі қазақ қызының ХХI ғасырдағы талғамы – қазақ жігітіне сын. Өйткені Қазақ елі ТМД елдерінде ғана емес, Орталық Азияда қыздарының жоғары білім алуына көңіл бөлетін елдердің көшін бастап тұр. «Қазір 22 жас пен 64 жас аралығындағы қазақ әйелдерінің 100 пайызы – орта білімді, 79 пайызы – жоғары білімді. Ал жоғары білімді еркектердің үлес салмағы – 67,5 пайыз». Бұл – БҰҰ дерегі. Жоғары білімді 68 пайыз еркектің 22 пайызы ауылда тұрады. Ал оқыған, көзі ашық қазақ қыздары қолына дипломын алған соң қалада қалуға тырысады. Ал қалада қалған 32 пайыз жоғары білімді еркектер екінің бірінің уысына түсе бермейді. Сондықтан қыздарымыз үйсіздіктен және күйсіздіктен құтқаратын күш деп шетелдік жігіттерге көз салады.
Мәселен, 1940 жылдардың өзінде үкімет басында отырғандар орыстандыру саясатымен одақтас республикалар арасында аралас некеде тұрғандарды санамалап көрсе, бірінші орынға Латвия шықса, Қазақстан екінші орында болған. Тарих дөңгелегі ХХI ғасырдың басында жүрісінен жаңылып, сол деректі тағы да алға тосты. 1990 жылдардан бастап қазақ қыздарының таңдауы шетелдік азаматтарға ауып, 77 жыл бұрынғы жағдай қайталанып тұр. ТМД елдерінде қыз «экспорттаудан» біз Ресейден кейін екінші орындамыз. Мамандар да мұның себебін алға тартып, жатжұрттық болып кеткен қыздарымызды ақтап алумен әлек.
Әйелде аналық түйсік жоғары
Иә, сонымен, кейбір қыздарымыз бақытын неге басқадан іздейді?
Әнебір жылдары әлеуметтік желіде 90-жылдары күйеуі тұрмыс тауқыметіне шыдамай, баласымен шырылдатып тастап кетіп, кейін шетелдікпен тұрмыс құрып, бақытты болған Арухан деген қазақ қызы туралы жазған едім. Сол ескі жазбада мынадай жолдар болатын.
«...Жуырда мен 20 жыл бұрын жоғалтып алған құрбымды кездестірдім. Соңғы рет көргенде ол да өз тағдырымен алысып, жазмыштан жеңілгендей арпалысып жүрген-ді. Достығымызды бекемдеуге әрі-сәрі тіршілігіміз мұрша бермеді. Өмірдің бұралаң жолдары бізді адастырды.
Екеуміз қуана қауышқаннан кейін өзіміз білетін ортақ таныстарды түгендеуге көштік. Оның Арухан дейтін араларынан қыл өтпейтін, 90-жылдары еуропалық азаматқа тұрмысқа шығып кеткен досы бар-ды. Қысқасы, бұл диалог былай аяқталады.
– Арухан бақытты ма екен?
– Жолдасы екеуі өте тату тұратын көрінеді. Арухан оны керемет сыйлап, күтеді екен. Роберт те қалыспау үшін қолынан келген жақсылығын аямайтын көрінеді. Екеуі де мейірім мен сыйластыққа, қамқорлыққа зәру болып жүргенде бірін-бірі тапқан ғой. Арухан: «Бақытты екендігім соншалықты, күйеуімнің аяғын жуып, сол жуындысын ішіп қоюға әзірмін», деді.
– Мұндай сөз айтқан әйел шынында да бақытты шығар?!
– Еуропа әйелдері ерлерін сыйлаудан қалғаны қашан?! Аруханның күйеуін сыйлап, аялайтындығы, тіпті Роберттің достарының қызғанышын тудыратын көрінеді...
Самал әлі де Аруханның жұмақтағыдай өмірі жайлы баяндап отыр. Бірі естілсе, бірі естілмейді. Сонда қазақ қызының іздегені не? Әрине шетелдік еркек емес! Жұрттың бәрінің іздегені – мейірім мен махаббат. Сыйластықпен суарылған адами қамқорлық! Балаларының ертеңінің қамсыздығы. Әйтпесе, әйелде ұлттық инстинктен гөрі, аналық инстинкт жоғары. Психологтердің айтуынша, әйелдің ұрпағын қамтамасыз етіп, пана бола алатын адамды іздеуі табиғи рефлекс.
Халықаралық жеңгетайлар
Қазіргі таңда неке агенттіктері жеңгетайлықты халықаралық деңгейде жүргізіп отырғаны аян.
3-4 жыл бұрын Бейжіңдегі элиталық «Бойдақтар клубы» Астанаға некелесу мақсатында келе жатыр деген ақпарат әлеуметтік желілердің шабынан түртіп, кейбір қыздарымыз елеңдеп қалғаны есімізде. Қыздармен танысайық деген ұсыныс әу баста қытайлық бойдақтар тіркелген элиталы клубтан шыққанға ұқсайды. Сөйтіп жеңгетайлық басталып кеткен. Бұл неке агенттігі сол екі жылда-ақ елімізде ұлтаралық 100 жұпты некелестіріп, мұны да қомсынып: «Бұл аз, еңбегімізді ақтамайды» деп қытайлық азаматтармен некелестіру жобасынан үлкен үміт күтіп отырғанын жасырмағаны есте.
