• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Сәуір, 2019

Бақдәулет Құралбекұлы семсерлесуден ересектер арасындағы ел Спартакиадасын жеңіп алды

802 рет
көрсетілді

Алматыда семсерлесуден Қазақстан Спартакиадасының алғашқы жарыс күні аяқталды. Ерлер арасындағы сабляшылар бәсекесінде жақында ғана жасөспірімдер қатарынан ауысқан Бақдәулет Құралбекұлы жеңімпаз атанды деп хабарлайды Olympic.kz.

Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жас спортшы жеңісті қолдан бергісі келмегенін айтты.  

«Жақында ғана жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан оралдық. Сол сыннан кейін дереу жиналып, тағы да бәсекеге түсу оңай болған жоқ. Десе де, бапкерлерім алдыма үлкен мақсат қойып, қолдау көрсете білді. Менің жеңіске деген жігерімді жаныған да сол кісілер. Ел Спартакиадасының жартылай финалында ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшысы Саттархан Назарбайды жеңдім. Финалда жолыққан Мокрецов та өте тәжірибелі, Олимпиада ойындарына қатысқан ноян. Шыны керек, бас құрамаға тезірек қабылдансам деген арман мені алға жетеледі. Бірақ кездесу кезінде қарсыластарымды таза тактикалық тұрғыдан ұтқанымды ескеру керек. Темірді қызған кезінде соғып, қолда бар мүмкіндік пайдаланғым келді», - дейді Бақдәулет Құралбекұлы. 

Қазақстанда топ жарған Бақдәулет енді халықаралық сындарда биіктен көрінгісі келеді. 

«Мен өз міндетімді атқардым. Ұлттық құрамаға қабылдағаннан кейінгі мақсат - әлем, Азия чемпионаты сынды ірі додаларда жақсы нәтиже көрсету. Мен осыған ұмтыламын», - дейді спортшы.

Еске сала кетейік, Бақдәулет Польшада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 8-ші орыннан көрінді.