• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 16 Сәуір, 2019

Гаухар Ахметова: Бәсекеге қабілеттілікке бағытталған қадам

1198 рет
көрсетілді

– Гаухар Ғалымқызы, сіз жетек­ші­лік ететін оқу орнына болашаққа жа­ңаша көзқарас қалыптастыратын ха­лықаралық бағдарламалар қандай се­р­пін беруде?

– Бүгінде білім беру үрдісінің трендтері таңғаларлық. Бірінші кезекте бұл жоғары білім берудің бір­ың­ғай бәсекеге қабілетті кеңістігін құ­ру­ға бағытталған. Яғни, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқыр­лы­ғы қажет. Жоғары білім беру мен ғылыми тәжірибенің өзара ықпалдасуы аса маңызды. Біздің оқу орнында 2017-2019 оқу жылында сыртқы академиялық ұтқырлық аясында университеттің 74 студенті Германия, Польша, Чехия, Латвия және Ресейдің шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды. Ішкі академиялық ұтқырлық бойынша 53 студент білім алса, 24 оқытушы еуропалық университеттерде дәріс оқыды. Бұл үрдіске Эразмус+, МАШАВ, Global UGRAD, Deula Nienburg, IASTEA және т.б. халықаралық бағдарламалар қосымша серпін береді. 

– Әлемдік білім кеңістігіне қосылу арқылы оқу орны қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыра ала ма?

– Біз студенттердің қос диплом алуы үшін Швеция, Үндістан, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Болгария, Хорватиядан үздік шетелдік ғалымдарды іздейміз. Әлемдік білім кеңістігіне кіру жолындағы біздің ЖОО-ның үлкен жетістігі – қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру болмақ. 

– Стартаптарды оқыту бағдар­ла­ма­сына енгізу қалай жүзеге асырылуда? 

– Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы шеңберінде үш жыл бұрын Халықаралық стартап академиясы ашылды. Стартап академиясы бизнес орта қалыптастыра отырып, резиденттерге кәсіпкерлікті жүргізу мен тәжірибелік дағдыларын молайтуға мүмкіндік береді. 

– Университет өзінің ғылыми-техни­калық салалық бағытына сай қан­дай стартап жобаларды ашуға мүм­кіндік берді?

– Мысалы, «Кең тараған бензиндік мо­тоцикл негізінде жасалған электробайк» қозғалыс барысында бензин баға­сын 10 есеге арзандатуға мүмкіндік бере­ді. Ал «Atmos Water» жобасы – суды меха­ника­лық, ерімейтін бөлшектерден, хлор қос­палары, ауыр металдардан тазарту құралы. Екіншісі, университет ғалымдары болашақта сумен жұмыс істейтін двигатель жасауға көмектесетін «Сутегі генераторын» құрастырды. Үшіншісі, жаяу жүргіншілер плиталарын пайдалану жүйесі, бұл жаяу жүргіншілердің кинетикалық энергиясын жинақтап, пайдалану үшін электр энергиясын түрлендіруге мүмкіндік береді. Төртінші, пластикалық тұрмыс­тық қалдықтар және техногендік қал­дық­тар негізінде құрылыс материалдарын күл түрінде (кеспе тастар, бордюрлер, черепицалар және т.б.) өндіру. Бесінші, SOLAR LIGHT жобасының мақсаты – күн бата­реялары негізіндегі автономды жарық­шам­дарды коммерцияландыру және жоба құру.

– Университет аумағында орна­тыл­ған автономды жарықшамдар осы жоба­лардың нәтижесі ме?

– Иә, күн батареялары негізіндегі жарық­шам­­дар аккумуляторда жинақталған қуат ар­қылы түнде де жарықтандыруға мүмкін­дік береді. Арзан жарық көзін қажет ететін шар­уа қо­жа­лықтары, шағын фермалар үшін аса тиімді. 

– Айтпақшы, ART-GARAGE-ко­вор­­­кинг орталығы қашан ашылады?

– Жақын арада ашуды жоспарлап отырмыз. Негізі ART-GARAGE форматы Кали­форниядағы классикалық гараждарға жата­ды. Бұл жерде кезінде «Apple», «Google» сияқты ірі компаниялар пайда болды. Сол іспетті бізде де IT-технологиялар саласын­дағы «TKR-Toraighyrov University» фирмасы, сонымен қатар art-галерея орналасады. Онда студенттермен қатар, жасөспірімдерге, қала тұрғындарына шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бар. Оқу орны­ның Назарбаев зияткерлік мектебі мен облыстық «Да­рынды балаларға арнал­ған лицей-интер­нат­тың 10-сынып оқушыларымен бірлескен жо­балары да бар. Бұл ретте «Flappy Brow» ми­­микамен басқарылатын ойыны және «Sau-sulu» бие сүті негізіндегі күтім космети­касы деп ата­латын жобаларды айтуға болады. 

Жалпы, барлық студент жастарды нақты мақсаттарға қол жеткізу үшін ұтымды, табысты өмір сүре білуге шақы­ра­мыз. Жоғары білім берудің бірыңғай бәсекеге қабілетті кеңістігін құрудың мәні де осында. 

– Әңгімеңізге рахмет.