Осы тұста «халықаралық неке агенттіктерінің құдалық мәселесіне бел шешіп кірісуі қаншалықты заңды?» деген сұрақ туады. Себебі мұндай агенттіктер саны көбеймесе, кеміп отырған жоқ. Олардың міндеті күйеусізге күйеу тауып берумен ғана шектеледі. Жат жерге ұзатылып барған қыздардың кейінгі тағдыры Аллаға ғана аманат. Өйткені өмірін өзге ұлттың ұрпағын көбейтуге арнағандардың талайының бақытты болудың орнына, өгейлік көріп, туған еліне, үйренген әдет-ғұрпына жете алмай, зар еңіреп, қасірет шегіп қалғанының мысалы аз ба?!
Мәселен, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді. Ал арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап барып, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ доллары ретінде салық төлеу қажет. Ал бізде ше? Бізде көлденең көк аттылар қыздарымыздың көрпесіне кіріп кете береді. Отандастарымыздың 50 пайызы Ресей азаматтарымен некелеседi екен. Одан кейiнгi орында өзбек және қырғыз жігіттері тұр. Соңғы жылдары олардың қатары түрiк, қытай, арабтан шыққан су жаңа «күйеу балалармен» көбейді. Қазір нәсiлi бөлек келiндерден гөрі, күйеу балалардың саны әлдеқайда көп. Африка құрлығы мен Үндiстаннан келген қара нәсiлдi күйеу жiгiттер де баршылық. Бұл үрдіс барлық елде жүріп жатыр.
Ресей кезінде қыздарының қытай жiгiттерiне тұрмысқа жиi шығып жатқаны туралы дабыл қақты. Ғалымдары мен саясаткерлерi мұның қауiптi екенiн айтып, сақ болудың қажеттігін ескертіп келеді. Өйткенi Қытайдағы «бiр бала» саясаты бойынша көптеген отбасылар дүниеге қыз баладан гөрi, ұл бала әкелудi жөн көредi. Соның нәтижесінде ұлдардың саны күрт өскенін көріп отырмыз.
Осы тұста «шетелдіктердің назары неге өзбек, түрікмен, тәжік қыздары емес, қазақ қызына ауа береді» деген сауал көлдеңдейді. Неге көрші елдерде бұл тақырып біздегідей өзекті емес? Өзбек халқы тал бесіктен берілетін тәрбие арқылы есікті тарс жауып қойса, түрікмен ағайындар қыздарының бағасын көтеріп, ұлтына күйеу болғысы келетіндердің бетін бұрып жіберді. Көршілерімізде халықаралық некемен айналысатын агенттіктер қызметі қажет болмағандықтан, жоғарыдағыдай «Бойдақтар клубы» сияқты агенттіктер де еркінси қоймайды.
Мемлекетаралық құдалық
Есесіне елімізде мемлекетаралық құдалық саясаты, қалыңмал тақырыбы әлеуметтік желілерден Парламент төріне дейін талқыланып, бүкілхалықтық сипат алған кезі де болды. Кезінде Сенат депутаты Жабал Ерғалиев «Қыздарды шетелге оқуға жiберуге тыйым салу керек» дегенде, артынша Мәжіліс депутаты Светлана Жалмағамбетова «Қазақ қыздарының шетелдіктерге шығу-шықпауы өз еркі. Елімізде – демократия. Әрине басқа елдерде тәжірибе бар. Мәселен, Тәжікстан мен Өзбекстанда қыздары басқа елдердің азаматтарына тұрмысқа шықса, онда олардан қосымша қаржы талап етіледі. Біз қаржы талап ететін кедей мемлекет емеспіз ғой. Ал басқа дамыған елдерде ондай шектеу жоқ» деп кесіп айтты. Сенатор мен мәжілісменнен кейін бұл тақырыпқа қайта оралған халық қалаулылары жайлы естіген де, көрген де жоқпыз.
Қытай Халық Республикасы, керісінше, бейресми түрде шетелден әйел алған қытай азаматтарына «қалыңмал» төлеп, сол азаматтың сол жат елде үйленіп, жер иеленіп, бала-шағалы болып, сосын туыс-туғандарын шақырып алуына көмек береді деген сөз бар. Тіпті, Еуропада, Орталық Азияда, Африкада үйленіп, азаматтық алуға Қытай үкіметі тарапынан әртүрлі қаржылай көмек берілген. Соның ішінде ең жоғары көмек Еуропа, Америка, Аустралия құрлығына берілсе, ең төменгі қаржылық көмек Орталық Азияға беріледі екен. Қаржылық көмек екі түрде беріледі: бірі – тікелей ақшалай көмек, екіншісі – өсімсіз несие негізінде. Осылайша, «қалыңмал» беріп қолдап, қолпаштауының нәтижесінде қытай азаматтары шетелдік қыздармен үйленіп, сол елде азаматтық алып, тез көтеріліп жатыр. Қазір көршілеріміз иегінің астындағы Орталық Азияны қойып, алыстағы Африка елдерінен қыз алып, азаматтық алып отыр. Африканың қара маржандай кербез сұлулары бойы бір метрден аспайтын қытайлықтармен отбасын құрып, қытайлардың үлес салмағын көбейтіп, генотипін өзгертуге көшті. 1990-2012 жылдар аралығында дүниеге келген қытай азаматтарының 32 пайызы – аралас некеден туғандар. Бұл – Қытайда. Ал елімізде жыл сайын 100 мыңға жуық неке қиылады. Соның ішінде 20 пайызы – аралас неке. Қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне назар аударсақ, 18-20 жас аралығындағы қазақстандық қыздардың үштен бірі (оның 50 пайызы – қазақ қыздары) шетелдіктерге тұрмысқа шығуға әуес.
АЛМАТЫ