2018 жылмен 2016 жыл көрсеткіштерін салыстырғанда соттардың жүктемесі 2,5 есеге ұлғайды. Бір судья күніне 4-6 іс, сонымен бірге сот орындаушылардың 60-70 өтінішхатын қарауы керек. Үлкен қалаларда бұл жүктеме әлдеқайда жоғары. Мұндай жағдайда судья күрделі істің мән-жайын түсініп үлгермейді. Осы өзгерістерге байланысты соттардың ағымдағы жүктеме мөлшері едәуір төмендетілуге тиіс деп күтілуде.
Нақты азаматтық істерге келетін болсақ, Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты, соттардың қарауында болған 9 даусыз санаттағы талаптар қазір атқарушылық жазбаны жасау үшін нотариустардың құзырына өтті. Бұл, мөлшері екі жүз мыңдай арыз.
Нақты айтсақ, нотариалды куәландырылған мәміле, еңбекақыны өндіріп алу, лизинг нысанын талап ету, ломбардтағы кепіл затты өндіру, коммуналды төлемдер мен пәтер иелері кооперативі төлемдері бойынша қарызы мен жалға алу төлемдерін өндіріп алу сынды бірқатар істі нотариус арқылы шешуге болады.
Тағы бір мәселе, егер бұрын сот бұйрығын шығару үшін жеке тұлғалар талап арыз құнынан 0,5% мөлшерінде мемлекеттік бажды төлесе, енді Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» Заңының 22-1-бабына сәйкес – 0,2% мөлшерінде төлейтін болады. Заңды тұлғалар үшін мемлекеттік баж мөлшері – 1%-ға дейін төмендейді, бұрын 1,5% болған.
Биылғы жылдың сәуір айының 24-нен бастап сот орындаушылардың қаулыларына санкция беру түрлерінің басым көпшілігі соттардан прокурорларға тапсырылады. Соттарда санкция беру түрлерінің тек қана екеуі қалады. Ол – борышкерлердің шекарадан шығуына тыйым салу және мәжбүрлі түрде алып келу істері.
Ал борышкер мүлігіне тыйым салу санкциясы алынып тасталады. Банк есеп шоттарын санкциялау мен банктік құпияны құрайтын ақпаратты талап ету де прокуратураға беріледі. Материалдарды қарастыру мерзімі 1 күннен 3 жұмыс күніне дейін ұлғайды. Республика соттарында санкция беру материалдары 3 миллионнан 300 мыңға дейін қысқартылады деп күтілуде.
Бақытбек БЕГАЛИЕВ,
Павлодар облыстық соты
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты