• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Сәуір, 2019

Қаңтар-наурызда өнеркәсіп өндірісі 3,2%-ға өсті - Р.Дәленов

890 рет
көрсетілді

2019 жылдың бірінші тоқсанында экономиканың өсуі жалғасып, жекелеген өңдеу секторлары екі таңбалы өсуге шығып, инвестициялар мен құрылыс айтарлықтай өскен. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Қаңтар-наурыз айларында ІЖӨ өсуі 3,8%-ға дейін нығайған. Естеріңізге салар болсақ, қаңтар-ақпанда ол 3,5%-ді құраған еді. Өсудің үдеуі өңдеу өнеркәсібінің өсуінен, сондай-ақ құрылыс және инвестициялардағы өсудің үдеуі нәтижесінде болды. Инфляция деңгейі жоспар бойынша жүріп жатыр. Жыл басынан бері 1,3%, ал жылдық мәнде 4,8%-ді  құраған.

«Инвестициялардың серпіні шамамен екі еселенді. Екі айдың қарқыны 4,2%  болды, ал енді тоқсан қорытындысы бойынша 7,0% дейін өсіп отыр. Өсу негізінен инвестициялық тауарларды сатып алумен байланысты» деді Р.Дәленов.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық резервтер 86 млрд АҚШ долларын құраған. Биылғы қаңтар-наурызда өнеркәсіп өндірісі 3,2%-ға өсті. Қаңтар-ақпанда өсу 2,7% болды. Сонымен қатар кен өндіру өнеркәсібінде серпін бәсеңдеді. Екі айдағы 6,3% қарағанда соңғы айдағы өсу 4,8%-ды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің көптеген саласында екі таңбалы өсу байқалды. Бұл – жеңіл өнеркәсіп, сусын және пластмасса өндіру, құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ машина, оның ішінде автокөлік жасау.