Кеше облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов Тарбағатай ауданының жаңа әкімін аудан активіне таныстырды. Бұл қызметке бұған дейін Үржар ауданы әкімінің орынбасары болған Серікқазы Құсайынұлы Сәдуақасов тағайындалды. «Тарбағатай ауданының жаңа әкімі Серікқазы Құсайынұлы Сәдуақасов 2014 жылдан бастап Үржар ауданы әкімінің орынбасары лауазымын иеленді. Осы уақыт аралығында атқарған қызметіне баға бере келе, жоғары кәсіби шеберлігін атап өткім келеді» деп жазды аймақ басшысы өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Серікқазы Құсайынұлы Сәдуақасов 1961 жылы 26 мамырда бұрынғы Семей облысы Үржар ауданы Үржар ауылында дүниеге келген. Қазақ. Білімі жоғары. 1983 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын ветеринария мамандығы бойынша тәмәмдаған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тың игерудің 50 жылдығы» мерекелік медалдарымен марапатталған.
Серікқазы Құсайынұлы еңбек жолын 1984 жылы Үржар ауданының «Красные Горные Орлы» ұжымдық шаруашылығының Тесіпаққан ветеринариялық учаскесінің меңгерушісі болып бастады. 1986 жылы Үржар ауданының «Красные Горные Орлы» ұжымдық шаруашылығының бас мал дәрігері, 1992-1994 ж. Үржар ауданының ауыл шаруашылық басқармасының бас мал дәрігері, 1994-1996 ж. Үржар ауданының «Жанай» атындағы қосалқы шаруашылықтың басшысы, Үржар ауданының «Красный дозор» ұжымдық шаруашылығы төрағасы, 1996-1997 ж. Үржар ауданының «Жаңа - тілек» ЖШС-нің бастығы,1997-1999 ж. Үржар аудандық ветеринариялық станциясының бас мал дәрігері, 1999-2001 ж. Үржар аудандық аумақтық басқармасы бастығының міндетін атқарушы, 2001-2011 ж. Үржар аудандық аумақтық басқармасының бастығы, ҚР АШМ Үржар аудандық аумақтық инспекциясының бастығы, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Үржар аудандық аумақтық инспекциясының бастығы, 2012- 2014 ж. ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Үржар аудандық аумақтық инспекциясының бастығы, 2014-2019 ж. Үржар ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Шығыс Қазақстан облысы