• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2019

Үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысының халқымен кездесті

872 рет
көрсетілді

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысында жұмысты жалғастырды деп хабарлайды primeminister.kz

Еске сала кетейік, жұмыс тобына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е. Жылқыбаев, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов кірді. Бүгін жұмыс тобына Nur Otan партиясының хатшысы Т. Дүйсенова қосылды.

Күн «Қазфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауытының базасында өткен қаланың, аудандардың әкімдерімен, ірі кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кездесуден басталды. Өз сөзінде Г. Әбдіқалықова бүгінде елімізде кәсіпкерлер жоғары әлеуметтік жауапкершілік таныта отырып, көп балалы әрі аз қамтылған отбасыларға белсенді түрде көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Жамбыл облысында 14 кәсіпорында 272 көп балалы қызметкер жұмыс істейді, олардың 217-нің баспанасы жоқ. Мәселен, «Жамбыл электр желілері» ЖШС-де 60 көп балалы жұмысшының 49-нда баспана жоқ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары бизнесмендерді өздерінің мұқтаж жұмысшыларына тек баспана мәселесін шешіп, материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, олар үшін икемді жұмыс режимін қарастыруға шақырды.

Бұдан әрі Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен жұмыс тобының мүшелері облыс халқымен кездесу өткізді. Аудитория көп балалы аналардан, аз қамтылған отбасылардан, еңбек ардагерлерінен, мүмкіндіктері шектеулі жандардан, мұғалімдер, дәрігерлер мен жұртшылық өкілдерінен құралды. Отырысты ашқан Г. Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары жаңа әлеуметтік саясат аясында іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті, оның басты мақсаты — әрбір адамның әл-ауқатын арттыру. Делегация мүшелері сөз сөйлеп болғаннан кейін, облыс тұрғындары өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, оларға нақты жауаптарын алды.

Жұмыс сапарының келесі нысаны Тараз қаласындағы №5 қалалық емхана болды, онда Жамбыл облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (АМСК) мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 30 аурухана мен 148 амбулаторлық-емханалық ұйым медициналық көмек көрсетеді. Жалпы дәрігерлер құрамындағы АМСК дәрігерлерінің үлесі 60,4% құрайды. МЖӘ 31 жобасы іске асырылуда. Облыста республикалық бюджет есебінен Тараз қаласында 200 орынға арналған облыстық онкологиялық диспансер салынып жатыр. Вице-Премьер кеңес қатысушыларының назарын алғашқы медициналық-санитарлық көмек инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына аударды.

Күннің екінші жартысында Г. Әбдіқалықова Жоғары политехникалық колледждің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысып, онда студент жастармен кездесу өткізді. Ашық интерактивті әңгіме өрбіді. Жастар мемлекеттік жастар саясатын қолдайтындарын жеткізіп, адам капиталын дамытудың негізі ретінде білімнің басымдығынан бастап, әлеуметтік-еңбек саясатының жекелеген аспектілеріне дейін өзекті мәселелерді қозғады. Жамбыл ауданынан М. Рахымжанов бірқатар сындарлы тәсілдерді ұсына отырып, әріптестерінің назарын жастарды жұмыспен қамту мәселесіне аударды.

Өңірге жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар берді.