• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2019

Смағұл Елубай: Ел ертеңіне елеңдеген әрбір азамат сайлауға баруы керек

1339 рет
көрсетілді

Қалың көпшілік, жалпы Қазақстан халқы сайлау қашан болады деп елеңдеп жүрген еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізу туралы үндеуі елдің ішін күбірлеткен көптеген сұраққа нүкте қойды. Өз басым сайлаудың ерте өткені дұрыс деп білемін. Оның себебі, қанша айтқанменен халық болып сайлаған мемлекет басшысының беделі, оның өзіне деген сенімі берік болады. Екінші жағынан өзі сайлаған басшының соңына халық ереді, қолдайды. Сөйтіп екі жақтың бір-біріне деген үйлесімі, ынтымағы бекиді. Бұл сөзсіз Президент сайлауы тәрізді ұлыстың ұлы шарасының қаншалықты маңызға ие екенін көрсетеді.

Ел тұтқасын ұстайтын  мемлекет басшысын сайлау адамның да, қоғамның да өміріндегі ең бір жауапты сәт, жауапты қадам деп білем. Өйткені ел сайлаған Президент сол елдің атынан, тұтас бір ұлттың атынан  шешім қабылдайды. Ал ол шешімнің әсері бүкіл мемлекетке болады. Он сегіз миллион Қазақстан халқы кімді сайласа, сол сайланған басшының шешімі он сегіз миллион халықтың тағдырына әсер етеді. Мінеки, сондықтан да барлық азамат барынша сайлауға қатысуы керек. Сөйтіп ертең күңкілдемес үшін, өкпелемес үшін өзің шешім қабылдауың қажет. Кімді сайлайсың, кімге бала-шағаңның тағдырын, еліңнің тағдырын сеніп тапсырасың? Міне, нағыз жауапты сәт сол. Сол күні Қазақстан халқы, оның сайлауға қабілетті азаматтары тарихи шешім қабылдайтын күн.

Асыл дінімізде мемлекет басқарған адамның, тіпті шағын ұжымды басқарған жанның сұрауы ана дүниеде  ерекше болатыны айтылады.  Бұл нені көрсетеді. Атам заманнан адамның тағдырымен ойнауға болмайтынын көрсетеді. Яғни сен бес адамды басқарсаң да, бес миллион адамды басқарсаң да сенің әрбір шешіміңе адамның тағдыры байланып тұр, сен адамның тағдырын шешесің деген жауапкершілік, аманат тұр. Ең бірінші сайлаушы қателеспеуі керек. Өйткені сен сайлаған үміткер ертең өз қолымен тарихты жасайтын тұлға. Тіптен бұл тұрғыда бес-алты адамды басқарып отырған отағасын мысалға алсақ болады. Отағасы қателесіп шешім қабылдаса оның зардабын бүкіл отбасы көреді. Жемісін де бүкіл отбасы жейді. Ал ел басқарған адам қателессе не болады. Құдай ондайдан сақтасын. Ел басқарған адам қателікке бармас үшін, халық мүмкіндігінше кәсіби тұлғаны, тәжірибелі тұлғаны таңдауы керек. Біздің қателігіміз ұлт басқарған адамның қателігіне ұласып кетпеу үшін 9- маусым күні ең алдымен өзіміз қателеспеуіміз керек.

Дайындаған Арман Октябрь