• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 17 Сәуір, 2019

Туризмді дамыту – тарихымызды насихаттау

2524 рет
көрсетілді

Алматыда Орталық Азиядағы көрнекті көрмелердің бірі, туризм индустриясының жаңалықтары мен даму үдерісін паш ететін «Туризм және саяхат» халықаралық ХІХ KITF дәстүрлі көрмесі басталды.

Әлемнің жиырмадан астам елінен үш жүзден аса компаниялар ат басын тіреген көрме алаңы халықаралық туризм жетістіктерінің жаңалықтарын жариялап, алғашқы әріптестік келісімдерге қол қойылды деуге негіз бар.  

Бүгінде KITF ішкі туризм рейтингінде медициналық және іскерлік туризмнен көш ілгері тұр. «Мың бояулы Алматы» өз қонақтарын биыл ерекше келбетте қарсы алып отыр. Маркетингтік зерттеулер нәтижесіне сәйкес осы 19 жылда ұйымдастырушылар 350-ден аса келісім-шарттарға қол жеткізсе, биылғы жылғы көрме аясында мыңнан астам келісімдер жасалады деген болжам бар.  

Алматы қаласы Туризм басқармасының жетекшісі Мақсат Қиқымов өткен жылдың қорытындысы бойынша туристер саны бір миллионнан асып, салыстырмалы кезеңмен алғанда 12 пайызға артқандығын жеткізді. Бұл көрсеткіштің төрт жүз мыңға жуығын шетелдік туристер құрайды. Бүгінде туризм көрсеткіштері медициналық, спорттық, оқиғалық, мәдени-танымдық, іскерлік, тау туризмі, т.б. түрлерінің дамуына тәуелді.

Елімізге келетін шетелдік туристердің басым көпшілігін көшпенділер тарихы мен мың жылдық тарихы бар Алматы қаласының қалыптасуы қызықтырады.  Осы мақсатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Боралдай сақ қорғандары» сақ мәдениет орталығының, «Сақ қорғаны» және «Райымбек батыр» мұражайларының, «Қазақфильм» аумағында «Ethnoland» этно-мәдени кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Болжам бойынша, «Ethnoland» және Боралдай сақ қорғандарын орта есеппен жылына миллионнан астам турист қызықтайтын болады. Сонымен қатар маңызды салалардың бірі балалар туризмін дамытуға байланысты әзірленген  оқыту бағдарламасына орай қала мектептерінде сәуір айының екінші жартысынан бастап әр түрлі тақырыптарда мектеп сағаттары өтеді деп жоспарланған.

Алматының туризм басшысының айтуынша, өткен жылы  Австрияның «Master Concept» компаниясымен бірлесіп Алматы агломерациясының тау кластерін дамыту жоспары әзірленген.  2025 жылға дейін Алатау баурайында кластерлік тау шыңғысы туризмін дамыту жоспарланып отыр. Шығыс –Түрген таулары, Орталық – Алматы қаласы және Батыс – Қаскелең таулары сияқты үш кластер бойынша жасалатын шаңғы жолының ұзындығы 456 шақырымды құрайды әрі оның бойында ондаған демалыс орындары бой түземек.  Ал «Ой қарағай», «Алма тау» тау шыңғысы курорттарына дейін тұрақты маршруттар жүргізіледі. Сонымен қатар туристерге арналған ақпараттық орталықтардың жұмысы да тұрақты жетілдіріліп отырады.

КIFT жетекшісі Виктория Павленконың айтуынша, KITF  көрмесінде еліміздің 16 аймағының басын біріктіретін Ұлттық қазақстандық топ Қазақстан туралы ерекше портфолио ұсынатын болады.  Әзірбайжан, Түркия, Мысыр, Үндістан, Грекия, Грузия, Қытай, Индонезия, Индия, АҚШ, Израиль, т.б. елдерден келген мамандар жаңа технологиялар мен цифрландыру, медициналық және санаториялық-курорттық туризм бойынша форумдарда салаға қатысты үздік тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Қазақстандықтар үшін халықаралық көрмелер несімен тартымды? Осы сұрақтың жауабына қатысты мәліметтерден хабардар еткен Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова көрме – адамдардың қарым-қатынас алаңы деп атап өтті. KITF аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді.  Рашида Шайкенованың айтуынша, бүгінде көрме ауқымын арттырудың заманауи маркетингтік және технологиялық мүмкіндіктері жеткілікті. Туризм саласының өкілдері үшін көрме алаңдарында өздеріне сенімді әріптестер табу аса маңызды. Биылғы жылы KITF көрмесіне сонау Алтай өңірінен де делегаттар келді. Ал мұндай әріптестіктің іргетасы Петропавлда жасалған келісімдер негізінде қаланған-ды.

Қазақстан 2001 жылдан бергі аралықта ірі халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы болып келеді. Осы уақытта көптеген тәжірибе жинақтаған отандық туризм мамандары ендігі кезекте өз өнімдерін қандай елдердің көрмесіне ұсынамыз дегенге назар аударып отыр.

Бүгінде  елімізде іскерлік туризмнен гөрі экотуризмге  Венгрия, Польша, Австралия және т.б. елдерден келген туристердің қызығушылығы арта түскендігіне қатысты мәліметтермен бөліскен Рашида Шайкенова туристерді көптеп тарту қызмет сапасымен байланысты деп атап өтті. Кімде-кім жүйелі, тұрақты, сапалы жұмыс істесе, сол бизнестің өміршең болатыны анық. Ал сапа бәсекелестік ортада ғана нығая түседі. Бүгінде елімізге алпыстан астам мемлекеттің азаматтары визасыз саяхаттай алады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің аясы кеңея беретіні анық. Туризм саласын дамытуда стратегиялық мәселелерді жоспарлап, заңнамалық жүйені реттеудің маңызы зор. Ал отандық туризмнің дамуы экономикалық өсіммен қатар, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына ықпал ететіні анық.